Жұма, 26 сәуiр, 16:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Егемендікке жол салған күн

21.12.2021

902 0

Осыдан тура отыз бес жыл бұрын ел басшылығына Қонаевтың орнына Колбиннің тағайындалуы жалынды жастардың нара-зылығын туғызған болатын. Онсыз да қаншама жыл бодан болған қазаққа бұл хабар жығылған үстіне жұдырық болып тигендей еді. Ал алаңға шыққан жастардың мақсаты – бейбіт шеру ұйымдастырып, өздерінің талап-тілектерін басшылыққа жеткізу болатын. Дегенмен, Кеңес үкіметі қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып жаншыды.

Бүгінгі әңгіме қаламыздағы №176 орта мектептің мұғалімі, аяулы жар, ардақты ана, бірнеше немеренің әжесі, желтоқсан көтерілісіне қатысушы Бақытгүл Таекеева жөнінде болмақ. Осыдан 35 жыл бұрын бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауы болған әйгілі оқиға кезінде басынан өткенін кейіпкеріміз былай әңгімеледі.

«1986 жылдың желтоқсанында мен Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық институтының филология факультетінің 5 курс студенті едім. Группада староста болатынмын.

Желтоқсан көтерілісінің алдында бір-екі күн бұрын студенттер арасында «Біздің елді неліктен басқа елдің өкілі Колбин деген басқарады» – деген наразылық әңгімелер тарады. 16 желтоқсан күні түске таяу философия сабағын өтіп жатқан едік. Шамамен сағат ондарда далада қатты шығып жатқан дауыстарды ести салып, бәріміз терезеге ұмтылдық. Қарасақ Гоголь көшесінің бойында шерумен студент жастар келе жатыр екен. Олар: «Қазақ болсаңдар шығыңдар» – деп ұрандаумен болды. Бізде шықпаққа ниеттенгеніміз сол еді, бізге сабақ беріп жатқан апайымыз (еврей ұлтынан) «ұстамаймын, бара беріңдер» деді. Группада 25 қыздың арасынан алтауымыз шеруге қосылып, ескі алаңға беттедік.

Ол жерге бүкіл студенттер жиналып, жаңа алаңға барамыз деп шешті (өйткені үкімет үйі сонда болатын). Жаңа алаңға студенттерден басқа зейнеткерлер, жұмыс уақыты аяқталған жұмысшылар, оқушылар да жиналды. Сондағы ойымыз үкімет басындағыларға елдің наразылығын білдіріп, бірнеше сұрақтарға жауап алу еді. Белсенділер кезек-кезек мінберге шығып, іштеріндегілерін көпшілікке ашына жеткізіп жатты. Ұрандатып, елді батыл әрекеттерге үндеп, шақырушылар да жетерлік. Бірақ мінберге шыққан адамдарды әскер мен миллициялар күштеп алып кетумен болды. Студенттердің атынан Қайрат мінберге шығып наразылық білдірген еді. Оны да күштеп алып кетті. Осылай наразылық танытып жүргенімізде, кештің қалай батқанын білмей қалыппыз. Әлі есімде сол кезде Үкімет үйін үш шеңбер қоршап, қорғап тұрды. Сыртқы шеңбер қалқан, каска, шоқпармен қаруланған әскери жасақ, екінші шеңбер милиция жасағы, үшінші шеңбер Үкімет үйінің қызметкерлері болу керек.

Қызметкерлер халыққа «Қайтыңдар!» деп ескерту жасады. Бірақ ескертуге құлақ аспай, беріле қоймағасын тәртіп сақшылары қараңғы батқанда өрт сөндіруші көліктермен келіп, адамдарға су шашып тарқатқысы келді. Бірақ ашынған халықты бұлай да тарқата алмады. Міне, осыдан соң халық пен милиция арасында тартыс басталды. Бір мезгілде, сағат түнгі он бірлердің шамасы болу керек, әскери жасақ қарусыз жастарға лап қойды. Олардың ұл-қызына қарамай, шаштарынан сүйреп, резеңке шоқпармен қуалай сабап, ұсталғандарын тепкілеп алып кетіп жатты. Әскер халықты овчарка итке де талатты. Кетіп үлгергені бой тасалады да, құлағандарды ППМ көлігіне салып әкете берді. Мен қасымдағы қыздармен, Шолпан деген құрбымның ағасының үйіне қаша жөнелдік. Ол кісі елге танымал ақын Нұртас Исабаев ағамыз еді. Сол алаңның қасында 5 қабатты үйде тұратын. Сол бір ызғарлы түні бәріміз сол кісінің үйіне түнеп шықтық.

Ертеңіне жатақханаға келген кезімізде куратормыз Светлана Нурманова: «Тез кетіңдер бұл жерден, сендерді жоқ деп белгілеп қойды. Басқа жақта қонақта болдық деп айтыңдар. Алаңға барғандарыңды мойындамаңдар. Мойындасаңдар менің де сендердің де бастарың кетеді» – деп айтты. Осыдан кейін біз қала сыртындағы құрбымыздың үйінде екі күн жасырынып отырдық. Сабаққа қосылған күннен бастап тергеу басталды. Ресейден келген КГБ адамдары барынша тергеді. Қайда болдың? Қандай отбасында өстің? Туған жерің қай жақ? Орыс өкілдеріне көзқарасың қандай? Орыстармен жанжалдасқан кезің болды ма? Орыс ұлтымен татусың ба? – деп сұрақтың астына алды. Қысылып, қымтырылсақ та, ауылдағы ата-ананы ойлап, солардың ыңғайына қарай жауап бердік. Себебі бұл кезде олар көтерілісті басып үлгерген еді.

Бұл оқиғадан соң сабағыма қатысты біраз қиыншылық болды. Екі күн жатақханада болмағанымыз үшін научный советте ісіміз қаралып мені старосталығымнан босатты. Қызыл дипломға келе жатқанмын, одан да шалындым. Коммунистік партияға өтпек болғам ол да болмады. Бұдан өзге де қаншама уақыт тергеуде болдық. Бізбен аңдысып отыратын. Сыртқа шықсақ, қайда барғанымыз міндетті түрде сұралатын. Студенттер арасында бізге жаман көзқараспен қараушылар көбейді. Себебі үкімет басындағылар радиодан: «елде бұзақылар мен алқаштар көтеріліс жасады» деген жалған хабар таратқан.

Жалпы көп жыл бойы желтоқсан оқиғасына қатысқанымды жасырып жүрдім. Өйткені ол уақытта адамдардың көз қарасы басқаша болатын. Анам да басыма қауіп төнбес үшін, бұл оқиғаны жасыруымды сұрады. Елге келгесін мұғалім болып мектепке жұмысқа тұрдым. Бүгінде сол бір ызғарлы, қасіретті оқиғаға 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алғалы бастан өткерген осы бір оқиғаларды оқушыларыма айтып, сол кездегі жастардың патриоттығын насихаттап келемін. Бұл ел үшін, тәуелсіздігімізді алғышарты іспеттес айтулы күн әрі мереке ғой. Ал мен үшін бұл күн мереке деуге аса бір келіңкірмейді. Мен үшін жанымды сыздатқан күн сияқты. Ол кезді ойласам, көзіме жас келеді де тұрады», – деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.

Желтоқсанның мұзға жанған алауы қанша ғасыр өтсе де қазақтың жадында сақталары анық. Өйткені дәл осы көтеріліс егемендік үшін күрес жүргізген қазақты тәуелсіздікке бастады. Сол себепті де 16 желтоқсанды егемендікке жол салған күн деп айтуымыз керек.

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: