Сәрсенбі, 16 қазан, 06:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Сырдағы үкім

26.10.2021

1084 0

Қасиетті Сыр топырағы талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Өткен ғасырдың зұлматты жылдарында алаш арыстарының ұлтқа қызмет ету мақсатындағы игі бастамаларына, құнды еңбектерінің жарыққа шығуына куә болған Сыр топырағы – олардың қуанышы мен қайғысының, тартқан азабының куәгері. Бір сәтке жас балаша қиялға берілсек, жер-анаға тіл бітсе, талай шындықты жайып салар еді. Дегенмен қазақ елі тәуелсіздік алғалы зерттеушілер мен тарихшылар, жазушылар бір кездері архивтің бір бұрышында жарияланбай қалған көне құжаттарды ақтарып, мүмкіндігінше алаш арыстарының талайлы тағдырын жазды, әлі де зерттеуде. Бұл тарихымызды тануға, ұлтқа қызмет еткен арыстар еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізуде үлкен іс десек артық айтқандық емес. Ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың табаны тиген, бірнеше еңбегін жарыққа шығарған Сыр топырағы – оның талайлы тағдырының да куәгері.

Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов туралы айтқанда оның «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиетін атап айтқан жөн. Оқырманға Ақмешіт Қызылорда болған жылдардағы ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытов туралы кең мағлұмат беру мақсатында бірқатар зерттеу еңбектеріне, естеліктерге сүйенгенде оның қабілеті мен таланты, ұлт үшін еткен еңбегін оқып та, айтып та тауыса алмайтынымызға көз жетті. Яғни оның есімін айтқанда бір ғана жазушылығын айта алмайсыз. Ол суретші, жазушы, ақын, драматург, музыкант, журналист және тағысын тағы…

Ұлт зиялысының көпшілік біле бермейтін бір қыры – суретшілігі. Бұл туралы республикалық телеарна шығармашылық тобының оның туған жеріне арнайы барып түсірген хабарында айтылған естеліктер дәлел бола алады. Атап айтқанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Жүсіпбек Аймауытов ауылының тұрғыны Рамазан Нұрғалиев әжесінің әңгімесін алға тартады. Ол Жүсіпбек Аймауытовтың суретшілігі ауылындағы апа-қарындастарына үлкен көмегін тигізгенін айтады. Мәселен, «Қызылордада қызмет еткен жылдары сол өңірдің ою-өрнегін суретін салып, апа-қарындастарына әкеліп, бұл оюларды қалай пайдалану керегін түсіндіреді екен» дейді естелік айтушы. Бұл қасиетін ұлт бояуы сақталған өңірдің құндылығын насихаттаушы десек те болады.

Жүсіпбек Аймауытовтың тағы бір қыры – оның драматург ретінде танылуы еді. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек сұхбатында былай дейді: «Қазақ театрының бастауында белгілі бір мөлшерде Жүсіпбек Аймауытовтың төл шығармалары және автор, режиссер ретінде оның есімі аталатындығы. Мәселен, Семейдегі әдеби кештерде өздерінің дарамалық туындыларын Мұхтар Әуезов екеуі өздері суфлер болып, халыққа ұсынған» дейді.

Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытовтың музыкант болғаны да бірқатар еңбекте жазылып жүр. Оның ел арасында 5-6 әні халық әні ретінде әлі де сақталған деген мәлімет бар. Ал ақын, жазушылығы, аудармашылығы журналистік қызметі қалың оқырманға белгілі.

Жүсіпбек Аймауытовтың өмір жолы шырғалаңға толы. Ұлтқа қызмет ету жолындағы барлық игі ісі мен қадамы кедергіге ұшырады. Алайда ол мойымады. Жігері жасымады.

Ең әуелі қызметін 1918 жылы «Абай» журналын шығарушылардың бірі ретінде бастайды. Алайда журнал көп ұзамай жабылып қалып, ол «Сарыарқа» газетіне мақалаларын тұрақты жариялап тұрады. Оның Алашорда ісімен айналыса бастағаны да осы кез. 1926-1929 жылдары техникумда қызмет ете жүріп, түрлі саяси жұмыстарға белсене қатысады. Алайда осы белсенділігі өзіне зиянын тигізеді. Торғай уезіндегі ашыққан халыққа жәрдемдесуге белсене атсалысқан Жүсіпбек Аймауытов «Торғай ісі» деген атпен белгілі сот ісінде біраз әбігер шегеді. Бұл ең ұзақ сот процесі ретінде 12 том болып қатталған құжатпен тарихта қалған. Осы сотта оған «таратқан малға қолхат алмады, жылуды бай-бағландарға берді» деп жала жабады. Жүсіпбек Аймауытов сонда қазақтың әдет-заңына сүйеніп, сотта былай деп жауап берген: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады. Құл беріп, құл алады. Қалыңмал береді, қалыңмал алады. Сонда олар бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды, бәрін ауызша сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестіргенде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім»…

Ұлт зиялысына жабылған бұл жаланың әбігері ұзаққа созылды. Оның Сыр топырағына табаны тиген кезі де осы уақыт. Бұл орайда филология ғылымдарының кандидаты Теңгеш Қаленованың зерттеу мақаласындағы дерекке сүйендік. Мұнда былай деп жазылады: «1926 жылы көктемде (13-23 наурыз аралығында) Қызылорда қаласында «Торғай ісі» атты сот процесі өтеді. Бұл сот процесінің «Торғай ісі» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. 1921-1922 жылғы аштық кезінде Торғай уезінің халқы үшін Семей губерниясынан жиналған жылу малын уезд аштарына үлестіру ісіне қатысқан Жүсіпбек Аймауытов, Ахметсапа Жүсіпов, Шайқы Құлжанов, Қазгелді Қарпықов, Рүстем Әбдіғапаров, Ілияс Бәйменовтерге халыққа тек таптық тұрғыдан қарайтын үкімет «жылу малын талан-таражға салды, малдың басымын уездің «бай мен кулактарына» берді деген жалған айып тағады. Үш жыл бойғы жүргізілген тергеу ісінің нәтижесі болған бұл сот процесінің «Торғай ісі» аталуының мәнісі осында. Ж. Аймауытовқа наурыз айының басында-ақ айыптау қорытындысы шығарылып, оны қылмысты деп тауып, Орынбордан Қызылордаға алғызған болатын» деп жазады. Бұл қуғындалу мен жала Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығына нұқсан келтірмеді. Қаламын қолынан тастамаған ол осындай қиындықтарға қарамастан өндіре жазды. Сыр топырағы жазушыға шығармашылық серпін бергендей. Айталық, жазушының «Қартқожа» романы 1926 жылы тұңғыш рет Қызылордада басылып, жарыққа шығады. Осы жылдары жазушының «Психология» атты еңбегі де жарыққа шыққан кез. Сондай-ақ 1929 жылы «Нұр күйі» поэмасы жеке кітап болып Қызылордада басылады.

Ұлт зиялысын қуғындау, жала жабу «Торғай ісінен» басталып, мұнан әрі жалғаса берді. Оның жазықсыз жапа шегуіне өзі сабақ берген студенттерінің де кінәсі бар екені де жазылған. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай өзінің мақаласында атап көрсетеді. Оның Шымкент педагогикалық техникумында студенттерге сабақ бере жүріп, Қызылордаға жиі ат басын бұруы, Мағжан Жұмабаевпен, Ахмет Байтұрсыновпен жиі кездесуі, студенттерге Абайдың, Мағжанның шығармаларынан үзінді келтіруі оған жабылған жаланың бояуын қалыңдата түсті.

Ұлтқа қызмет етемін деп, қазақ әдебиеті мен руханиятына мол мұра қалдыруға ұмтылған оның тынымсыз еңбегі, тағдыры сол уақыттың саясатымен «халық жауына» айналдырды. Талай еңбегі жарыққа шығып, қуанышқа бөлеген сыр топырағы оның айдауға кеткеніне де куә болды. Зерттеушілердің еңбегіне сүйенсек, сол жылдары Шымкентте еңбек еткен Жүсіпбек Аймауытовтың Қызылордадан айдауға кетуін қалай түсінуге болады деген сауалға жауап іздейді. Бұл сауалға жазушы Дүкенбай Досжанның зерттеулерінде атап көрсетілгендей, Жүсіпбек Аймауытұлының Қызылордада пәтері болғанын нақты құжаттардан айқын көрсетеді. Үзінді келтірейік: «Аймауытов Жүсіпбекті Қызылорда қаласында ұстады дедік. Мұнда ол «Еңбекші қазақ» газетінде істеп жүрген кезі. Жалпы жазушының «Еңбекші қазақ» газетінде істеген кезеңі, Қызылордада тұрған мекенжайы туралы мәліметтер өте аз, там-тұмдап қана. Жалпы жұртқа белгілі өмірбаянында ол Шымкент қаласында, педагогикалық техникумның директоры болып істеген деп көрсетіледі. Тағы бір ескертетін жайт, Жүсіпбек тұтқындалған соң біраз тергеу Қызылорда қаласында өтеді, соңынан оны Алматыға алып келеді. 1929 жылдың шілдесінде Алматыдан Москваға, ондағы Бутырка түрмесіне жөнелтіледі.

Екінші ескеретін жайт, Аймауытов ұсталғаннан кейін біраз уақыт өткен соң Евгения Кирилловна Аймауытова күйеуінің жазықсыз ұсталып кеткені жайында мәлімдеп, босатуға жәрдем сұрап, Голощекиннің атына арыз жазған. Арыз 3-ші том құжатында тіркеулі. 1929 жылдың 15 маусымында жазылған. Мұнда Евгения Кирилловна өзінің мекенжайы ретінде Шымкент қаласы, Пушкин көшесі, 5 үйді көрсетеді. Кезегі келгенде біз сол хаттың тұтас көшірмесін келтіреміз. Оқушыны ойға жетелейтін нәрсе, Жүсіпбек Шымкент педтехникумында директор болып істеп жүрсе, Қызылорда қаласындағы үйде қалай тұрған. Тұтқындалған үйі: Карл Маркс көшесі, 54 үй. Біздің ойымызша, Жүсіпбек 1928-29 жылдары екі қызметті қатар атқарып жүрген, бірі журналистік, қоғамдық қызмет, екіншісі педагогтік қызмет, техникум директорлығы дегіміз келеді. Көбіне Қызылордада тұрған, үй мүлкі, қолжазбалары, жұмыс кабинеті К.Маркс, 54 үйде болған. Қолжазбалары, кітаптары сол Қызылорда қаласынан қатталған. Енді сол істі болу құжаттарын сөйлетейік.

Аймауытовты тұтқындау ордері №140, 1929 жыл 13 мамырда жазылып, Біріккен саяси Бас басқармасының өкілі Шумиловқа тапсырылған. Бұл ордер 3-ші томның 110 бетіне тігілген. Бір күн өте, ертесіне Аймауытовты тұтқындап, үйін тінтіп, қолжазба, мүлкін, кітаптарын қаттайды. Құжат төмендегіше:

Аймауытовты тінту протоколы

1929 жыл 14 мамыр, Қызылорда қаласы.

Карл Маркс көшесі, 54 үйде тұратын Аймауытовты тұтқындау және тінту жүргізу. Тінтілген кезде табылған заттар:

1. Хаттар, барлығы 88 дана.

2. Екі фотосурет.

3. Жеке басының құжаттары, 20 дана.

4. Аймауытовтың қолжазбасы және газет қиындылары, 34 бума.

5. Қалың дәптердегі қолжазбалар, 33 дана.

6. Кітаптар, 6 дана.

Аймауытов тұтқынға алынды, тұтқындау және тінту кезінде қарсылық болмады. Тінтуге куә болып қатынасқан Ысқақов. Тінтуді жүргізген, әрі тұтқындаған ОГПУ-дің өкілетті өкілі И.А.Шумилов».

Алғашқы тергеу ісі Қызылорда қаласында өтеді. Екі күннен соң бірінші тергеу басталған. Қызылордадан басталған тергеу Мәскеуде жалғасады. Бір айта кетерлігі Алаш арыстарының архивтегі құжаттарын ақтарып, жинаған Дүкенбай Досжан зерттеу барысында оның атылған, атылмағаны, немесе айдалғаны жөнінде ешбір дерек таба алмағанынын жазады. Ал Е.Тілешов құрастырған «Алаш қозғалысы» атты еңбекте Жүсіпбек Аймауытовтың 1929 жылы 14 мамырда Қызылордада тұтқындалғанын, 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылғанын жазады.

Деректерде көрсетілгендей, Жүсіпбек Аймауытовтың тағдыры Сыр өңірімен астасып жатыр. Оның бірқатар шығармалары Қызылордада басылып шығып, бір қуантса, оның жанын күйзелткен жала жабу, сот процесінің барлығы Сыр топырағында өтті. Сондай-ақ оның Қызылордада еңбек етуі, аз ғана уақыт болса да Сырда тұруы, алаш зиялыларымен кездесу үшін алыста жүрсе де Сырға қайта-қайта ат басын бұруы оның аз ғана ғұмырының біраз бөлігі Қызылордада өтті деуге негіз бар. Ең қиыны, алаш арысының Сырда тұтқындалып, мұның соңы ажал апанына үкім арқалап кетуімен аяқталуы…

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: