Жұма, 26 сәуiр, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

КҮЙ ҚЫРАНЫ – ҚОШҚАРБЕК

23.02.2021

1853 0

Халық қаһарманы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев: «Қазіргі кезде мен білетін және құрметпен қарайтын төрт домбырашы – өнер иесі бар. Алдымен айтайын, біріншісі де, бірегейі де – өзің. Одан кейінгі өзімнің жекеменшік бауырым Қаршыға, Алтайдың ақиығындай Мағауия, төртіншісі – даламның жасыл жусанындай қазақ иісі бар дарынды күйші Шәміл Әбілтаев»  деп бір кездері Сырдың дарынды ұлы Қошқарбек Тасбергеновке лайықты бағасын берген еді. Домбыра үнімен «Қыз Жібек» киносында көлдегі аққуларды билетіп, фантазиялық ойды шынайы құбылысқа, кәдуілгі көрініске айналдырған Нұрғиса Тілендиев осылай бағасын берген, өзі мойындайтын мықтылардың санатына қосқан Қошқарбек Тасбергенов жайлы біз не білеміз?!

Мақалаға арқау болған Қошқарбек Тасбергенов 1954 жылы Қызылорда облы­сының Шиелі ауданына қарасты Қазақстанның 30 жылдығы атын­дағы кең­шарда дүниеге келген. Бала кезінен дом­быра тартып, тартқан сайын оған құмарлығы артып отырды. Оған әкесі Тасберген себепші еді. Тасберген аймағына белгілі мықты күйші болатын. «Әке көрген оқ жонар» демекші ол жас күнінен әкесі орындаған күйлерге құлақ құрышын қан­дырып, домбыраға ынтық болады. Көп ұза­май өзі де қазақ күйлерін нақышына келтіре ойнай бастайды.

Бұл отбасының барлығы – домбырашы жандар. Тіпті ағасы Ержігіттің өзі жеке-дара әңгімелеуге әбден лайық әнші, домбырашы, бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерлі жан. Қошқарбектің өнер­дегі  ал­ғашқы ұстазы – әкесі. Анасы Күлпан думан-сауықтың ажары болған. От­ба­сында осындай тәрбиені көрген бала Қошқарбек мектеп қабырғасында жүріп-ақ кішігірім оркестр басқарған. Туып-өс­кен ауылындағы (қазіргі Бала би) Абай атын­дағы қазақ орта мектебін 1960-1970 жыл­дары оқып бітірген соң екі жылдай қой ба­ғып, шопан болады.

Күйді жан-тәнімен түсініп, жүрегімен түйсінген жас Қошқарбек арман қуып Алматыға келді. Оның домбыраны сон­шалықты ептілікпен шертіп, күйдегі нәзіктік пен қызуқандылықты үйлестіре алатын қабілетін байқаған өнер иелері өз ортасына тарта бастайды. Ол 1972 жылы Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің жанынан ашылған 6 айлық стажорлық курсқа түсіп, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтан дәріс алады. Бұл жерде өзін өте сауатты ұстап, талантын айғақтап, дарынды екеніне жұрттың көзін жеткізе біледі. Әкеден үйренген өнер осылайша өмірлік ұстанымына, ғұмырлық серігіне айналады.

Домбыраның үні оны армандар белесіне жетелей берді. Күйге деген сүйіспеншілігі үлкен өнердің, аты дардай өнерпаздар орта­сына алып барады. Курсты бітірген соң осы оркестрге домбырашы болып қа­былданады. Онда  жұмыс істей жүріп, 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының дайын­дық курсына түседі. Консерватория қа­быр­ғасында домбырадан қазақтың өне­­ріне еңбек сіңірген қайраткер, ком­по­зитор, домбырашы, дирижер Мәлғаждар Әбубәкіров дәріс береді.      Ол 1981 жылы консерваторияны бітірді. 1983 жылы өткен республикалық Құрманғазы атындағы орын­даушылар конкурсына қатысып, жеңімпаз  атанды. Өзінің өзгелерден анағұрлым алда тұрғанын дәлелдей түседі. Күн санап өнерін дамыта береді. Қажымай, талмай еңбек етіп, рухани тұрғыдан өсе түседі. Өнімді жұмысы нәтиже беріп, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстрі дәрежесіне дейін өседі.

Тілендиевтің тілімен айтқанда қазақтың бірінші домбырашысы Тасбергенов талай атақты адамның көзіне іліккен. Көптеген адамнан жұмысқа, басқа да лауазымды орындарға шақырту алған. Бірақ солардың арасынан 1992 жылы КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, профессор, дара­боз домбырашы, композитор, дири­жер Н.Тілендиевтің шақыртуымен фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне ауысты. Мұнда да қажырлы еңбегімен өзінің лайықты бағасын алды.  Оған 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атағы беріледі. Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас концертмейстрі болды. Тынымсыз еңбегі нәтиже беріп, «Қазақстан Респуб­ликасының білім беру ісінің құрметті қыз­меткері» атанды.      

Осыдан 4-5 жыл бұрын Сыр өңірінде Нартай мектебін ашқан жырау  Құрманбек Бексейітовке жолығып, домбырашы Қошқарбек жайында сұраған едім. Жырау: «Жастайынан ауыз әдебиетінен сусындаған, Сыр халқының арасында есім­дері құрметпен аталатын Балқы Базар, Тұрмағамбет, Бұдабай, Нартай, қаңлы Жүсіп, кете Жүсіп сынды сүлейлердің жырын тыңдап өскен өнер иесінің  туған жерге, киелі Шиелі топырағына деген махаббаты шексіз еді. Шығармашылықпен айналысып, оркестрге арнап «Нартай сері» деген атпен шығарма жазды. Бұл негізінен Сыр бойынан шыққан атақты ақын, әнші, композитор Нартай Бекежановқа арналған. Жеке домбыраға жазылған «Нартай қосбасар» деген күйі де «Нартай» әнінің негізінде алынған. Өзінің сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын, өзі туған, өскен ортасына деген ілтипатын өнеріне сыйдыра білген. Қошқарбек – үлкен талант иесі. Нағыз өз ісінің білгірі, сауатты маман еді», – деп жауап берген болатын.

Қазақтың болмысымен біте қайнасып кеткен Тасбергенов домбыраны шетел сахналарында шертіп, сырттың жұртын таң-тамаша еткен. Еуропалықтар оның алдында осынау қос ішекті аспаптан қалайша жаныңды тебірентіп, өзіне елітіп алатын құдірет бар екенін түсінбей, талай абдырап тұрған. Ноталық сауаттылығы өте жақсы, тіпті жоғары деңгейде екен. Ұстаздарының өзі де өнеріне тәнті болып, тамсана қарап жоғары бағалаған. Домбыраны ұстап тартқан тартысы, екі ішектен бүтін бір ұлттың болмысының көрінісі, күйшінің сезімі бәрі-бәрі үйлесім тауып, бір күйдің айналасында тоғысатын. Ол қазақ өнерін насихаттауда бірнеше шетелде болады. Мәскеу, Чехословакия, Швецария, Швеция, Аустрия, Филиппин аралы, Сингапур, Үндістан, Португалия, Пәкістан, Түркия сияқты басқа да ел­дерде өнер көрсетті. Өнер көрсетіп қана қоймайды, әр күйін жан-тәнімен бері­ле, жүрегімен сезіне орындадайды. Сол арқылы қарап отырған көрерменін, тың­дап отырған тыңдарманын елітіп,  қазақ өнеріне табынта білді. Осылайша Сырдың дарынды ұлы өнер әлемінде өзіндік қол­таңбасын қалдырды.

Қысқа ғана ғұмырында өнер әлемінің биік шыңырауына самғай білген Қошқарбек Тасбергенов жайында әлі талай айтылары да, жазылары да сөзсіз. Біздің айтарымыз, қазақтың күй өнерін жалғайтын осындай дарындардың ізін басар, қадамын жалғар өнерпаздар көп болса екен.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: