Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Кәшкүл» қандай бұйым?

27.08.2022

1055 0

Музей қорында сақтаулы қызық формадағы көне жәдігерді бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл жәдігер «кәшкүл» деп аталады. Кәшкүлді дәруіштер пайдаланған. Бұл ыдыс пітір-садақаға арналған. Кәшкүл – дәруіштердің халықтың пітір-садақа ретінде берген ас-дәмін салатын, сақтайтын және өзімен бірге алып жүретін ыдысы.

«Кәшкүл» – парсы сөзі. Бірінші буыны «Кашидан» етістігінің «Каш» түбірінен шыққан, «алып жүру» деген мағынаны береді. Ал «күл» иық дегенді білдіреді. Яғни иыққа ілінетін сөмке немесе жолсөмке деген мағынаға саяды.

Ал қазақ халқы арасында атқаратын қызметіне қарай бұл ыдыс «пітір-садақа жинайтын ыдыс» деген атпен белгілі.

Бұл ыдыстың иесі – дәруіш кім болған? Дәруіш – дін жолын таңдап, сопылық бағытты ұстанып, рухани толысу жолындағы адам.

Ел аралап жүрген дәруіштен халық жат елдің тұрмыс-тіршілігін, өмір салтынан мәлімет беретін ертегі, аңыз-әңгімелер тыңдаған. Қызық әңгімеге қанық болған халық ел аралап жүрген оған пітір-садақа ретінде ас-дәм беретін болған. Әркез ұзақ сапарда жүретін ол пітір ретінде берілген асты кәшкүлде сақтап, жол бойы қорек етіп, жүрек жалғайтын көрінеді.

Сол себепті де, кәшкүлді сөмке сияқты алып жүру сопы­лардың арасында кең тараған. Осы уақытқа дейін Иранның базарлары мен жолдарында кәшкүл ұстаған елкезбе дәруіш­терді кездестіруге болады. Кәшкүл дәруіштердің симво­ликалық бұйымына айналды. Оны рухани жолға түскен дәруіштердің бойтұмары десек қателеспейміз.

Дәруіштердің зікір салған уақытында ортаға кәшкүлді қоятын дәстүрі бар. Ол оң энергияны жинап, дәруішті бәле-жаладан сақтайды деп сенген. Сопылық бағыттың бойтұмарына айналған кәшкүл бір дәруіштен екіншісіне үлкен құрметпен беріліп отырған.

Кәшкүлдің кокос жемісімен де байланысы айтылады.Өйткені ол әлемдегі ең үлкен жаңғақ – теңіз кокосының жарты пішіні формасында жасалған. Кокос қабығының емдік қасиеті бар деп сенген. «Кокостың жарты бөлігіне су құйып ішсе, удың бойға тарамауына көмектесіп, удың күшін жояды» деген наным бар. Өсімдіктің өзі осылай қасиетті саналып, кейін кәшкүлдің формасына негіз болған.

Оңтүстік Азиядан келген діни-ғұрыптық бұйым қазақ жерінде де қолданыста болғанға ұқсайды. Халқымыз шариғатта уәжіп етілген парыздарды да аяқ асты қал­дыр­маған.  Оған музей қорында сақтаулы кәшкүлдер дәлел.

Тарихы тереңде жатқан кәшкүлдерді қазақ жерінде  рамазан айында берілетін пітір-садақаны жинайтын ыдыс ретінде пайдаланғанға ұқсайды. Ислам дінінде пітір-садақа құны 1 адамға 2 қадақ бидай не арпа немесе 4 қадақ құрма не мейіз болған. Осы дүниелерді немесе оның ақшалай құнын жинайтын ыдыс ретінде пайдаланған.

Музей қорына Казмузей реставрациядан музей қыз­меткері Людмила Либрехт арқылы 1982 жылы алынды.

Кәшкүлдің екінші түрі – сыртқы пішіні бидай масағы формасында жасалған екі бөліктен тұратын бұйым. Өте сирек кездеседі. Музей қорына музей қызметкері Төремұрат Әлжан арқылы 2002 жылы алынды.  Емен ағашынан жасалған. Екі жаны тесіліп, арнайы бекіткішпен бекітілген. Екі ағаштың түйісетін бөлігінде топса ретінде былғары пайдаланылған. Екі бекіткіш арасы адыраспан қауызынан жасалған моншақтармен тізбектелген. Зер салсақ, тәспінің символикалық көрінісін береді. Іші қуыс. Шебер ішкі бөлігін ойып жасаған.

Бұл бұйым қызметінің екінші нұсқасы бар. Зерттеу жұмыстары бұл тарихи жәдігердің таразы қызметін атқаруы мүмкін деген деректі жоққа шығармайды. Ислам дінінде пітір-садақаның құны 1 адамға 2 қадақ бидай не арпа немесе 4 қадақ құрма не мейіз десек, сол абзал етілген дүниелерді өлшейтін құрал ретінде пайдалануы мүмкін. Екі бөлікке, мысалы, бидайды тең бөліп салып өлшеген болуы керек.

Өткен тарихтан сыр шертетін жәдігерді музейге келуші­лер үлкен таңданыспен тамашалайды. Қызықты экспонат­тармен танысқыңыз келсе, музейге келіңіз!           

Әйгерім Бекқұлы,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

бөлім меңгерушісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: