Сейсенбі, 23 шiлде, 02:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Құжаттың айтар сыры бар

12.05.2022

786 0

Көрнекі сурет

Ұлттық архив қорының құжаттар құрамының ажырамас  бір бөлігі жеке тектік құжаттар болып есептеледі. Ал жеке тектік құжаттар құрамында елеулі орны бар 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушы ардагерлерінің құжаттары  өзіндік ерекшелігімен маңызды. 

Мысал келтіре кетсем, олардың соғыс уақытында әрдайым қалтасынан табылатын сарғайған  қызыл әскер кітапшасының өзі  қай күні  ант қабылдағаны,  қай әскери бөлімде,  қандай майдан шебінде болғандығы, соғыс жағдайына киген ыңғайлы киімдері,   қандай заттар қолданғандығы, т.б мәліметтерге толы жиынтығы қатысушының соғыстағы өмір жолдарынан толық мәлімет береді.

Қазіргі таңда тілге тиек етер мәселелердің бірі Отанды сүю, қорғау, патриоттыққа тәрбиелеу болса, ұрпақтарымызды соғыс ардагерлерінің жүріп өткен жолдарынан сыр шертер құжаттарын архив қорына жинақтап қолмен ұстап, көзбен көріп шынайы тарихтың куәсі ету біздің қастерлі міндетіміз. Сондықтан артында өшпес із қалдырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерінің жеке өмірінен сыр шертер құжаттармен толықтырып отыру біздің болашаққа қалдырар құндылығымыз іспетті.

Бүгінгі күннің басты назарында тұрған, елімізде дүрбелең туғызған оқиға жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» қайғысы  арқылы Отан үшін от кешкен аға ұрпақтың қадірі алдымызда бұрынғыдан да биіктей түскендей. Қатары сиреп,  деректері уақыт өте көмескілене бастаған жаумен бетпе бет айқасып жанкешті өмір кешіп бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ұлықтап  ұмыт қалдырмай қастерлей білуді еске салғандай. Бұл ретте ел болып атсалысып жатқан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін есте қалдыру шараларына үн қосып, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан  соғысына қатысып,  19 жасында елін қорғауға аттанып 1941 жылдың 1-ші қыркүйегінен 1945 жылға дейін қан майданда болып, бейбіт өмірді орнатуға үлесін қосқан соғыс ардагері Рахметов Қуаныш Рахметұлының жеке тектік құжаттарын архив қорына қабылдадық.

Биылғы Рахметов Мұратқали Қуанышұлы және ұрпақтары әкелерінің 100 жасқа толу қарсаңында соғыстан қайтқан соң 30 жылдан астам  уақыт ұстаздық еңбек етіп туған жер түлектерінің танымал азамат болуына үлес қосқан ғибратты өмір иесі болған әке атын жаңғыртып архивке жеке құжаттарын өткізуді жөн көрген. Әкелерін ел есіне салып, Рахметов Қуаныш Рахметұлының жеке тектік құжаттарын Ұлттық архив қорына  өткізген игі істері ұрпақтарының әке алдындағы перзенттік парызындай болды. Жеңісті жақындатқан барлық  аға ұрпаққа тағзым етіп, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының қатысушы ардагерлерінің құжаттарын  архив қорына қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, әрбір ардагер өмірі туралы  құжаттар келер ұрпақ үшін  батырлық үлгісіндей тарихи маңызы бар деректер жинағы болып қала берері сөзсіз.

Г.Менеева

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ қоғамдық- саяси тарихы бойынша филиалының архивисі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: