Бейсенбі, 04 шiлде, 04:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

АҚШ Қытай-Тайвань қатынасына алаңдаулы

09.10.2021

881 0

Соңғы уақытта Қытай мен Тайвань арасындағы шиелініс арта түсіп, Қытай өз әскерін қайта-қайта жіберу арқылы Тайваньға «мінезін көрсетіп» жүр. Өз кезегінде Тайвань тәуелсіз мемлекет екенін алға тартып, Қытайдың провинциясы болуға қарсылық білдіруде. Бүгінде АҚШ бұл екі мемлекет арасындағы шиеленіске алаңдаулы. Бұл туралы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан ВВС арнасына берген сұхбатында айтып берген.

Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі өз пікірін Қытай төрт күн қатарынан Тайваньның әуе қорғанысы аймағына әскери ұшақтарын жібергеннен кейін білдірген.

Жалпы Тайвань өзін егемен мемлекет санайды, бірақ Қытай әлі күнге дейін оларды бөлінген провинция деп отыр. Одан бөлек Пекин провинцияны қайта қосып алу үшін күш қолданатынын да жасырмады.

Салливан бейсенбіде, қытайлық дипломат Янмен кездескеннен кейін, Брюсселдегі BBC-дің дипломатиялық тілшісі Джеймс Ландэйлге: «Егер біз тұрақсыздыққа әкелетін әрекеттерді көрсек, жеке тұрып көпшілік алдында сөйлейтін боламыз», – деді. Ал журналистің «Тайваньға көмек көрсету үшін АҚШ әскери күш қолдана ма?» – деген сұрағына қауіпсіздік кеңесшісі: «Біз сол күнге жеткізбес үшін бүгін шара қолданамыз», – деп жауап берді.

Ал жақында әскерін шығарған «Ауғанстанға күш көрсету жоспарда бар ма?» – деген сұраққа Салливан ол «үлкен қателіктен» АҚШ сабақ алғанын алға тартқан.

Одан бөлек, Джейк Салливан Қытайдың өз ойынан қайтқысы келмейтінін білетінін, дегенмен АҚШ өз одақтастарымен тығыз қарым-қатынаста болуға, оларға көмек қолын созуға және өз позициясын алға тартуға міндетті екенін айтқан.

Негізінен Тайвань 1949 жылы билікті коммунистер басып алған тұста бөлініп кеткен. Сарапшылар Пекиннің бұл арал қалай да болса өз тәуелсіздігін жариялағысы келетініне алаңдаулы екенін, сол үшін Қытай аралдағы «өз президенті» Цай Инвэньның бұл қадамға бармасы үшін барынша тырысып-бағуда дейді.

Бірақ Джо Байден қытайлық әріптесі Си Цзиньпин «Тайвань келісімін» бұзбауға келісім бергенін айтқан.

Арнаға берген сұхбатында Салливан Ресейді артып келе жатқан энергетикалық кризисті пайдаланбауға шақырған. Ол өткен жылы Мәскеу энергенияны «мәжбүрлеу құралы және саяси қару» ретінде қолданғанын, алдағы уақытта мұндай істер Ресейдің өзіне зардабын тигізетінін алға тартты. Одан бөлек кеңесші Ұлыбритания үкіметіне Солтүстік Ирландияның Brexit протоколының тоқтатылуы «тұрақтылыққа елеулі қауіп» болатынын ескертті. «Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының шекарасын қатаңдату АҚШ-тың алаңдаушылығын тудырады», – деді ол.

Иран 2015 жылғы ядролық келісімді қайта бастау үшін келіссөздерді кейінге қалдырып отыр. «АҚШ қанша уақыт күте алады?» деген сұраққа Салливан «Біз Иранның бірнеше аптада оралуға дайын екенін естідік. Егер бұлай болмайтын болса, онда біз одақтастармен және серіктестермен басқа жолмен кеңесуге мәжбүр боламыз», – деді.

«Олар уақыт созып жүрміз деп ойлағанымен, біз Иранның шынымен үстел басында отырып нақты келісім жүргізгісі келетінін немесе ойынның уақытын ұзартқысы келетінін білетін боламыз», – дейді Салливан. Одан бөлек сұхбатта Америка Иранның ядролы қаруға қол жеткізбеуі үшін бар жағдайды жасайтынын және қолда бар барлық қаруды қолдануға дайын екені айтылған.

2015 жылы Иран әлемнің үлкен алты державасы – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Германия мемлекеттерімен келіссөз жүргізген болатын. Нәтижесінде Тегеран барлық ядролық қарудан бас тартып, ал алты ел Иранға қарсы санкцияларды алып тастаған еді. Бірақ 2018 жылы АҚШ «Иран әлі де болса уранды көп мөлшерде игеріп жатыр және сол арқылы келісімді бұзды» деген себеппен бұл келісімнен бас тартқан еді. Қазіргі кезде Иран барлық шартты орындағанын мәлімдесе де келісімге қол қоюға асықпай отыр.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: