Сурет: egemen.kz
Боралдайдағы Қандысайды көбіміз білеміз. Тіпті онда бір күнде атылған 19 халық комиссарының жерленгенін де естіп жүрміз. Бірақ ол жерде кімдер жатыр? Жазықсыз оққа ұшқандардың бәрі бірдей халық комиссары ма?
Жазықсыз атылған 19 комиссар
ХХ ғасырдағы сталиндік зұлматтың зардабын сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Әңгіме ауаны елдің тірегі болар азаматтардың қанқұйлы тағдырына келгенде жүрек сыздап қоя береді. Бүгін зұлматты жылдардың құрбаны болып, бір күнде атылған 19 комиссар жайлы сөз қозғамақпыз. Нақтысын айтсақ, сол 19-дың бірі Ұзақбай Құлымбетов жайында қалам тербегенді жөн санадық.
Ұзақбай Құлымбетов хақында айтпас бұрын Қандысайға жерленген 19 комиссарға аз-кем тоқталайық. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановтың еңбектерінде бұл кісілер жайлы мәлімет бар. 1938 жылдың наурыз айында НКВД тұтқындап, бір түнде атып, Боралдайдағы сайға көмілген 19 боздақтың қатарында Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, ағарту комиссары Темірбек Жүргенов, әдiлет комиссары Жанайдар Сәдуақасов, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советі төрағасының бірінші орынбасары, бюро мүшесі Сүлеймен Есқараев, қаржы комиссары Ілияс Молдажанов, денсаулық сақтау комиссары Хасен Нұрмұхамедов, жеңіл өнеркәсіп комиссары Хасен Қошанбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов, Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Садықбек Сапарбеков, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әйтіке Мусин, Семей ет комбинатының директоры Аспандияр Кенжин, Қазақ КСР совхоздар халық комиссариаты саяси басқармасының бастығы Ізмұхан Құрамысов, Қарағанды көмір өнеркәсібі тресі бастығының бірінші орынбасары Жағыпар Сұлтанбеков, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Владимир Случак, Қазақ КСР жер-су шаруашылығы халық комиссарының бірінші орынбасары М.А.Чудочкин, Түрксіб темір жол құрылысының бастығы Я.И.Михайленко, Балқашқұрылыс комбинатының директоры В.И.Иванов, Қоңырат кен байыту комбинатының директоры Б.М.Берлин, жер-су шаруашылығы комиссары, бюро мүшесі, Нығметолла Сырғабеков сынды арыстар бар еді.
Біз әңгіме арқауына айналдырған 19 комиссардың үшеуі Сыр бойының азаматы. Нақтырақ айтсақ, Темірбек Жүргенов, Сүлеймен Есқараев, Садықбек Сапарбеков. Мақаланы жазуға себеп болған Ұзақбай Құлымбетов Ақтөбенің азаматы болғанымен Қызылордада еңбек етіп, ел астанасын Алматыға көшіру ісін басқарған.
Автономиялы республиканы одақтық республикаға айналдырды
Астананы бірден Алматыға көшіру оңай болмаған. Бұған бақандай екі жыл кеткен. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, Қызылордадан астананы Алматыға көшіру комиссиясының төрағасы болған Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1927 жылдың 3 наурызында комиссия мүшелерінің отырысын өткізген. Сол жиында Алматы шекарасын батысқа 11000 десятинаға ұлғайту, үкімет үйлерін, қонақ үй, тұрғын үй, кірпіш, нан, ағаш өңдеу зауытын, гидростанция құрылысын, жерасты кабельді желілерін салуды тапсырды. Тіпті Ташкенттегі педагогикалық институтты көшіру туралы мәселе де көтерілді. Нәтижесінде аталған оқу орны 1928 жылы Алматыға көшірілді.
Тағы бір атап өтерлігі, Құлымбетов Қазақ АКСР ОА Комитетінің төрағасы кезінде Қазақ автономиялы республикасы Одақтық республика мәртебесін алды. Сол тұста Қазақ КСР-ның жаңа конституциясын бекітіліп, елтаңбасы туралы қаулы шыққан. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Халқына қамқор болған Құлымбетов» атты мақалада Ұзақбай Желдірбайұлының «ҚарЛАГ», «АЛЖИР» лагеріне жер бермей, олардың сұраған жерін колхоздарға беріп жіберу керектігін айтып, Қарағанды басшыларына хат жазғанын, бірақ тоталитарлық жүйеде оның орындалмағаны баяндалады.
Орталықтан алғанымыздан бергеніміз көп
Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саяси тұлға Ұзақбай Құлымбетовтің сөзі. Ол кісі Қазақстанның экономикасын көтеру мақсатында индустриалды елге айналдыруды көздейді. «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 1 мамырдағы № 92 санына Ұ.Желдірбайұлының мақаласы шығады. Онда: «Дұрысында біздің Орталықтан алғанымыздан бергеніміз көп, шындап келгенде біз Орталықтан алмауға да, оған бермеуге де тұрамыз. Оған Орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін», – деп өткір сөйлеп, елдік мәселелерді көтереді.
Ашық дереккөздерде 1925 жылы қаңтарда өткен РҚП(б)-ның пленумы Риддер, Қарсақбай кен орнын дамыту үшін 23 миллион қаржы бөлгені туралы ақпарат бар. Сол тұстағы бюджет жағдайын білетіндер бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бөлінген Одақтық қаржының жартысы екенін айтады. Бұдан бөлек Мәскеудегілерге Жітіқара, Аққарға, Бозбие алтын кенішін Қазақстанға қайтару туралы талап қойылып, нәтижесінде қайтарылған. Сонымен қатар Ақтөбеде фосфор тыңайтқыштарын өндіретін химия комбинаты, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын өндіру зауыттарының құрылысы қарқын алған. Қазақстандағы пайдалы қазбалардың жаңа көздері анықталып, олардың қоры бойынша Кеңес одағында республика бірінші орынға шықты. Осылайша республиканың экономикалық базасы құрылды.
Қазаққа болсын деген жан еді…
Ұзақбай Құлымбетов елдің ауыл шаруашылығына да ерекше ден қойған. 1931 жылдың 22 қазанында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М.Молотовқа хат жазып, шөптің аздығынан мал басы кемігенін, тіпті астықтың шықпай қалғанын айтып, елдің жағдайы ауыр екенін бүкпесіз баяндаған. Бұл хатта салықты және сақтау төлемінің мөлшерін азайтуды, мал басының 53 пайызға кемігенін, шаруашылық 12 пайызға, тұрғындардың 15 пайызға азайғандығын нақты дәлелдермен көрсеткен. Құлымбетов мәселені көтеріп қана қоймай, шешілгенше ізінде жүріп еңбектенетін болған. Оған 1932 жылы Молотовқа екінші қайтара жазған хаты дәлел. Бұл хатта Қазақстандағы мал басын көбейтуді, батыс Қытайдан мал сатып алу үшін Зайсан, Қарқарада сауда жәрмеңкелерін ашып, біздің аумаққа мал бағушыларды тартуға болатынын назарға салады. Тіпті Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың қолдауымен 1936 жылы Моңғолиядан 8000 бас асыл тұқымды түйе алдырған деген де дерек бар.
Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Халқына қамқор болған Құлымбетов» атты мақалада: «1934 жылдары алты облыста екі жылдық педагогикалық институттар аштырды. РКФСР халкомсовы жанындағы Түрксіб құрылысына жәрдемдесу комитетінің басшысы Т.Рысқұловпен бірлесе отырып Түрксіб теміржолын салушы құрылысшылардың дені Қазақ еңбекшілері болуын ұйымдастырып, Түрксіб құрылысын ұлттық жұмыс кадрларын әзірлеу және тәрбиелеу мектебіне айналдырды. Өндіріс орындарында қазақ жұмысшыларына үй жалдап, жалақысының уақытында берілуін, азық-түлігін қамтамасыз етіп, жұмысты жақсы меңгерген жастарды іріктеп, елу-алпысын кезең-кезеңімен Ресейдің өндірістеріне жіберіп оқытып, келген соң өндірісті өздері басқарсын деген», – деп, Ұ.Құлымбетовтің тарихи қадамдарын атап өтеді.
Наурызда өмірге келіп, наурызда өмірден өткен
Сонау 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында өмірге келген Ұзақбай Желдірбайұлы қиын-қыстау кезеңде сан-қилы тағдырды бастан өткереді. Алдымен үш жылдық ауыл мектебін, одан кейін Ырғыздағы орыс-қазақ училищесін, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курсты бітірген. 1912 жылдан Торғай, Ырғыз ауылдарында орыс тілі, әдебиеті, математикадан дәріс берген. Ұзақбай Құлымбетов 1918 жылдан бастап саяси өмірге араласып, Ырғыз ауданын басқарған. Ақтөбе губерниясының бөлім меңгерушісі, 1923-1925 жылдары Ақмола губерниясының Атқару комитетінің төрағасы болды. Ол кезде бұл губернияға қазіргі Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары қарайтын. Осы жылдары Ақмолада жұмыссыз кедей жастары үшін арнаулы губерниялық курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар панасыз балаларды есепке алу, жұмысқа, оқуға орналастыру қолға алынды. Нәтижесінде бірнеше балалар коммунасы ұйымдастырылды. Ол жаңа кен орындарын ашу, зауыт-фабрика салу ісіне де қатысқан. Өмір жолына үңілсек 1926 жылы Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесінің, Жоспарлау Комитетінің төрағасы болды. Халық Комиссарлары Атқару Комитетінің орынбасары, сыртқы-ішкі сауда халық комиссары қызметін қоса атқарған. 1930-1934 жылдары ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1935 жылдан Қазақ АССР ОА Комитетінің төрағасы болды. 1924 жылдан Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің мүшесі де болған. Бір байқағанымыз, Құлымбетов қай қызметте жүрсе де ұлтының мүддесін айтқан, ұлты үшін қызмет істеген. Ұзақбай Желдірбайұлы наурыз айында өмірге келіп, сол айда өмірден өткен. Отбасы да сталиндік зұлматтың талай сойқанын көрген.
Тарихшылар Ұзақбай Құлымбетовтің қайраткерлігін жоғары бағалайды. Талас Омарбеков «Ұзақбай Құлымбетовті Т.Рұсқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек» десе, М.Қойгелдиев «Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның жер байлығын жасырын бөліске салғысы келген Орталықтың өктемдігіне қарсы тұрған қайраткердің бірі – Құлымбетов», дейді. Осының өзі мақаламызға арқау болған тұлғаның қазақ қоғамы үшін қайраткер екенін айғақтайды.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!