Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Ол сәтті естен шығару мүмкін емес»

21.12.2021

1102 0

Уақыт сырғып қазақ тарихы жаңа оқиға, тың ақпараттармен толыға түсуде. Алайда сол бір 86-шы жылдың желтоқсанын ешкім санадан өшіре алмасы анық. Биыл міне, болашағы үшін күрескен жастардың ерлігіне – 35 жыл. Иә, басын бәйгеге тіккен желтоқсаншылардың есінен ол оқиға бір сәтке де шыққан емес. Олардың қай-қайсысын әңгімеге тартсаңыз да, сол кездегі сұрапыл сәтті суреттеп береді. Осы күндерді өз көзімен көрген желтоқсаншылар біздің өңірде де жетерлік. Соның бірі – Есенкүл Нұржанова. Ол кісімен әңгімелесу барысында біз де бейбіт күннің құндылығын ұғына түстік.

«1986 жылы мен Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің (КазГУ) физика факультетінің 3 курс студенті едім. Жасым 22-де болатын» деп әңгімесін бастады желтоқсаншы. Бәріне белгілі жайт, желтоқсан оқиғасына себеп – билікке басқа адамның келуі еді. Осы тұста оның құлағына «Қонаевты орнынан алғалы жатыр» деген сыбыс жетеді.

– Ол уақытта КазГУ-дың физика факультеті КазГУ градқа көшпеген, яғни Комсомол көшесіндегі (Некольский базары жаны) ескі корпуста оқитынбыз. Күндегідей еш алаңсыз сабақта отырған едік. Көшеден шулаған, айқайлаған дауыстар естілген соң, бәріміз терезеге жүгірдік. Қарасақ көшеде ағылған жастар. Олар «кімде-кім қазақ болса, бойында қазақтың қаны мен намысы болса көшеге шықсын, алаңға жиналып жатырмыз», – деп лек–лек болып бара жатты. Біздің жанымызда мединституттың корпусы болатын. Көбі сол институттың студенттері еді. Сабағымыз біткен соң жатақханаға келдік. Қазақстанның 1-ші хатшысы Д.Қонаевты алып тастап, орнына басқа ұлттың азаматы Колбин дегенді қойғанын естідік. Шындығында, біз үшін ұлтымыз қазақ бола тұра, қазақ елін басқа ұлт өкілінің басқарғаны шектен шыққандық, басынғандық болды. Бойымызды ашу-ыза кернеп, намыс оты маза бермеді. Бөлмемізде отыра алмадық. Сөйтіп, дәл сол 1986 жылы 16 желтоқсан күні түстен кейін сағат үштің шамасында бөлмедегі 4 қыз болып Брежнев алаңына келдік. (Алматыдағы алаң да Брежнев атымен аталатын), – деп Есенкүл апайымыз желтоқсанның ызғарын осылай еске алды. Айтуынша, алаңға барғанда нағыз соғыс басталғандай сезілген.

«Біз жеткенде алаң толған жастар екен. Үкімет үйін солдаттар қоршап тастаған. Алаңдағы жастар өз наразылықтарын қолдарына дауыс зорайтқыш алып: «Неге қазақ елін қазақ азаматы басқармайды? Қазақтан Абай шыққан, Сәкен шыққан, Бейімбет шыққан. Осындай зиялы қазақтар шыққан елді басқаратын қазақ азаматтары бар. Назарбаев (ол кезде Назарбаев екінші хатшы), Әуелбеков (бұл кісі Қызылордада облысын басқаратын) басқарсын» деп айқайлап жатты. Кімде-кім дауыс зорайтқышты алып сөйлесе, бүкіл алаңдағы жастар отыра қаламыз, өйткені оның алдында тұрып сөйлегендерді ұстап алып кете берген. Отырса, кім екенін білмей, алып кете алмайды. Бәріміз бірге Шәмшінің «Менің Қазақстаным» атты әнін шырқадық. Қазір сол ән еліміздің әнұранына айналды. Үкімет үйі тарапынан Қазақстанның бас прокуроры алаңдағы жастарға: «алаңнан қайтыңдар, ақымақтық жасамаңдар», – деп жатты. Алаңдағы бүкіл жастар «бізге Қонаев шығып сөйлесін, өзі түсіндірсін жағдайды» деді. Алайда бұл сөздерге құлақ асқан үкімет адамдары болмады» дейді батыл желтоқсаншы.

Міне, осыдан кейін алаңға милициялар келіп, дубинкаларымен алдынан шыққанның бәрін төмпештеп, қыз-жігіттердің шаштарынан сүйреп, жүк көліктеріне салып әкетіп жатыпты. Дегенмен, «кез келген соққыға шыдаймыз» деген жалынды жастар бір-бірінен ажырамау үшін шынжыр тәріздес қолдарын байлап, қарсы тұрудан сескенбеген.

– Сонымен біраздан кейін алаңда қолдарында қалқаны, дубинкасы бар жасақ көбейіп кетті. Кәдімгідей соғыс басталып кеткен секілді. Біздер ешқандай қару жоқ, құрал жоқ. Таяқтың астында қалдық. Сонда да алаңдағы жұрт қайтпады, осы кезде өрт сөндіретін бірнеше көлік алаңның ортасымен әрлі-берлі қатты жылдамдықпен су шаша бастады. Жолындағы адамдарды басып, жаншып өте берді. Сол жылы күн өте суық, қарда қалың болды. Көліктен қашу оңай емес қой, менде қаша алмай құладым. Үсті-басым малмандай су болды, ал киімдерім мұз болып қатып қалды. Жастықтың оты ма, әйтеуір, сол кезде тоңсақ та, қанша ұрса да қорқу дегенді білмедім, – дейді желтоқсаншы.

Осы түні таяқтың астында қалып, сол кездегі саясаттың салқынын сезген жастар біраз зардап шеккен. Сол бір ауыр түннен соң желтоқсаншы қайта жатақханасына келеді. Содан ертеңіне бөлмедегі кішкентай радиодан «Көшені наркомандар мен алкаголиктер, бұзақылар басып кетті» – деген жалған ақпаратты естиді. Жапқан жала, жаққан күйеге желтоқсаншылар әбден ызаланған. Алайда қолдан келер шара жоқ. Себебі оған дейін көтерілгеннің бәрін, үкімет басып-жаншып тастаған. Кейін алаңға шығып, сөз сөйлеген студенттердің бірнешеуін оқудан шығарып жіберген.

Желтоқсаншы «Бұл оқиғаның салдары қалай болды?» деген сауалымызға:

– Содан кейінгі күндеріміз тіпті қорқынышты болды. Жатақханадан қол қойып шығып корпусқа сабаққа барамыз. Ол жерден де қол қойып шығып, жатақханаға келеміз. Лекцияда отырған кезде сау етіп жігіттер (өкімет адамдары болу керек) суреттермен тексеретін. Зәреміз ұшып төмен қарап отырмыз. Группадағы біраз жігіттерді оқудан «үлгерімнің төмендігі үшін» деп шығарып, ауылдарына қайтарып жіберді. Ол кезде бұл оқиға жайлы айтуға бата алмайтынбыз. Оқудан шығарып жібере ме деген ой мазамызды қашырды. Қанша дегенмен ата-ананың артқан үміті бар. Осы егемендік алған бақытты күнді көру бұйырған шығар, аман-есен оқуымызды аяқтап елге оралдым, жұмысқа орналастым, отбасылы болдым. Аллаға шүкір, қазір елімізде бәрі жақсы ғой, – деді.

Желтоқсаншы қазірге дейін сол бір ызғарлы кезеңнің естеліктері жадынан кетпейтінін және еліміздің тәуелсіздік алу жолында айтулы оқиға тамшыдай болсын, үлес қосқанын мақтан етеді. «16 желтоқсан мен үшін қуанышты мереке емес. Өйткені бұл күні қаншама қазақ жастарының қаны төгілген, соңы ауыр зардап шегуге жеткізген, қаншама жазықсыз студенттер түрмеге қамалған қазақ елінің тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл күн мен үшін тәуелсіздікке тәу ететін күн. Ендігі жерде мұндай оқиға қайталанбай, егемендігіміз тұғырлы, еліміздің ғұмыры мәңгілік болса екен» дейді кейіпкеріміз Есенкүл Сарғалиқызы.

Осынау тарихи оқиғаны басынан өткерген сол кездегі өрімдей қыз қазір аяулы жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз. Үш баланың анасы, немерелерінің әжесі. Бүгінде Есенкүл Сарғалиқызы қаламыздағы Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі информатика пәні мұғалімі.

Иә, желтоқсан оқиғасы туралы талай әңгіме естіп жүрміз. Алайда ызғарлы күндердің куәсі болған кейіпкердің өз аузынан әңгімесін естудің әсері бөлек. Бүгінде сол уақыттағы әміршіл-әкімшіл саясатқа қарсы шыққан рухты, арманшыл жастардың алаңға шығуы нәтижесіз қалған жоқ.

А.БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: