Бабаларымыздың жүріп өткен жолына үңілсек болды, тарихтың күрмеуі тарқатыла түседі. Бұл жай күрмеу емес, қатпар–қатпар болып қатталған, ешкім ашпасын деп тастың ішіне тасталған тарих іспетті. Шынтуайтына келгенде, өз тарихымызда өзіміз білмейтін тұс көп. Соның бірі – Есім ханның ұлы Жәнібек ханға қатысты деректер.
Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылдың тамыз айында Ұлытау өңіріне сапарлап барған болатынбыз. Жай сапар емес, қазақ-жоңғар соғысындағы ең атақты шайқастың бірі болған Бұланты жеріне барудың сәті түсті. Сол жылы Бұланты шайқасына 290 жыл толған екен.
Алтай мен Атыраудың арасындағы сайын даланы мекендеген қазақ халқының басынан небір нәубетті жағдайлар өткен. Солардың бірі ретінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын атап өтуге болады. Атамекенінде шапқыншылыққа ұшырап, «Елім-айлаған» жұрт қайта бас көтеріп, 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында қалмақ әскерімен кескілескен ұрысқа түседі. Елбасы Н.Назарбаев: «Орыстар үшін «Полтава шайқасы» қандай маңызды болса, біз үшін де «Бұланты шайқасының» тарихи маңызы зор», – деген болатын.
Тарихи мәліметтерде ХVІІІ ғасырдың басында қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрғаны айтылады. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланды. Бұл жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы «Шұбар теңіз» шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа «Бұланты шайқасы» деген атпен енді. Тарихи ұрысқа Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Тауасар Тілекеұлы, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Жасыбай, Есет, Малайсары, Баян, Олжабай, Барлыбай, Қожаберген, Түгел, Бөлек, Төлек Шақантай, Жаулыбай, Қошқарбай, Жәлмен, Қанатбай, Байболат, Апыр, Аманғұл, Түйте сияқты басқа да көптеген батырлар қатысқан. Шешуші айқаста қазақ жасағы жеңіске жетіп, жоңғарлар Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі тау басына жерленді. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды. Бұл оқиға жайлы сол сапардан түйген ойдың қорытындысы ретінде кезінде Қызылорда облыстық “Сыр бойы” газетіне «Бұлантының бойында қазақ қалың қол жиған» деген тақырыппен мақала да жаздық.
Ұлытау жерінде жүргенде жергілікті халықтан Жәнібек ханның аталығы болған Сары батыр туралы естідім. Ол қай Жәнібек? Қай ғасырда өмір сүрген? Жезқазғандағы жұрттың есінде қалатындай қандай тұлға? Содан бері осы сұрақтар маза бермей келеді. Қол босаса болды тарихи кітаптарды оқып әлекпіз. Сондағы мақсатым – әлгі Жәнібек хан туралы деректерді табу. Өйткені тарихта бірнеше Жәнібектің болғаны белгілі. Қазақ жұртының есінде сақталғаны хандықтың іргесін қалаушылардың бірі – әз-Жәнібек. Бұл кісіге әз есімінің берілуінің өзі тегін емес. Қазақта екі-ақ ханға әз әсімі берілген. Соның бірі – Жәнібек хан да, екіншісі – әз-Тәуке. Алғашында «қазақтың есінде сақталса, осы әз-Жәнібек болды ғой» деп ойладым. Кейін ғалым Ақселеу Сейдімбектің “Балталы, Бағаналы ел аман бол” атты Ұлытау аймағына қатысты шежірелік кітабы қолыма түсті. Сол кітаптағы шежірелік деректер бойынша, Сары батырдың өмір сүрген уақыты 1550-1650 жылдардың шамасы секілді. Жай арифметикалық есеппен қарағанның өзінде шамамен жүз жылдай уақыт айырмасы шығып тұр. Бұл дегенің Сары батырдың шәкірті болған Жәнібектің әз-Жәнібек емес екенін көрсетіп тұр. Сонда мен іздеген Жәнібек хан кім болды? Өзі өмірде болған адам ба, әлде қиялдағы кейіпкер ме? Содан тапқан дерегіме көз жеткізе түсу үшін басқа да зерттеушілердің дүниесіне үңілдік. Алдымен Мәди Болатовтың онан соң Қуаныш Ахметов пен Сұлтан Сүтбаевтың жазбаларын қарап шықтық. Аппаз Қаражігітовтің де кітаптарын ақтардық, мақалаларын сараптап шықтық. Ұлттық энциклопедияны да парақтаудың реті келді. Тіпті еліміздің ұлттық мұрағатына да барып, қажетті материалдармен таныстық. Нәтижесінде мен іздеген Жәнібек әз-Жәнібектен басқа адам болып шықты.
Тарихи материалдарды саралап қарағанда, Алтын ордадан бері қарай Жәнібек есімімен кездесетін бірнеше хан-сұлтан бар екен. Ал біздің нысанға алып отырғанымыз Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – әз-Жәнібектен бір ғасырдай кейін өмір сүрген адам. Соған қарағанда әз-Жәнібектің ұрпағы. Бабасына ұқсасын деп есімін солай қойған секілді. Мұндай дағды қазақ халқында қазір де кездеседі. Бір ғана мысалмен айтар болсақ, қазір халық арасында мыңдаған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай есімді жігіттерді кездестіруге болады. Әз-Жәнібектің ұрпағы болатын болса, дәйекті деректі хандар шежіресінен іздеу керек деген ойға келдім. Содан ғаламтор беттерін ақтарып отырып, Қазақ хандығының хандар шежіресін сүзіп шықтық. Бұл жерде Есімнен кейін оның ұлы Жәнібек сұлтанның хан болғаны жазылған. Бірден тарихи және ауызша деректерді салыстырып, тағы бір қарап шықтық. Шежірелік деректерге де үңілдік. Бұл жерде Ұлытау жерінде Бағаналыдан тарайтын Сары батырдың шыққан тегіне, өмір сүрген уақытына ден қойғанда, оның Есім ханның тұстасы екенін аңғардық. Бұдан ел аузындағы Сары батырдың Жәнібек ханның аталығы болған деген деректің де шындыққа біртабан жақын екенін байқауға болады.
Осы жерден ойды басқа жаққа бұрып, хан баласының аталығы болатындай Сары батырдың кім екенін айғақтап алайық. Бізге жеткен шежірелік деректерде Сары батырдың Жәнібек ханның аталығы екені, ал оның інісі Сарғалдақтың жекпе-жекте дес бермеген хас батыр болғаны айтылады. Энциклопедиялық мәліметтерде аталық – хан ордасында тақ мұрагеріне әскери тәрбие беретін және оқытатын жоғары мәртебелі адам. Өзі тәрбиелеген ханзада билікке жеткен соң оның кеңесшісі қызметін атқарған. Ауызша деректерге қарағанда, аталық көбінесе нағашы жұртынан немесе тағайынан таңдалған көрінеді. Аталықтың қызметі хан тағының мұрагеріне билік технологиясын және әскери өнерді үйретумен шектелген жоқ. Құрбанғали Халидидің мәліметіне сүйенсек, оның билік құзыры қатардағы уәзірден жоғары болған. Тіпті оның жарлыққа хан құқығындай мөр қоюға да құзыры болды. Демек аталық ханның аса ықпалды жақын кеңесшілерінің бірі болса керек. Өкінішке орай, қазақ хандарына қатысты аталған тұлға жөнінде деректер жоқтың қасы
Аталық бұл – бүгінгі тілмен айтқанда хан баласының ұстазы. Яғни елді басқарып отырған хан ұлдарын өз жұртындағы батырлығымен дараланған, ақыл-парасаты ханзадаға жол көрсетіп, жөн сілтеуге жетерлік жанға шәкірт ретінде тапсырып отырған.
Хош делік, хан баласына ұстаз болған Сары батырдың осыдан-ақ тегін адам еместігі көрініп тұр. Біз қазақтың хандар шежіресін алып қарағанда, Еңсегей бойлы ер Есімнен кейін 1628-1643 жылдар арасында Қазақ хандығының ханы Жәнібек ханның болғанын аңғардық. Ашығын айтсам, өз басым қатты таңғалдым. Өйткені Есімнен кейін хан тағына Салқам Жәңгір отырды деп ойлайтынмын. Ал мына дерек бойынша арада тағы бір ханның болғаны көрсетіліп тұр. Оның үстіне қазақ аталып келген осынау жұртты 15 жыл басқарған. Сонда бүтін бір ұлысты 15 жыл уақыт басқарған хан есімі неге бүгінде көп аталмайды? Жәнібек хан туыстық жағынан алғанда Есімханның үлкен ұлы екен. Яғни тақ мұрагері. Салқам Жәңгір атанған тарихи тұлғаның туған ағасы. Осы деректерді саралай қарағанда, Сары батыр Есім ханның ұлы Жәнібек ханның ұстазы болуы бек мүмкін. Солай болған жағдайда Сары мен Сарғалдақ батырлар Есім ханмен бірге талай жаудың бетін қайтарған болып тұр ғой. Дәл сол Есімнің тұсында Сары мен Сарғалдақтай қазақтың қос батыры қайсарлығымен һәм қаһармандығымен дараланғаннан кейін ғана өз ұлына Сары батырды аталық еткен сыңайлы. Нақты қандай шайқастарға қатысқанын тарихшылар тәптіштеп айта жатар. Тек оқырман тарихи деректерге мән берсе дейміз.
Тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Есім хан» атты мақаласында Есімнен кейін таққа оның ұлы Жәнібек сұлтанның отырғаны айтылады. Академик: «Деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады», – деген мәліметтерді алға тартады. Демек қазір есімі ел ішінде көп айтылмаса да біз жазып отырған Жәнібек ханның тарихта болғаны, оның ел басқарғаны тарихи шындық. Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағатында ғалым Ақселеу Сейдімбектің жеке қоры сақтаулы тұр. Осы мұрағаттағы №167 қор, №1 тізім, 179-іс, 26-бумада сақталған құжатта Жәнібек ханның соғысқа Сары батырмен бірге барғаны жазылған. Бұл дерек те біздің сөзімізді айғақтай түседі.
Осы жерден бағытты сәл өзгертіп, Сары мен Сарғалдақ батырлардың Есім ханның сенімді серіктері болған деп айтсақ, ешкім сөзімізге қарсы келе қоймас. Оның басты дәлелі ретінде Жәнібектей тақ мұрагеріне ұстаздығын айтсақ та болады. Сенімді батыры һәм билік ісінен хабардар болмаса үлкен ұлына аталық етпес еді. Ал аталықтың қатардағы уәзірден жоғары лауазым екенін жоғарыда атап өттік. Сонда Сары мен Сарғалдақ Есім бастаған бірнеше шайқасқа қатысқан болып тұр ғой. Басқасын айтпағанның өзінде Тәуекел ханның Орталық Азияны бағындыру жорығында Есімнің жанынан табылуы әбден мүмкін. Онан кейінгі Тұрсын ханға қарсы жорықтың басы-қасында жүруі де ықтимал.
Жазушы Аппаз Қаражігітовтің «Мысты өңір» газетіне жарияланған «Барлыбай батыр» деген мақаласында Сары мен Сарғалдақ батырлар хақында дерек айтылған. А.Қаражігітов: «Бағаналы Найманның Сары есімді баласы да жау сағын талай қансыратқан, өз заманында батырлығымен ел жұртына атағы жайылған кісі болады. Заманына қарап адамы демей ме, әлдісі әлсізін басып алып, мал-жанын олжалайтын сұрапыл заманда өмір кешкен батыр, кейін Сарыата атанған кісі он екі әйел алған деседі. Бірақ жаугершілік заманның батыры сол әйелдердің бәрін де жаудан олжалаған сияқты. Ол замандағы қазақ елі үшін басты жау қалмақтар болды емес пе? Сол ата жаумен бір айқаста жеңілген жау қашып, жеңген батырлар жауды туған жерден түре қуады. Тағы да сол кездің, жеңілген жақтың белгісі ретінде дәстүрге кірген бір салты – қашқан жау жұртына жасауы мен ақ отауын тігіп, бойжеткен сұлу қызды тарту-таралғы ретінде қалдырып кететін болған. Жауды түре қуған батырлар бір биіктің басына шыға келсе жау жұртына қалдырған ақ отау көрінеді. Бұл әрине, жаудың бітім сұраған, әрі жеңілгенінің белгісі. Осындай бір жеңістің куәсі болған ерлер өзара: «Ал, жігіттер, – депті. – Бұл отауда бір ғана қыз бар. Біз әлденеше кісіміз. Жалғыз қызды үлеске де сала алмаймыз және жеңілген жаудың қызына кімге барғысы келеді деп таңдау да бере алмаймыз. Жеңілген жаудың көп дүниемен ең сұлу қызды қалдыратыны да белгілі. Ендеше осы жолы жасы үлкен, не кіші демей, не ерен ерлігімен, батырлығымен айрықша беделді еді деп біреуімізді ерекшелемей, осы топтан қайсысымыздың атымыз озып бұрын барғанымыз ғана қызды алатын болайық» – деп бәтуаласыпты. Бойларында бес қаруы сай кілең сәйгүлік мінген батырлар осы бәтуаға келісіп, ат басын босатып жіберіпті. Жарысқан соң көптің бәрі бірдей мәреге озып жете бере ме?! Әйтсе де, оншақты батыр үзеңгі қағысып отауға қатар келіп қалыпты. Сонда аты алдындағылардан сәл қалыңқырап келе жатқан Сары батыр найзасын қыз отауының шаңырағына шанша лақтырыпты. Ақ отаудың түндігінен тесіп түскен найза маңдайшаға қадалады. Дүниені көшірген абыр-дабырдан жалғыз отауды қаңбақтай көшірер қалың нөпір қолдың дүбірінен онсыз да зәресі ұшып, заманы уыс болып отырған қызға: – Қане, озып келген батырды атынан түсіріп ал! Таңдау сол! Олжа соныкі. Бақталайына қандай сұлу кез болды екен. Көрейік! Шық бері! – деген дауыс естіледі. Қолаң шашы тірсегін жапқан, қара көзі мойылдай аппақ ару үйден бұрала шығады. Ұзақ саны мың ба, әлде одан да көп пе, сауыт сайманы жарқ-жұрқ, найзасы көк тіреген қалың тобырдың ортасында қалған қыз аңтарылып таңдана қарап қалады. Ақ отауды ентелей келген батырдың бірі: – Ұста менің шылбырымды, озып келген менмін! Мына самсаған қол, найза көтерген ерлердің бәтуасы бұл! Сен озған ердің олжасысың! Маған тиесілісің! – депті. Кимелеген, атының басымен алысқан басқалар да әлгі батырдың сөзін қуаттай қызға сол пікірді жеткізеді. – Жоқ, – депті қыз сонда. – Бәрінен озған, аттан да бұрын жеткен біреу бар. Менің бақталайыма кездескен сол болар. Кім болса да маған ие сол. Ақ отаудың түндігін жай оғындай жарып өтіп, маңдайшаға қадалған көк сүңгі кімдікі болса, мен соныкімін. Бәрінен бұрын қолы жеткен батыр сол! – депті. Сондағы найза иесі Сары батыр болады. Қыздың аты Аққыз екен. Көп ырғаспай қыздың төрелігіне тоқтап, бәрінен бұрын ақ отауға найзасы жеткен Сары батырға Аққызды қосады», – дейді жазушы.
Бұл деректерден Сары мен Сарғалдақтың қатардағы сарбаз не ел жадынан ұмыт болған батырлар санатынан еместігін аңғаруға болады. Тіпті ұрпақтары жауға қарсы осы кісілердің есімімен атойлап шапқан. Енді бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені Тауасар, Өтеген, Барлыбай, Жаулыбай сынды өмірін туған елін қорғауға арнаған батырлардың ұраны Сары-Сарғалдақ болған. Бұл – тарихи шындық.
Есімнен кейін таққа отырған, Қазақ хандығын он бес жылдай басқарған Жәнібек ханға қайта оралайық. Жоғарыда Сары батырдың Есім ханның сенімді серігі болғанын, сол себептен де тақ мұрагері болып табылатын үлкен ұлына аталық еткенін айтқан болатынбыз. Осы жерде Есім ханның жорықтарында оның ұлы Жәнібектің де болғанын алға тартқымыз келеді. Оған тарихи деректер де келтіруге болады. Жалпы Есім ханның ұлы Жәнібек хан туралы деректер XVII ғасырдың алғашқы жылдарындағы Қазақ хандығы мен Мәуереннахрдағы аштарханилық әулет арасындағы оқиғаға байланысты жазбаларда кездеседі. Ал отандық ғалымдардан біз негізге алған Жәнібек ханның өміріне байланысты мәліметтерді алғашқылардың бірі болып Т.Сұлтанов ұсынды. Одан кейін тарихшы И.Ерофеева 1998 жылы Алматы қаласында И.Г.Андреевтің «Описание Средней Орды киргиз-кайсаков» атты еңбегін басып шығарып, еңбекке түсініктемелер жазу барысында Жәнібек ханға тоқталады. Бұл жайында академик Б.Кәрібаев халықаралық «Түркістан» газетіне шыққан «Есімнің ұлы Жәнібек хан» атты мақаласында кеңірек тоқталады. Ол И.Ерофееваның И.Андреевтің Жәнібек хан мен Жәңгір ханды Есім ханның ұлдары деп көрсетуіне мынадай түсініктеме бергенін айтады: «Жәнібек хан. Бұл жерде Есім ханның үлкен ұлы, шамамен 1628 жылдан – XVIII ғасырдың 40-шы жж. ортасы аралығында қазақ даласында билік құрған Жәнібек хан жөнінде айтылып отыр…».
2012 жылы тарихшы Т.Жұмағанбетовтің «XVII ғасырдағы қазақ мемлекеті тарихындағы II Жәнібек хан» атты мақаласы шықты. Т.Жұмағанбетов алғаш рет отандық тарихнамада Жәнібек ханның тарихи рөлін көрсетуге тырысады. Біз осы мақаланы жазу барысында әлеуметтік желіге де Есімнің ұлы Жәнібек хан жайлы кімнің не білетінін сұраған болатынбыз. Фейсбук парақшасындағы жазбаға Сыр бойына белгілі тарихшы Бақытжан Ахметбек пікір білдіріп, Жәнібектің Есімнің ұлы екенін әрі тұлғалы батыр болғанын атап өтті.
Тарихқа зер салсақ, Жәнібек хан таққа отырып, ел басқарған жылдары шығыстағы ойрат тайпалары бірігіп, Жоңғария мемлекетін құрған. Бұл – шамамен 1635 жыл. Тайпалар бірлестігінен құрылған соң Жоңғария жолындағыны жайпап өтуге дайын мемлекетке айналды. Сонау Өзтемірдің кезінен басталған жорық Батырдың ойранына ұласты. Үлкен мемлекеттің хонтайшысы болған Батыр қазақ жеріне шабуылдауға көшті. Бұрынғы қазақ-ойрат, одан кейінгі қазақ-қалмақ текетіресі енді мүлде басқаша сипат алды. Бір кездері Өзтемір тайшы Керей мен Жәнібек құрған мемлекетті басып алуға ыңғайланса, енді Батыр мүлдем жоймақ ниетке көшті.
Орыс дерегіндегі мәліметтерге қарасақ, Жәнібек хан тұсындағы қазақ-жоңғар қатынастары 1630-жылдардың ортасында басталып кетеді, дейді тарихшы Б.Кәрібаев өзінің «Есімнің ұлы Жәнібек хан» атты мақаласында. Ғалымның айтуынша, 1635 жылғы 19 шілдедегі, 1635 жылғы 6 шілде мен 2 желтоқсан арасында жазылған құжаттарда жоңғарлардың қазақтарға жорығының болғандығы, қазақтардың жеңіліс тапқандығы және қазақтың Жәңгір сұлтаны тұтқынға алынғандығы туралы баяндалады. Бірақ бұл құжаттарда қазақ ханының кім екендігі айтылмайды. Ал 1639 жылдың 17 тамызында жазылған құжатта қазақ ханы Жәнібек ханның есімі бірнеше рет айтылады. Құжат мәтініндегі Жәнібек ханға тікелей қатысты жерді толықтай беруге тырысалық. «(л. 731) И как, государь, смотрели мы, холопи твои, тобольских служилых людей и юртовских служилых татар, которым идти на твою государеву службу с Яковым Тухачевским, и в те поры сказывал нам, холопем твоим, в съезжей избе Тобольсково города атаман казачей Гаврило Ильин: В прошлом де, государь, прежние стольник и воеводы князь Михайло Темкин Ростовской с товарыщи посылали ево, Гаврила, в Колмацкую Орду к Талаю тайше в посланникех говорити о тюменском полону. И при нем де, государь, Талай тайша со многими колмацкими тайши ходили в поход казачьи Орды против Яныбека царя, а ево де, Гаврила, Талай тайша имал с собою ж. И в том де, государь, походе // (л. 732) с ним были твои государевы изменники тюменские татаровя Янбайко Янтурин с товарыщи. И идучи де, государь, те татаровя улусами у Енденя да у Торгучи тайшей в улусех и во всю дорогу били челом тайшим, чтоб им, пришед ис походу от Яныбека царя, итти под твои государевы городы и на слободы. И как Талай и Елдень и Торгучи и иные многие колмацкие тайши и абаши с колмацкими своими улусными людьми ис походу пришли и стали улусами своими у озер у Ильдень камени, и на то де урочищо при нем, Гавриле, присылали к Талай тайше колмацкие Ельдень да Торгучи и иные многие тайши и абаши, чтоб им итти под твои государевы городы под Тюмень и под слободы. И в колмацкой, государь, записной книге прошлого года написано: Посылан он, Гаврило, да с нис тобольсой юртовской служилой татарин Келмамет княж Бегишев к Талай тайше говорити, чтоб он, Талай тайша тюменской и тарской полон, что улусные ихлюди поимали под Тюменью и под Тарою, сыскав, вес отпустил без задержанья… И ходил де Талай тайша в поход Казачьи Орды против Яныбека царя и, пришед де ис походу, в тюменском полону ему отказал… …А что, государь, Гаврило Ильин сказывал нам, холопем твоим, в распросе, как Талай тайша и иные тайши ходили в поход Казачьи Орды против Яныбека царя» [4,338-340].
Көріп отырғанымыздай, құжат мәтініндегі жоңғарлық Далай тайшының қазақтарға жорығы 1638 жылы болып, ол кезде қазақ билеушісі болып Жәнібек хан отырған. 1640 жылдың 3 маусымы мен 1641 жылдың 3 ақпаны аралығында жазылған құжатта «Хантайшыда Қазақ ордасындағы Жәңгір сұлтанның төрт бұхарлық елшісінің» болғандығы баяндалады. Орыс тіліндегі бұл құжаттың мәліметтеріне талдаулар жасай келе, жинақты құрастырушы А.Исин 1640 жылғы орыс елшісі М.Ремезовтың Батыр хонтайшыға барған сапарына мынадай түсініктеме береді: «1640 жылы 1 қарашада М.Ремезов Батыр хонтайшы алдында сөз сөйлеп, оған «патша сыйын» тапсырғанда оның жанында Елден тайшы (торғауыт Үрлік тайшының ұлы), Қазақ ордасынан Жәнібек ханның елшісі және тағы үш елші отырады». Осындай мәліметтерді алға тартқан академик Кәрібаев мұнан соң орыс тіліндегі құжаттарда Жәнібек ханның есімі кездеспейтінін айтады.
«Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ресми сайтында Жәнібек Есімұлы жайлы бірқатар дерек бар. Онда: «Жәнібек Есімұлы – XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ханы. Ол қазақ хандарының Жәдік әулетінен тарайды. Есім ханның үлкен ұлы. Тарихи деректерде балалары туралы мәлімет жоқ. «Бахр ал-асрар» атты шығыс дерегінде 1611 жылы Есім хан Орта Азияның бір бөлігін басып алғанда Жәнібек сұлтанды Мәуреннахрдағы алты иеліктің бірінің бас қаласы болып табылатын Сагарджа шаһарына әкім етіп тағайындаған. Оның Қазақ ордасының ханы болып билік жүргізуді бастаған жылы туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен XVII ғасырдың 30 жылдарында ағасы Абылай сұлтан қайтыс болғаннан кейін таққа отырды деп болжам жасауға болады. Қазақстан тарихын зерттеуші ғалым И.В. Ерофеева Жәнібек ханның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетін орыс тілді құжаттар бойынша, оның «Қазақ ордасының» билеушісі, яғни «царь» титулы болғандығына айрықша назар аударады. Бұл Жәнібек ханның XVII ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақ хандығының билеушісі болғандығын дәлелдейді. Тарихи деректерде Жәнібек хан Қазақ хандығына үлкен қауіп төндіріп тұрған ойраттармен көп соғысқан. Сондай-ақ ол ойраттармен болған ірі шайқастардың бірінде қаза тапты деген пайымдаулар келтірілген. Жәнібек хан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген тарихи тұлғалар тізіміне енгізілген», – деп жазылған.
Қай деректі алсақ та, кімнің мәліметіне үңілсек те Есім ханның Жәнібек атты ұлы болғанын һәм оның елді басқарған хан екенін көреміз. Оның Жоңғар мемлекетінің шапқыншылығына қарсы тойтарыс берген алғашқы хан екенін біз ұмытқанмен тарих ұмытпайды. Демек Жәнібектей тарихи тұлғаға лайықты баға беретін кез келді. Тұлғаларды дәріптеуді ертеңнің еншісіне қалдыруға болмайды. Бұл бүгіннен бастайтын һәм келер ұрпаққа насихат ретінде қалдыратын мирастың бірі болмақ.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!