Дүйсенбі, 04 қараша, 09:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Бапкер

07.02.2023

1002 0

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз белгілі жаттықтырушы, мыңдаған балаға тәлім берген бапкер – Қайратбек Әлімбетов. Ол – бапкерлік пен жаттықтырушылықта бағы жанған спортшы.

Қайратбек Әлімбетов бала күнінен спортқа құмар еді. Он жасынан бастап мектептегі еркін күрес үйірмесіне қатысқан. Уақыт өте  спортқа қызығу­шылығы артып, көп уақытын залда өткізе бастаған. Ол болашақ мамандығын да спортпен ұштастырады.

Бағыт берген шәкірттерін жетістікке жеткізу үшін көп еңбек сіңірді. Кейіпке­ріміздің жаттықтырушы болып қызмет атқарғанына биыл 34 жыл болады екен.

Ол кісі өзі бапкерлік жолындағы есте қалар­лық сәттің көптігін айтты. Тіпті Бакудегі Әлем чемпионатында шәкірті топ жарғанын да тілге тиек етті. – 2012 жылы ұйымдастырылған Бакудегі Әлем чемпионаты мен үшін ерекше жарыстың бірі. Мен жаттықтыратын Айтуған есімді балуан турнирде қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін таласта Моңғол спортшысын Айтуған Жанжігітов таза жеңді, – деді Қайрекең өткенге көз жіберіп.

Қайратбек Әлімбетов бүгінде Тасбөгет спорт мектебінде еңбек етеді. Өзінің ұзақ жылдық тәжірибесінде жаттықтырушы талай қиындықты бастан өт­керген. Әр спортшының дайындығы үшін тыным тап­пай еңбек ету керек. Сонда ғана нәтиже болады.

– Жетістікке жетудің жалғыз ғана жолы бар. Ол – еңбек. Әлі күнге дейін бұл менің өмірлік қағидам болып келеді. Шәкірттерге де еңбексіз ештеңе болмайтынын айтып отырамын, – дейді бапкер.

Қайратбек Әлімбетовтің айтуынша, спортшы қатысқан жарыста жеңіске жетуі үшін жігер де, рух та, күш те, әдіс те керек екен.

– Балаларды рухтандырып отыру да қажет. Өзім күн сайын жаттығуды бастамас бұрын қазақ батырларының ерлігін, Отан қорғау жолындағы қаһармандығын айтып отырамын. Бұдан бөлек Азия, Еуропа, Әлем біріншіліктерін, Олимпиада сынды төрткүл дүние көз тігетін байрақты бәсекелерде топ жарған спортшыларды да үлгі етемін. Білсін, соларға ұқсап талаптансын деген мақсат қой біздікі, – деді Қайратбек Әлімбетов.

Қазіргі таңда еркін күреспен айналысатын бала саны көп. Талай таланттың бағын ашқан бапкер әлі күнге дейін шаршадым не шалдықтым деген емес. Зейнет жасына дейін әлі 5 жыл уақыты бар. Мықты спортшыны дайындау үшін тағы да еңбек етуде. Алдағы жоспары да көп. Ол отбасында үлгілі әке, сүйікті жар, қадірлі ата болып отыр.

Өмірде ең маңызды екі таңдаудан қателеспеген жаттықтырушы халық игілігі үшін тағы да жұмыс істейді. Абзал Жамал, Асхат Айдархан, Қалдыбек Қауышқанов, Айдос Алмадинов, Болат Бисенбаев, Өмірхан Құлжанбаев, Мирас Төлебиев, Сартай Қыпшақов секілді спортшылардың есімін танытқан маманның еңбегі елеулі. Қайратбек Әлімбетовтің бапкерлік жолдағы басты арманы – шәкірттерінің Олимпиада чемпионы болғанын көру.

Нұрдәурен ЖӘРДЕМХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: