Сәрсенбі, 24 сәуiр, 22:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қала әкімі, Асылбек ШӘМЕНОВ: «Айтылған сын түзелмесе бізге серт»

28.05.2022

1070 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала тұрғындарымен кездесті. Айта кету керек, шаһар басшысы бұған дейін қалаға қарасты барлық ауылдық округті аралап, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған болатын.

Тұрғындар тілегінің басым бөлігі жер кезегі, тұрғын үй алу, жол, жарық секілді әлеуметтік қажеттіліктер. Қала әкімі өзекті мәселерді сарапқа салып, дер кезінде шешілу жолдарын қарастыру керектігін жеткізді. Айта кету керек, бұл жиынның бұрынғы сіз бен біз көрген жиындардан мүлдем бөлек. Нақтырақ айтқанда, ашық әрі әділетті. Бұқара бұйымтайын билік өкілдері өктемсіз қабылдады. Әр адам жеке-жеке уәждерін ортаға салып, шымбайына батқан жетіспеушіліктерін бүкпесіз жайып салды. «Ашынғанда шығады ащы даусым» деп осындайда айтылса керек-ті. Халық әбден әбігерге түскен мәселелерінің маңыздылығына назар аудартты. Енді оның орындалуы уақыт еншісіндегі жауапкершілік.

Асылбек Өмірбекұлы қойылған әрбір жауапқа тереңінен толғап, әріден қозғап жауап беріп отырды. Бұл көпті көрген көреген басшының өтті-кетті, болды-бітті істің адамы екендігін аңғартса керек.

 – Қызылорда қаласы ең біріншіден облыс орталығы. Екіншіден,  Сырдың бас қаласы. Барлық аудан орталықтары осында қарап бой түзейді. Сондықтан біз атқарар шаруалар ұшан-теңіз. Әрине, жасалған жұмыс аз емес, дегенмен атқарылар кешенді шарулалар да көп. Есепті кез­десудің басты мақсаты – әлеуметтің мұң-мұқтажына құлақ түріп, қордаланған мәселелердің шешу жолдарын қарастыру. Өзектілігіне қарай саралап, кезек күт­тірмейтін істердің түйінін тарқату. Сіздермен жүзбе-жүз кездесіп, ашық әңгімелесу арқылы ойларыңызды білу. Бұл – Жаңа Қазақстанның бүгінгі бағыты. Бұдан былай әр тоқсан сайын халықпен тұрақты түрде кездесіп отырамыз, – деді қала әкімі.

Расымен де, қала көлемінде ауқымды шаруалар атқарылды.  Барлық салада серпін бар. Оны экономикалық көрсеткіштердің өсімінен байқауға болады. Әлеуметтің әлеуеті де айтарлықтай артып, тұрмыс-тіршілік түзеле бастады.

Сұрақ-жауап форматында тұрғындар ауыз су сапасы мен аяқ су жетіспеушілігін баса атап өтті. Сонымен қатар қаңғыбас иттердің көбейіп кеткендігі, қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуі секілді күрмеулі мәселер көпшілік көкейіндегі сан сауал.

– Өзім жалғызбасты көпбалалы ана­мын. Қала орталығындағы апаттық жағдайда деп танылған үйде тұрып келемін. Үй кезегіне 2017 жылы тіркелдім. Мүмкіндік болса осы жағына жәрдем болса, – деді Индира Байболаева.

Бұған байланысты қала аумағында мемлекеттік бағдарламалар аясында көп­пәтерлі тұрғын үйлер салынып жат­қандығы және оның заңдылықтарына сәйкес кезегімен табысталатыны ай­тылды.

– Қазіргі таңда қала аумағында жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Сырдарияның сол жағалауы мен «Астана» шағын ауданында инвесторлардың кө­мегімен салынып жатқан тұрғын үйлер саны жыл сайын артып келеді. Бұған бірінші кезекте көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасылар қоныстанбақ. Одан кейін үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Биылғы жылдың өзінде жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, рес­публикалық бюджетке өтінім берілді. Бұл мақсаттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба бермек. Облыс орталығы қарқынды құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Жүздеген көпқабатты тұрғын үй салынды. Олар пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспана бақытына кенелді. Әлі де жоспарланған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Пәтер кезегінде тұрғандардың жайлы пәтерге қол жеткізер күні алыс емес деді, – қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

 Бұқара халықтың басты базынасының бірі – жол мәселесі.  Көшелі елге айнал­ғанымыз көшемізден көрінуі тиіс. Қазіргі таңда қала аумағында жол құрылысы қарқын алғанын айта кету керек. Бұрын­ғыдай ат төбеліндей ойдым-ойдым жер­лердің көбі тегістелді. Жаңадан жол­дар салынуда. Міне, мұның барлығы ел әлеуетінің артқанының жемісі. Ең қажетті аумақтардағы жолдарды жөндеу жұмыстары басталып, тұрғындар сұра­нысына орай кей көшелерге жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Бұл құжаттар мемлекеттік сараптамаға ұсынылуда. Оң қорытындысы алынса, бюджеттік өтінім сұралады. Қаражаты мақұлданса, тағы бірнеше көше жаңғыртылмақ.

– Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үлкен сыйымдылықтағы жаңа 150 дана автобус алынатын болды. Бұл –  қоғамдық көліктің жүру кестесін қайта бекітіп, жол жүру жиілігін жақындатады. Осылайша сіздер айтып жатқан қоғамдық көлік қатынасы жақсарады, – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Жиында айтылған мәселенің қай-қайсысы да жеңіл қарап, жүрдім-бардым жауап беретін сауал емес. Қорғасындай салмағы бар халықтың көңіл түкпіріндегі түйінді түйіткіл болатын. Сондықтан да болар жауапкершілік жүгін сезген қала әкімі «айтылған сын орындалмаса бізге серт» деп ой түйіндеді.

Кездесуден кейін шаһар басшысы тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.  Өзек­ті  мәселелер бүкпесіз ашық айтылып, барлық ұсыныстарға тұшымды жауап берілді. Оның орындалу барысын қала әкімі өз назарында ұстайтынын жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: