Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Нұрлыбек Бимурзаев таныстырылды. Осыған дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметін атқарған Сүлейменов Ерқасым Жайбергенұлына зейнетке шығуына орай, облыстың Құрмет грамотасы табысталды.
Облыс әкімі жаңа басшыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты бақылау жүргізуді, негізсіз қымбаттауына жол бермеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Нұрлыбек Шонжарұлы 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтында «Есеп және аудит», «Болашақ» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде инспектор қызметінен бастап, әр жылдары түрлі лауазымдарда еңбек етті.
2018–2023 жылдары Қызылорда, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болған.
2023 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
