Бейсенбі, 18 сәуiр, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Біз білмейтін Бесіктөбе

31.08.2021

2919 0

Тұрақты айдарымыз бойынша біз осы жолы киелі жерлерге тоқталып, олардың сырын ашуға тырыстық. Құрметті оқырман, Бесіктөбе, ондағы тылсым елестер, орын алған оқиғалар жайлы естуіңіз бар ма? Иә, Бесіктөбенің аты айтып тұрғандай, өз сыры, өз сиқыры бар. Сыры дегеніміз, төбе жайлы аңыз көп. Ал сиқырына сүйенсек, ол жерге барған әйелдердің көбі кейін нәрестелі болған. Яғни құрсaқ көтере aлмaй жүрген нәзік жандарға аналық қуaныш сыйлaйды. Міне, бұл да Тәңірдің бір сыйы.

Жалпы қазақ даласының әрбір төбесінің астында бүгіп жатқан бір құпия бар. Бағзы заманнан бергі кезеңнің шежіресіне айналған сол төбелер жайлы елдің ішінде айтылатын әфсана аз емес. Ертеден құймақұлақ қарттардың айтатын құнды әңгімесіне құлақ түріп үйренген біздің ұрпақ үшін өткен тарихқа ойша оралу тәрізді. Өкініштісі, біз көп жағдайда тек аңызға сүйеніп жатамыз, тасқа басылған дүние жоқтығынан кейбір жайларды ауызба-ауыз тараған әңгіменің желісімен пайымдаймыз. Көне заманнан көшпенді тіршіліктің қазанын қайнатқан қазақ халқы үшін дала пәлсапасы – орны бөлек дүние. Сондықтан атадан балаға аманатқа айналып, әлі күнге дейін жұрттың жадында сақталып келе жатқан сол бір әфсаналар сырына тереңірек үңілгіміз келеді…

ТӨБЕ БАСЫНДАҒЫ ЕЛЕСТЕР

Түркі жұртына ортақ ордамыз – Түркістан шаһарынан Отырар ауданына бет түзейтін тасжолдың бойымен Арыстанбаб кесенесіне жүріп келеміз. Түнгі уақыт… Ай жап-жарық. Бірақ айнала тым-тырыс деуге келмейді. Өйткені жол үстінде көліктер зулап жатыр. Алдымыздан бір төбе көрінді. Көлікте бірге келе жатқан жанымыздағы Марал есімді апамыз Бесіктөбе екенін айтып қалды. Әлгі төбеге түн болса да барғымыз келді.

– Көлікті тоқтатып, төбеге қарай барып қайтамыз ба?, – деді Марал апамыз. «Иә» деп келісе кеттік. Көлік жолдың жиегінде қалды. Біз жолдан төмен қарай түсіп, төбеге қарай бет алдық. Бірнеше адам келеміз. Жүретін жолымыз қараңғы болған соң ұялы телефонның жарығын қосқымыз келген еді. Оған Марал апамыз болмайтынын ескертті. «Айдың жарығымен жүреміз. Қасиетті төбеде жарық жағылмайды» деді.

– Қазір көздеріңе елес көрінсе, қорқып кетпеңдер. Бұл – белгі. Негізі бәріңе бірдей көріне бермейді. Төбенің аңыздан бөлек қасиеттілігі де осында, – деді Марал апа бізді таңғалдырып.

Бір кезде бесік тұрған төбеге қарай жақындай бергенде шынымен бала ерткен қарияның, бірнеше жылқының шауып келе жатқан бейнесі көзге көрінді. Одан баланың кішкентай даусы, қарияның түшкіргені секілді дыбыстар мен жылқының кісінегені құлаққа анық естілді. Осы уақытқа дейін мен елес дегенге сенбейтінмін. Әйткенмен соның куәсі болған соң сенуге тура келді. Басында қорқыныш болды, әрине. Бірақ бұл елестер төбенің тегін еместігін байқатты. Сәлден соң әлгі елестер де, дыбыстар да өзінен-өзі ғайып болды. Ал төбеге шыққан кездегі ауаны айтсаңызшы. Салқын самал есіп, ай жарығы төбеге түсіп, сонда жүрген әр адамды керемет күйге бөлегендей…

Жерді сипалап жүріп, қаншама адамның перзентті болуына септігі тиіп, қуаныш сыйлаған, құпияға толы бесікті де тауып алдық. Шағын бесік құмға көміліп қалған секілді. Бесік үстінде біршама тиындар жиналып қалыпты. Негізі бізден бұрын келгендер дұға етіп тастаған болса керек деген тұжырым жасадық.

АҒА АЙТҚАН АҢЫЗДАР

Күндіз осы жақпен тағы өтіп бара жатқан кезде төбеден төмен түсіп келе жатқан бір ағаны көріп қалдық. Жергілікті жердің азаматы екен. Сәл тоқтап, амандасып, әңгімеге тарттық. Өзінің білетінін бізге былай баяндады.

Бұл жерді Бесіктөбе деп атайды, – деді ол кісі әңгімесін бастап. Көнекөз ақсақалдардан естігеніміз аз емес. Әрине, оның әрқайсысы әртүрлі. Біреулер осы орында қаланың орны болған дейді. Жаугершілік заманда қас дұшпандар бесіктегі балаға дейін қырып салған көрінеді. Бос қалған бесіктерді көрген жұрт сосын Бесіктөбе атап кеткен деседі.

Осы әңгімесін айтқаннан кейін аз уақыт үнсіз қалған қария қайтадан әңгімесін сабақтай түсті. Біз де көкейге қонақтаған сауалдарды қойып жатырмыз.

– Аға, жаңа өзіңіз бұл атаудың шығуына басқа да себептер болуы мүмкін екенін айттыңыз. Енді соны тарқатып әңгімелеп бересіз бе?

Әңгіменің қызығы енді басталған секілді. Бізге ертеден жеткен әфсананы тыңдау үшін сәл кідіруге тура келді.

– Айта беріңіз, аға. Әңгімеңізді тыңдағымыз келіп тұр.

Осыдан кейін әлгі кісі бізге зер сала отырып, өзінің естіген әңгімесін одан әрі өрбітті.

– Ерте заманда осы маңда бір ерлі-зайыпты ғұмыр кешкен екен. Екеуі де тату-тәтті өмір сүрген екен. Өкініштісі, олар бір перзентке зар болыпты. Қанша жыл отасса да, шаңырақтың шаттығына айналатын сәби сүйе алмапты. Пәниден бақилыққа көшетін шақ туғанда ерлі-зайыптылар Жаратушыға жалбарынғанға ұқсайды. «Біздің перзент беруді тілеген тілегімізді бермедің. Енді екінші тілегімізді бер. Біз пәниде бірге өмір сүрдік. Бақиға да бір күнде аттансақ» деп. Жаратушы иеміз бұл тілектерін қабыл етіп, қос бейбақ бір күнде өмірден өткен екен. Артында қалған ағайын оларды бірге осы төбенің басына қояды. Кейіннен ауылдағы ел-жұрт шетінеген баланы осы төбеге қойып жүріпті. «Олардың көзі тірісінде перзенттері болмады. Енді мәңгілік мекендерінде жалғызсырамасын» деген ниетпен солардың қасына жерлеп келіпті. Қайсыбір заманда онда үш жүзге жуық бейіт пайда болған көрінеді. Уақыт өте келе сәби сүйгісі келген жұрт бұл орынды Алладан бала сұрап, келер мекенге айналдырып алған екен.

Әңгімешіл ағамыз бір сәтке тағы үнсіз қалды. Біз де ол кісінің үнсіздігін бұзғымыз келген жоқ. Бірер сәттен кейін қайтадан сөзін жалғаған ағамыз:

– Бұл жердің аталуында осындай сыр жатыр. Әрине, бәрі де бізге аңыз күйінде жеткен. Анық-қанығына уақыт төреші, – деді әңгімесін аяқтап.

Енді біз де көп бөгелуді жөн көрмей, алға жылжуға қам жасай бастадық. Ақсақалмен қоштасар сәтте тағы бір сауалды қойып үлгердік:

– Осы жерге перзент сұрап келген адамдардың тілегі қабыл болғанын көрдіңіз бе? Олардың арасында танитын кісілер болды ма?

– Мен Арыстанбаб кесенесінің арғы жағындағы Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылында тұрамын. Ес білгелі осы төбеге келіп, сәби сүйген адамдарды талай көрдім. Сондықтан да бұл орынды киелі жер деп санап, әрлі-берлі өткенде дұға жасап тұрамын, – деді ағамыз бізбен қоштасып.

Тағы бір мынадай аңыз бар. Кезінде бұл жерде интернат болған. Ондағы балалар қырылып, осы маңайға жерленген. Содан біраз жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген бір келіншек осы жерге келіп, Алладан тілеп, жалбарына жыласа керек. Артынша әлгі жан ана атанады. Сөйтіп сәбилі болған соң төбенің басына «мен сияқты нәзік жандардың тілегі қабыл болсын, бала сүйсін» деген ниетпен бесік қойған екен. Сол бесіктен кейін бұл аймақ бесіктөбе аталып кетсе керек. Негізі аңыздар баршылық екенін байқадық. Бастысы, қасиетті мекен екенін сезіндік.

Ойымыздан Бесіктөбе жайлы айтылған әңгімелер кетер емес. Әрбір төбесі құпияға толы қазақ жерінің киелі екенін ұғынғандай болдық. Жалпы Отырар маңында көптеген көне шаһар орындары бар. Осы жерлерде Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Мардан-Құйық, Көк-Мардан және өзге де қалалардың орны қалған. Бәлкім, бұл төбе де беймәлім шаһардың орны шығар.

СӘБИЛІ БОЛДЫМ

Қазақ қашанда ырым-тиымға, наным-сенімге аса мән берген халық. Қандай жағдай болсын жақсылықтан үміттеніп, ісінің оңға басқанын тілейді. Әсіресе бір сәбидің иісіне зар болған аналардың әулиелерді жағалап, зиярат ететіні бар. Соның бірі – Түркістан қаласындағы Бесіктөбе деген киелі орын. Мұнда перзент сүйгісі келетін жандар тілек тілеп, дұға жасайды. Артынша сәбилі болып жатады. Осындай қуанышқа ие болған қала тұрғынын да табуға тырыстық. Үлкен бір әулеттің келіні Айнагүл Айбекқызы:

– Тұрмысқа шыққаныма он жылға жуық уақыт болды. Күйеуім екеуіміз бір-бірімізді қатты сыйлаймыз, жақсы көреміз. Бірақ арада бала болмады. Сонда да болса, отбасын сақтап қалуға тырыстық. Емнің бәрін жасадық. Нәтиже болмады. Сөйтіп жүргенде Бесіктөбе жайлы естіп, бар аңсарым сол жаққа ауып тұрды. Мені бір шақырып тұрғандай сезілді.

Жолдасым ондайға сене бермейді. Алайда соңғы сөзімді айтып, бірге баруға көндірдім. Білмеймін, шын ниеттеніп бардым. Сол киелі жердің төбесінде бесік тұрды. Жан-жағын құммен бекіткендей көрінді. Қаншама жылдан бері ескірсе де, жойылмаған оның расымен киелі екеніне көз жеткізгендей болдым. Дұғамызды жасап, барынша сәбилі болуымызды Алладан тілеп, әрмен қарай жол жүріп кеттік.

Сенесіз бе? Екі айдан соң өзімнің көтергенімді сездім. Сол кезде бірден бесіктөбенің құдіреттілігі ойыма келді. Осы күні қызым үш жаста. Жаратқанға қайта-қайта шүкірімізді айтып отырмыз, – дейді ол қуана. Әңгіме арасында бала сүйе алмай жүргендер сол жерге барса, себеп болып кетер деп бәріне айтып жүргенін де жеткізді.

Тілші түйіні:

Қазақ «бесіксіз үйде береке жоқ» деп бесікті баламен егіз санайды. Біз де Бесіктөбе жайлы әңгімемізді «әрбір үйдің төрінде бесік тұрсын тербеліп» деген тілекпен аяқтағымыз келді. Егер сәби сүйгіңіз келіп жүрсе, сіз де осы киелі жерге барып, Құран оқытып, дұға етіп көріңіз. Мүмкін, септігі тиер. Лайым, барша отбасы сәби бақытын сезінсінші дейміз.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: