Сенбі, 20 сәуiр, 07:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Өлке тарихын айғақтаған ғимарат

11.09.2021

1053 0

Сыр өңірі терең – тарих, тұнған – шежіре. Мұндағы әрбір тарихи жәдігер – соның айқын дәлелі. Тұран төрінде тұғыр тепкен Қызылорда – өз тарихында Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттығымен де танылған қастерлі мекен. Сөзіміздің дәлеліндей өз дәуірінде үздіксіз жұмыс жасаған мекемелер бүгінде басқаша келбетте өзгеріп, заманауи кейіпте жұмыс жасауда. Дегенмен ондай көне ғимараттар қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жоймай келеді. Соның бірі – ескі базар маңында кірпіштен салынған көне ғимарат қазіргі «Аль-Асад» сауда үйі.

Алғаш іргетасы ХІХ ғасырда қаланып, бірінші қыздар училищесі, кейіннен Перовск училищесі, 1925-1929 жылдары Қызылорда ел астанасы атанған жылдары баспахана орналасқан. Тарихи нысан 1878 жылы инженер, генерал Брюноның жобасы негізінде салынған екен. Қанша уақыт өтсе де көне ғимарат сол қалпында сақталған. 1925-1929 жылдары баспахана болып жұмыс жасап тұрған кезеңдері «Еңбекші қазақ», «Советская степь» секілді республикалық газеттер осында басылып, еліміздің әр өңіріне тарап тұрған. Ел астанасы Алматыға ауысқан кезеңнен бастап, 1973 жылға дейін облыстық кітапхана, тігін-тоқыма фабрикасы орналасыпты. Әңгіме арқауына айналған ғимарат жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

1899-1902 жылдары Перовск училищесі болып тұрған кезеңде Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай да осында білім алған. Осыған орай ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылған. Бұл да бір тарихи мұраға айналып отыр. Жалпы Сыр өңірінің әрбір бұрышы тарихи шежіреге тұнып тұр. Өйткені мұнда қазақ ұлтының ел болып қалыптасуының бір кезеңі жатыр. Ендеше өткен шежірелі тарихтың тәбәрігі іспеттес ескі әрі құнды дүниелерді дәріптеп, келер ұрпаққа дін аман жеткізу – бүгінгі бізге ортақ парыз.

Қос ғасырлық шежіресі хатталған Қызылорда қаласы – қазақ зиялыларының табаны тиген тарихи өлке. Дереккөздерге сүйенсек, ХІХ ғасырда мұнда 36 ғимарат бой көтеріпті. Соның бірі – қалалық училище. Жоғарыда атап өткеніміздей алғашында бұл әскерилердің балаларына арналып салынған. Ал сол маңдағы шіркеу жанындағы барактарда офицерлер мен солдаттардың отбасылары тұрғандықтан оқу орны соған қарама-қарсы қоныс тепкен. Ал базар жанындағы барак типтес үйлер 1990 жылға дейін ел игілігіне жарап, бүгінде олардың барлығы сүріліп тасталған. Аталған ғимараттардың барлығы бір құрылыс материалынан яғни күйдірілген қыштан тұрғызылған.

– Баршамызға белгілі өңірімізде тарихи маңызы бар ескі ғимараттар мен ескерткіштер жеткілікті. Алайда түрлі себептермен олардың біршамасы бұзылып, орындарына басқа ғимараттар бой көтерді. ХХ ғасырдың басында Сыр бойында Махан Жиенбайұлы деген дәулеті кісі болған. Осы кісі қалада көптеген зәулім ғимарат салған. Алғаш оқу училищесі болып ашылған осы ғимарат – соның бірі. Осының барлығы өлкеміздің тарихын айғақтап тұр. Осыларды көздің қарашығындай қастерлеп, келер ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбек.

Расымен, мұндай ғимараттардың жыл өткен сай құны арта бермек. Сыр өңірі ел астанасы болған жылдары және оның арғы кезеңдерінде салынған нысандар тарихи мұралар қатарына жатады. Ал сол тарихи ескерткіштер кеше мен бүгіннің арасын жалғап жатыр.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: