Сенбі, 11 мамыр, 07:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпке әркімнің де бар таласы

28.03.2023

544 0

Сурет: dzhk.kz

Экономиканың негізгі тірегі саналатын кәсіпкерлік саласына қолдау жылдан-жылға артып келеді. Былтыр соңғы айда 34995 шағын кәсіпкерлік нысан тіркеліп, жұмысын бастаған. Оның 26304 жеке кәсіпкер, 6303 заңды тұлға және 2386 шаруа қожалығын құрайды.

Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 29,4 пайызға артқан. Десе де аталған кәсіпкерлік нысанның бүгінде 31869-ы ғана нақты жұмыс істейді. Бүгінде жеке ісін ашып, кәсібін дөңгелеткісі келетіндер қатары көбейген. Көзі қарақты тұрғындар бұл ретте мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер барын біледі. Сондықтан тиімді тірлікті игілікке жаратқысы келетіндер көп. Мәселен, жыл басында қала бойынша шағын кәсіпкерлік саласында 900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Оның барлығы да тұрақты жұмыс істеп, 614-і сауда саласын, 20-сы өнеркәсіп, 51-і білім және денсаулық сақтау саласын құраса, өзге де қызмет түрлері бойынша

178 нысан бар.

Жалпы кәсіпкерлік саласы қалада тек сауда емес түрлі бағытта өркен жайып келеді. Білім, медицина, өнім өндіру ісін жетілдіріп отырған кәсіпкерлер баршылық. Әсіресе соңғы уақытта медицина саласы қарқын алып келеді. Саланы қолдауда мемлекеттің кәсіпті жаңадан бастаушы жастарды да ескергені құптарлық іс. Бұл бағытта «Бастау бизнес» бағдарламасының тиімділігі зор. Іс бастауды, оның бизнес-жоспарын жасауды, әрі қарай дамытуды үйретіп қана қоймай, білім алушылардың тегін грант ұтып алуына да мүмкіндік қарастырылған. Бұдан өзге кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірнеше мемекеттік бағдарлама бар.

Халықты жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлікті дамыту, экономика саласын әртараптандыру мақсатында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба іске асырылуда. Бірнеше бағыттан тұратын бағдарламаның субсидиялау бағыты бойынша қалада 756 жоба қолдау тапқан. Бұл жобалардың қаржы көлемі 11 млрд 700 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруда жалпы құны 56 млн 681 мың теңге болатын 16 жоба мемлекеттік грантты жеңіп алған. Бұдан бөлек 814 жобаға көлемі 1 млн 225 200 теңгені құрайтын мемлекеттік грант беріліп, оның жалпы сомасы 997 млн 312 мың  800 теңге болған.

Кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған тағы бір бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасы». Ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыра ала­тындай бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру, өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатындағы жоба бойынша облыс орталығында жалпы құны 4 млрд 730 млн теңгені құрайтын 42 жоба қолдау тапқан. Ал ағымдағы жылдың басынан бері тағы 2 жоба мақұлданған. Оның  құны 716,1 млн теңгені құрайды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарылған қаражат есебінен және «Іскер» бағ­дарламасы бойынша 286 млн теңгені құ­райтын 56 жоба жүзеге асқан. Ал жыл басынан бері «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы құны 387,6 млн теңге болатын 43 жоба қар­жыландырылған.

Былтыр облыс көлемінде кә­сіп­керлікті қолдау мақсатында 19,9 млрд теңгеге 373 жоба қаржы­ландырылған. Атап айтсақ, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5,2 млрд теңге бөлініп, 171 жоба субсидияланған. Ал ауыл кәсіпкерлеріне несие беруде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 1,2 млрд теңге қаражат қаралса, оның 360,7 млн теңгесіне 64 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ Аграр­лық несие корпорациясы 4,5 млрд теңгенің 138 жобасын мақұлдаған. Бұл жлбалардың жүзеге асуында облыс орталығының үлесі басым.

Жалпы мемлекеттік бағдарламалар игілігін көріп жатқан кәсіпкерлер күн санап артып келеді. Бұл ретте жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де ұлғаюда. Оған жоғарыда аталған көрсеткіштер дәлел болмақ.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: