Дүйсенбі, 01 шiлде, 03:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Үздік ұстазға берілетін марапат

30.03.2021

5825 0

Соңғы жылдары мемлекеттегі білім беру ісінде айтарлықтай алға жылжу байқалады. Әсіресе, ұстаз беделін арттырған «Педагог мәртебесі» заңы халықтың қуанышын еселеп, бастама қолдау тапты. Құрмет көрсеткіші мұнымен шектелмей, ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздарға арналған республикалық, облыстық арнайы атақ пен төсбелгі белгіленіп, лайықты мамандарға табыстау қолға алынған. Сыр өңірі де өзінің білікті ұстаздар қауымына сый-құрмет көрсету мақсатында «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» арнайы медалін тағайындады. Аталған төсбелгінің иегерінің бірі – №23 мектеп-лицейдің биология пәнінің мұғалімі Айгүл Қиясова.

Тек үздік ұстазға бұйыратын төсбелгіні еншілеу Айгүл Райымбекқызына оңайға түспеген. Арнайы ұйымдастырылған конкурсақа білім беру саласындағы 100-ден астам маман өтініш беріп, тек 12 мұғалім ғана лайықты деп танылыпты. Конкурста ұстаздың педагогикалық өтілі мен жетістіктері, ғылыми-әдістемелік жұмысы мен қоғамдық шараларға белсенділігі сараланып, лайықты ма­мандар іріктелген. Осылайша білікті ұстаз топ жарып,  төсбелгі мен 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (833 мың теңге) бір реттік қаржылай сыйақы иегері атанды.

Ұлағатты ұстаз 1971 жылы 28 нау­рызда Қармақшы ауданына қарасты Алдашбай Ахун ауылында дүнеге келген. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген Айгүл Қиясова келешек бағдарын жас өрендерді білімге баулу жолына арнауға ерте жастан бел буады. Мұғалімдік мамандығының қыр-сырына қанығуға тырысып, ар­ман жетегімен Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түседі. Мұнда кәсіби білім, өмірлік сабақ алып, «Биология пәнінің мұғалімі» дипломын еншілейді. 1994 жылы №23 мектеп-лицейіне жұмысқа орналасып, 30 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарып келеді. 

Жеңімпаз мұғалім саладағы жетістік пен жаңалықты қалт жібермей, барынша тәжірибе жинауға көңіл бөлуде.

– Аймақтағы білім беру ісі қарыштап дамып келеді. Жыл сайын қаншама талапты шәкірт республикалық, халықаралық білім сайыстарында Сыр өңірінің абыройын асырып, жүлделі оралуда.  №23 мектеп-лицей оқушылары да республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-практикалық конференцияларда қатардан көрінуде, – дейді Айгүл мұғалім.

Тәжірибелі маман кәсіби жетістіктен де кенде емес. Әр жылдары ҚР БҒМ-ның оқулық пен оқу-дістемелік кешендердің сараптама, сынақ нәтижелерін қарастыру жөніндегі пәндік комиссия құрамында болып, «Алғыс хатын» иеленген. Сон­дай-ақ облыс әкімінің және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық ор­талығының төсбелгілерімен марапат­талған.

«Ұстаз – ұрпақ тәрбиесіндегі ең ұлы қызмет». Сондықтан болашақтың іргетасын қалауда орасан маңызға ие сала мамандарының қадірін біліп, құрмет көрсету елдікке жетелейтін басты қадам екені даусыз. Бүгінгі кейіпкер, Айгүл Қиясова да қаладағы білім шаңырағының шырайын келтіріп, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне бір кісідей атсалысып жүрген ардақты ұстаздың қатарында. Тәжірибелі мұғалімге алдағы уақытта лайықты атақты абыроймен алып жүруін, әлі де шығармашылық, кәсіби қабілетін та­нытуға тілектеспіз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: