Сейсенбі, 24 желтоқсан, 03:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Атанған Сырдың Абайы

18.10.2022

840 0

ХХ ғасырдағы жыраулық дәстүрдің діңгегі – Тұрмағамбет Ізтілеуов. Ол тумы­сынан өнерге адал қызмет етті. Талай туымды туындылары әлі күнге ел жадында жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оның ұлт руханиятына қосқан үлесінің бірі – «Шахнама» дастанын ана тілімізде сөйлетуі. Бүгінде өзі туып өскен ауыл ақын атымен аталады. Тұрмағамбет жастайынан ауыл молдасынан сауат ашып, кейін көрнекті ғалым Садриддин Айнимен бірге Бұхара қаласындағы «Көкілташ» медресесінде білімін жетілдіреді. Сонда оқи жүріп араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, шығыстың бай әдебиетімен сусындайды.

Туған ауылына оралысымен жастарға білім беруді мақсат етіп, мектеп ашады. Ұстаздықпен бірге ақындықты мұрат тұтқан шайыр қаламынан туған өлең, жыр, дастандар аз емес. Оның елді бір­лікке, жастарды еңбекке үндеген шы­ғармаларының бірі – «Адамдық іс» деп аталады. Сол шығармасында былай деп жазады:

– Күн шықса нұр қашады айдындағы,

Жарлы артық қайыры жоқ байдандағы.

Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,

Бұл сөзді таптың деме, қайдан тағы,

Алда аға, артта іні жетіп тұрса,

Жігітке ол бір құрал саймандағы.

Деген бар төртеу түгел төрге шығар,

Төрің сол бақыт құстың айналғаны.

Алтау боп аузың ала бола қалсаң,

Дұшпанға құл боп анық байланбағы.

Кейбіреу сәл бақытқа мастанады,

Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.

Адамдық ісіңді жұрт аңсап тұрсын,

Не керек қарныңның құр майланғаны.

Ақынның білімдарлығы, көрегендігі мен таланты, мәрттігі оның әрбір шығар­масында анық аңғарылып тұрады. Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіптің екі мың жолдан асатын көлемді жазба айтысына нүкте қойып, екі дүлдүлді татуластырушы да осы Тұрмағамбет ақын. Екі ақын 1908–1915 жылға дейін айтысып келген. Сонда Тұрмағамбеттің әділдік жолмен айтқан мынадай жыры бар еді.

– Жөнделмес ерлер жұмысың,

Кең ойлылармен кеңеспей.

Кеңескен сепкен күрмегің,

Болмайды жеміс жеместей.

Аз өмірдің ішінде,

Білмесіңді бір-бірің,

Жүріңдер бектер елеспей, – деп татулыққа үндейді.

Ол жазба айтысқа да белсене қатыс­қан. Мәселен, «Тұрмағамбет пен Әбдікәрім», «Шәді төре мен Тұрмағамбет»  немесе «Тұрмағамбет пен Жүрсін қыз», «Тұрмағамбет пен Ермұраттың айтыс­қаны», «Алты ақынның өмір туралы айтысы» және «Көкқұтан мен шымшық» атты мысал айтыстарының жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Алты ақынның (Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Шахар, Кете Жүсіп, Керейт Шәді, Сары­қасқа Молдағали) ішінен айтысты мы­нандай тәрбиелік мәні зор шумақпен Тұрмағамбет ақын бастайды.

– Келтірмес өлімді, ойға, нәпсіге ерсең,

Нәпсіге ер емессің ерік берсең.

Тастайды ара шөлге адастырып,

Алдыңа «Әуес» атты қойып көрсең.

Қазіргі жастарға да айтылатын нәпсіге берілмеу, әуес болмау, жеңіл жүрістен аулақ болу адамгершілігі биік парасатты азамат болу парызың деп жар салып тұрғандай сезіледі.

Тұрмағамбет Ізтілеуов өмірдегі кейбір көріністерді мысал өлеңдер арқылы суреттейді. Тәжік әдебиетінің классигі Әбілқасым Фердаусидің (934-1020) отыз жыл жазған «Шаһнамасын» прозалық нұсқадан жинап, 1936 жылы он бір буын өлеңмен он айда жазып бітірген. 589 бет­тен тұратын «Рүстем – Дастан» кітабы ақын шығармашылығының бір белесі. Өзі бұл туралы былайша жыр толғайды.

«Өлеңмен он бір буын он ай жазып

Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп…»

Ақын жырларының халық жадында соншалық сіңіп, жүрегінен орын алуы оның шығыстық сюжеттерді пайдалана отырып, қазақтың өсиет өлеңдерін жаңар­тып, жырлай білуінде деп білеміз. Ақын өз шығармашылығында ойшылдық, сын­шылдық, өсиет сөздерді орынды қол­данудың шебері бола білді. Мұхтар Әуезов оны «Сырда туған Абай» деп бағалады.

Қазақтың болмысы мен сана сезіміне сыни көзқараспен қарау Абай жырларында басым болса, Тұрмағамбет ақында сол кемшіліктен шығу жолы нақыл-өсиет түрінде айтылады. Мысалы: «Ақыл – тон аңдағанға тозбайтұғын», «Негізінде нәпсім-бөрім, ойым-қойым, нәпсіге ойды жемей жоқ қой тойым», «Сөз өлшеуін білмеген, шағалаша шулайды», «Жігіттің жарастығы жан барында, дос сыйлау дастарханда нан барында» деген секілді таза қазақы суреттерді ақын жырларынан көптеп кездестіруге болады.

Тұрмағамбет шайырдың өмірі оңай болған жоқ. Талай  қиыншылығын басынан өткеріп, көзі тірісінде тағдыр тәлкегіне аз ұшырамаған ақын 1939 жылы дүниеден өтті.

– Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

Арманда болмай-ақ қой екі көзім, – ой түйіндейді. Расымен, оның өнегелі өмір жолы ғасырдан-ғасырға иек артып, тарих қатпарынан орын алып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Шайыр шығармаларын зерттеп, жинақ­тауда Әуелбек Қоңыратбаев пен Мардан Байділдаев көп еңбек сіңірді. 

Биыл Сырдың даңқты перзентінің туғанына 140 жыл толып отыр. Осыған орай ақын шығармаларын насихаттауға арналған шаралар туған жері Қармақшы ауданында кең көлемде аталып өтілуде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: