Бейсенбі, 02 мамыр, 15:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Сол жағалау қалай салынуда?

05.08.2023

464 0

Құрылыс қарқыны қаланың даму динамикасын айқындайды. Инвестиция әлеуеті, тұрғындардың өмір сапасы да осы көрсеткішке тікелей байланысты. Сондықтан соңғы жылда қала құрылысына мән беріліп, ауқымды жобалар қолға алынуда. Әсіресе, шаһардағы сол жағалауда салынып жатқан нысандардың мән-маңызы ерекше. Жастардың басты мәселесіне айналған баспана, білім саласындағы жүктемені азайтатын жаңа мектеп, денсаулық сақтау саласын жетілдіретін қан орталығы мен аурухана іргетасы қаланған. Осы орайда сол жағалауда бой көтеретін нысандарға шолу жасап, тұрғындардан пікірін сұрауды жөн санадық.

Расында, сол жағалау сәулеті жылдан-жылға артып келеді. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарынан бөлек, тазалық жұмысы тұрақты, әлеуметтік нысандар жеткілікті. Ауқымды нысанның басым бөлігі де осында бой көтеруде. Жоспарланғаны тағы бар. Сондықтан бұл аумақтан баспана алып, жайлы мекенге қоныстанушы да көбейді. 

Тұрғын үй құрылысы – басты жоба

Кім-кімді болмасын баспана жайы алаңға салары анық. Әсіресе, пәтер жалдау жастардың жас отбасының бас ауруына айналған кезеңде аталған мәселені шешу кезек күттірмейтін қадам. Бұл бағытта Сыр өңірінде жарқын бастамалар қолға алынуда. Ипотекалық бағдарламалардан өзге, жаңа тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Тіпті жуырда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жағымды жаңалық қылаң берді. Биыл бағдарлама бойынша 692 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нәтиже де жаман емес. Жыл басынан бері 318 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді.

Жалпы облыста 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Оның тоғызы аудандарда салынса, қалған 17 тұрғын үй Қызылорда қаласында орналасқан. Соның ішінде сол жағалауда салынатын тұрғын үйлер ерекше. Олай дейтініміз, бұл жолы үйреншікті 5 қабатты емес, 7 қабатқа тұрғын үй салу қолға алынуда.

– Қазіргі таңда шаһарымыздың сол жағалауында 16 тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үй жеті қабатты болса, қалғаны 5 қабатты үйлер. Бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи бағытта және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан 7 қабат­ты тұрғынүй – 84 пәтерлі болса, 5 қабатты үйлер – 470 пәтермен қамтылмақ. Осы тұрғын үйлердің құры­лысы 2024 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен мың пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға сатып алу құқығынсыз беріледі, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәди Әліп.

Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 37 284 шаршы метр болса, бір тұрғын үйдің ауданы – 6 213,9 шаршы метрді құрайды.

– Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылы­сы сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда бригадалық топ құрылыс жұмыстарын жүр­гізуде. Жеті қабатты тұрғын үйлердің жауапты мердігері – «Аман Құрылыс» ЖШС. Осы тұрғын кварталдың инженерлік желілеріне жобалық-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сарап­таманың оң қоры­тындысы алынды, – деді қала құрылысы бөлімінің маманы Мәулен Бөбетаев.

Бұдан өзге мемлекеттік бағдарламалар­дың игілігі – «Нұрлы жер» бағдарламасымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №2-ші шағын ауданына 10 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралған. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса, жеке инвесторлар есебінен 9,9 млрд теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы жүргізілуде.

– Сол жағалаудағы тұрғын үй сапасына бай­ланысты түрлі пікір айтылатынын білемін. Алайда өзім қоныстанған үйден аңғарғаным, құрылыс сапасы көңілден шығады. Сол жағалаудан үй алуға ниетті адамдардың қатары көбейгенінен-ақ сөзімнің шындыққа жанасатынын аңғару қиын емес. Алдағы уа­қытта 7 қабатты үйден қосымша пәтер алуды мақсат еттім. Ол үшін қандай бағдарлама, талап қажетін іздеудемін, – дейді сол жағалаулық тұрғын Гүлсім Жанболатқызы.

Дайын баспана болуы бір бөлек, оны сатып алу екі басқа. Жиған қаржы, тиімді ипотекалық бағдарлама, лайықты банк таңдау машақаты тағы бар. Көп жастың «өз үйіне» жете алмауына осы қағида кедергі болуда. Оның үстіне бір бағдарламаға жалақы мөлшері сай келмесе, енді біріне отбасы талабы келмейтін жағдай кездеседі. Осыған байланысты өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ жастарының баспаналы болуын қолдау үшін арнайы бағ­дарлама дайындауды ұсынған болатын. Көп өтпей, талай тұрғынға үміт сыйлаған «Сыр жастары» бағдарламасы өмірге келді. Осы бағдарламамен сол жағалаудан бой көтеретін тұрғын үйлерге қол жеткізудің орайы туды.

Бағдарламаның ержесі БАҚ-қа жария­ланғалы үйлі болуға талаптанған азаматтар­дың қатары көбейді. Жуырда алғашқы лек, яғни 100-ден астам жас отбасыға жеңілдетіл­ген ипотекалық несие берілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Бағдарлама бойынша қызылордалық жастардың төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен қол­жетімді тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, бағдарламаға 18-35 жас ара­лығындағы облыс жастары қатыса алады. Жеңілдетілген несие 19 жылға 5% үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі, қатысушының банкте үй бағасының 10%-ын құрайтын салымы болса жеткілікті. Бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жур­налистика саласы­ның мамандары, мем­лекеттік және азаматтық қызметшілер, ғы­лыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екін­ші деңгейлі банктердің, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету сала­сының қызметкерлері мен әлеуметтік қыз­меткерлер қатыса алады. Жолдама беру балдық жүйемен жүзеге асырылады.

Медицина жайы қалай?

Жаңа аумаққа тек тұрғын үй емес, меди­циналық нысандардың бой көтеруі қажетті қағида. Себебі денсаулық сақтау мекемесі жедел қызмет көрсетуге, қаланың дамуы мен сол аумақтағы тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасуына септеседі. Сол жағалауда қарқын алған құрылыс қатарында қан орталығының болуы – сөзімізге дәлел.

Қан орталығы Сыр өңіріндені бірегей меди­циналық нысан болмақ. Бөлінген қаржы да қомақты. Нысанның жобалық құны – 2,5 млрд теңге. Бас жобалаушы – «Крез-Сервис» ЖШС. Ал мұндағы жұмыстың уақытылы әрі сапалы бітуіне жауапты – «СК Дәнекер» ЖШС. Өткен жылы құрылысты бастаған мердігер мекеме биыл жұмысты жалғастыруда.

– Қан орталығының құрылысын был­тыр тамыз айында бастадық. Қыста  құрылыс­та  30 адам  жұмыс істеді. Ауа райының қолай­сыздығына байланысты жұмыс баяула­ған бо­латын. Күн жылынғанда қайта қар­қын алды. Қазір мұнда 60 адам еңбек ету­де. Барлығы – жергілікті  тұрғындар. Айлық 130-170 мың теңге аралығында. Жаз ай­ларында жұмысшы санын 180-200-ге дейін көбейтпекпіз, – деді «Дәнекер  құрылыс  ком­паниясы»  ЖШС-ның  ат­қарушы  ди­ректоры  Жоламан Спанов.

Айта кету керек, жоба барысында қолда­нылатын құрылыс заттарының 90 пайызы – қа­зақстандық өнім. Мәселен, тас, гравий, щебен, цемент, кірпіш,  жабынды  плиталар жергілік­ті өндіруші  зауыттардан алынады. Ал арматура сияқты облыста өндірілмейтін заттар  тапсы­рыс  бойынша сырттан әкелінеді. Мердігер мекеме мамандары жұмысты еңсеруге техни­ка жеткілікті екенін айтып отыр.

Қазіргі таңда үш қабатты ғимарат заманауи архитектуралық талаптарға сай салынуда. Бүгінге дейін бас корпустың (А және Б блогы) жерасты  жұмыстары  толық аяқталған. Қос блоктағы бөлмелердің қабырғалары темір­бетоннан  құйы­лып,  жабынды плиталары монтаждалыпты. А блогындағы 1-2 қабаттың бағаны мен ригель­дері бетоннан құйылса, Б блогындағы 1-2 қабат толық кірпіштен өріліпті. Тағы бір біткен іс – электр қуатының трансформаторлық подстан­циясы. Ол да толық салынып, қашықтығы 2,3 шақырым болатын жоғары кернеулі кабелі екі желімен жүргізілген.

Әрине, медициналық нысанның талап-ережесі қатаң. Белгілі қағида, құрылыс ұста­нымы сақталуы шарт. Мұндай мақсатты еңсе­руге заманауи құрылыс материалдарынан бөлек, білікті маман қажеті түсінікті. Осы орайда Қан ор­та­лығының құрылыс жұ­мысына атса­лысып жүр­­ген Қазақстанның құр­метті құры­лысшы­сы Қалдыбек  Әбдіреев тиісті талаптың сақталуын қадағалауда. Тіпті өзі учаске басшы­сы болған­дықтан барлық ережені жіті бақылауға алған.

– Дәл қазір А блогындағы 3-қабат баға­на­­ларының арматуралары  тоқылуда. Б бло­гындағы 3-қабат қабырғаларының кірпішін қалап, терезелерін салып жатырмыз. Сонымен қатар бес көлікке арналған гараждың  қабыр­ғалары қаланып, плиталары жабылды. Осылай өзегін тұрғызсақ, алдағы уақытта ішкі-сыртқы жұмысына кірісеміз. Сыртқы бөлігі травертинмен қапталатын болады. Жалпы бар­лығы талапқа сай, арнайы мекемелердің жіті қадағалауында, – деді маман.

Жыл соңына дейін қан орталығының құрылысы аяқталса, Сыр медицинасы жаңа белеске шығады деген сөз. Себебі орталық құрылысын жүргізу Қызылорда облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдар­ламасы аясында жүзеге асуда.

Жалпы, сол жағалауда бой көтерген медици­налық нысан қатары артып келеді. Мысалы, жуырда сол жағалау мөлтек ауданын­да заманауи технологиялармен жабдықталған «NAZDARMED» отбасылық және интегративті медициналық клиникасы ашылды.

Салтанатты шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов пен сала ма­мандары мекеменің тұрғындар денсаулығы мен кәсіпкерлік әлеуетті көтеруге көмегі зор екенін жеткізді.

«Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы алдымызға қойған басты міндеттердің бірі. Біз шаһардың барлық тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді мақсат еткен мұндай ауқымды жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз», – деді Ж.Сейілов.

Клиника басшылығы кәсіп жүргізуге «Даму» қорының қолдауымен бірінші дең­гейлі банктен 71 млн теңге, екінші деңгейлі банктерден 42 млн теңге несие алған. Нәтижесінде, заманауи талапқа сай емхана бой көтеріп, 32 маманды жұмыспен қамтуға қол жеткізген. Соңғы үлгі­дегі құрылғылармен жарақтанып, білікті мамандар­дың басын қос­қан емдеу нысаны күндізгі стационар және диагностикалық кеңестер қызме­тін ұсынатын болады. Қызылордалықтарға қол­жетімді ме­дициналық қызмет ұсынуға мүмкіндік берген мекемеге сол жағалаулық тұрғындардың да алғысы зор.

– Денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету басты міндетке айналуы керек. Халықтың қалауы да осы емес пе?! Сондықтан қалада бой көтерген кез келген медициналық мекеменің жұмысын таразылап жүремін. Соның ішінде жақында ашылса да «NAZDARMED» отбасылық кли­никасының қыз­метіне көңілім толды.  Оған қоса қала орта­лығына сабылмай, сол жағалаудан тиісті ем-домды алуға жағдай жа­салғаны қуантты, – дейді шаһар тұрғыны Әбілсейіт Мұқамбаев.

Бүгінде Қызылорда қаласында ғана емес, об­лыс бойынша медициналық нысандарды жаң­ғырту, тұрғындардың сапалы қызмет алуын жеңіл­­дету бағытында жетістік көп. Соның ішінде «Дені сау ұлт» ұлттық жоба­сының өңірдегі игі­лі­гі біршама жаңалыққа сеп болды. Мысалы, өткен жылы облыстағы бастапқы медициналық са­ни­­тариялық көмек көрсету ұйымдарына 807 753 тұрғын тір­келген еді. Оларға медициналық кө­мекті 18 стационарлық, 22 амбулаториялық-ем­ханалық медицина ұйымдары көрсетті. Тұр­ғын­­дардың бастапқы медициналық көмек көр­сету ұйымдарына қолжетімділігін арттыру мақ­­са­тында орталық қалалық емханасы қолда­ныс­қа беріліп, соның негізінде №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, ден­­саулық сақтау желісі нормативке сәйкестен­ді­рілді. Мұның өзі жоба аясындағы кезекті жетістік.

Басқарма мәліметі бойынша, қалалық орта­лық емханасына компьютер, облыстық психикалық денсаулық орталығына ассени­затор және автобус автокөлігі, облыстық перинаталдық орталығына қазандық жаб­дық­тарына, транформаторлық қосалқы стан­ция­сына, бактериологиялық анали­затор ап­паратына, облыстық қан орталығына имму­нохимиялық анализатор аппаратына бюджет есібінен қаржы бөлінді.

Аудан ауруханаларының да кемшін тұсы кесе-көлденең шыға бермей, онда да жағдайды реттеу мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Сырдария ауданы Шіркейлі дәрігерлік амбула­ториясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де қаражат қарастырылып, бұл денсаулық саласының қалыпты дамуы үшін жасалған негізгі қадамдардың бірі болды.

Қарқынды құрылысы аяқталып, көптің қуанышын еселеген емханалар әлі де бар. Өткен жылы Жаңақорған ауданында Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құры­лысы аяқталып, іске қосылды. Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында 6 медициналық бекет қолданысқа берілді. Одан бөлек, орталық қа­лалық емханасы және Қазалы аудандық емханасы халық игілігіне ұсынылды.

Жалпы биыл денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы құны  9,7 млрд теңге болатын 27 нысанның құрылысы жоспарланған. Соның ішінде құны 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрі­герлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жергілікті бюджет есебі­нен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне аталған 16 жобаны биылғы жылы қаржыландыру үшін жыл басында бюджеттік өтінім ұсынылып, рес­публикалық бюджет есебінен  15 дәрігерлік амбулатория құрылысына 5,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Мұның өзі салада салмақты жобалар әлі де жалғасатынын білдірсе керек.

Үміт арқалаған білім ордасы

Жаңа мөлтек ауданда тұрғын саны арт­қанын айттық. Енді, міне, сол аймақ халқын балабақша және мектеппен қамту кезек күттірмейтін мақсатқа айналды. Себебі бұған дейін мөлтек аудандағы «Orda school» жеке мектебі жүктемені орындағанымен, балалар санының артуына байланысты жаңа мектеп салу ісі қолға алынды. Соның ішінде физика-математика бағытындағы мектеп-интернат жобасы жас интеллекттің жаңа аймақта жетілуіне мүмкіндік бермек.

Жуырда аталған мектеп-интернат ғимара­тының іргетасы қаланды. Маңызды шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге жұмыс сапарымен Сыр өңіріне ат басын бұрған бір топ мәжіліс депутаттары қатысқан еді. Жиылған жұрт заманауи үлгідегі жаңа білім ордасының ірге көтеруін қуана қабылдады.

«Президент қазіргі цифрландыру, ин­дустрия­ландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңызды­лығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін бағыттарды дамыту – біздің ортақ міндетіміз!

Бүгін – Сыр жұртшылығы үшін айрықша қуанышты күн. Құны 8 млрд теңгені құ­райтын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал өмірде өшпейтін із – балаға берген білім мен мейірім болса керек. Балаларымыздың болашағы зор болсын!», – деді аймақ басшысы.

Жалпы, қаладағы жағымды бастама Үкімет тарапынан жүйелі қолдауға ие болуда. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапармен келген болатын. Ол кезде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мек­теп-интернатының құрылысын бастауға қол­дау білдіргенін білеміз. Сондай-ақ №101 Ә.Мүсілімов және №2 Абай атындағы мек­тептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» тұрғын ауданынан 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылынан 250 орындық мек­теп құрылысын аяқтау да жоспарға енгізілді. Мердігер мекеме «Промстройсервис Е» құры­лыс компаниясы мектеп ғимаратын келер жылы аяқтап, пайдалануға береді деп жос­парлануда.

Айта кетейік, өткен жылы аймақта 19 бала­бақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілгені белгілі. Алдағы 3 жылда 64 балабақша және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынбақ. Жеке мектептердің де үлесі артып келеді. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істесе, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдірген. Мұның бәрі Сыр елінің білім көрсеткішін көтеріп, оқушылардың са­палы білім алуына көмегін тигізетіні анық.

Автовокзал – қала бастауы

Қала қонақтарының шаһар туралы ой-пікірі имиджге әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Инфрақұрылым, ғимараттар сәулеті, тазалық көрсеткіші оң пікірдің қалыптасуының бірден- бір жолы. Алайда ең басты тетік әрі алғашқы әсер теміржол вокзалы мен автовокзалдан басталатыны анық. Сондықтан қала келбетін өзгертуде осы екі нысанға басымдық беру маңызды. Алғашқысы – теміржол вокзалы жөндеуден өтті. Ендігі кезек автовокзал жайы болмақ. Бұл ретте сол жағалаудан жаңадан автовокзал бой көтеріп, жуырда жаңа нысан пайдалануға берілмек.

Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жолаушылар тасымалының сапасын көтеру мақсатында Қызылорда қаласы аумағынан жаңа автовокзал салу жоспарлануда. Бұл ба­ғытта әлеуетті инвестормен меморандум жа­салған. Жаңа автовокзал құрылысы инвестор тарапынан толық қаржыландырылады. Жуыр­да облыстық жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде жобаның аяқталу мерзімін айтқан болатын.

– Айта кету керек, мемлекеттік органдар тарапынан инвесторға заң аясында барлық қолдау шаралары көрсетілетін болады. Іске асыру мерзімі, яғни жобалау жұмыстарын 2023 жылдың наурызына дейін, ал құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Жалпы, жобаның құны шамамен 800 млн. теңгені құрайды, – деді сала басшысы.

P.S. Иә, сол жағалауда бой көтеретін ғимараттар мұнымен шектелмейді. Құрамында онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық ауруханамен 7 мың орындық стадион, ауқымды базар секілді маңызды нысан жұмысы  – алдағы жоспар. Тек сол жағалаудағы құрылыс сапасы назардан тыс қалмай, қадағалау жүйелі жүргізілсе, жобаның сәтті жүзеге асқаны.

Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: