Сенбі, 07 желтоқсан, 19:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Бисмилла» емес, «Ыссы ма?» дедім

26.02.2022

1229 0

Сыр сүлейі Тұрмағанбет Ізтілеуов заманында діндар деп көп қудаланған екен. Сондай сәттің бірінде үйіне үкімет әскері келіп, ақынды әкеткелі жатады. Сонда зайыбы «тамақ ішіп кет, саған ол жақта кім ас әзірлеп отыр дейсің?» – деп алдына жаңа піскен тамағын қоя салыпты. Сонда Тұрекең «биссмилла» деп асына қол сала бергенде кеп тұрған кеңес жендеттері Сіз «биссимилла» дедіңіз ғой» десе сөзге жүйрік бабамыз «Мен биссимилла деген жоқпын, ыссы ма дедім», – деген екен.

БІР АҚЫН МЕН БІР БАТЫР БІР АУЫЛҒА СИМАДЫҚ

Ақын Серік Ыдырысовтың да сөз тапқырлығы керемет. Ағамыз жас кезінде үй салуға жер сұрап жергілікті басшының біріне барады. Сонда ақын ағамыздың базынасын естіген басшы: «Айналайын-ау, сен түгілі батыр Амангелді Имановтың ескерткішін тұрғызатын жер таппай отырмын» – деген екен. Сонда ат сүрінгенше ақыл табатын ақын ағамыз:

– Амангелді Иманов,

Жатырсың-ау қиналып,

Бір ақын мен бір батыр,

Бір ауылға симадық, – депті.

Мұны естіген басшы ақынның тапқырлығына риза болып, көмек көрсетіпті.

«ҚАДІР ТҮНІН» ҚАЙ КҮНГЕ БЕЛГІЛЕП ОТЫРСЫЗ?

Бір отырыста бір кісі әңгіме арасында «Рамазан айында ораза ұстау міндет емес, мен қай кезде ұстағым келеді сол кезде ұстаймын», – деп отыр дейді. Сонда Жүрсін Ерман: «Қадір түнін қай күнге белгілеп отырсыз?, – депті.

***

Тағы бірде Жүрсін Ерманмен қажылық сапарда бірге болған бір жолаушы қайтар сапарында көпшілікке «Жұмақта кездесейік, жұмақта кездесейік» – деп қайталай беріпті. Сонда Жүрсін Ерман анау жігітке қарап: «жұрттың бәрін шақырып алып, өзің келмей қалма», – деген екен.

АҚШАҢ ЖОҚ БОЛСА, НЕМЕНЕГЕ ЖЕТІСІП КҮЛЕСІҢ?

Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашов бірде ақындармен әңгімелесіп отырса керек. Сонда жетісулық жас жүйрік Сырым Әуезхан Балғынбектің әзілдеріне аузын ақсита ашып, қарқылдап күле беріпті. Балғынбек ағасы «Сырымжан, тістерің жөндеуге келіп тұр екен. Жөндетіп алмайсың ба?» – дейді әзіл-шыны аралас. Сонда Сырым: «Тістерімді емдетер ақшам болмай жүр», – десе керек. Осы сәтте Балғын ағасы: «Ақшаң жоқ болса, неменеге жетісіп күлесің?» – деген екен.

ХОЛОДИЛЬНИКТІ ІШІНЕН ЖАУЫП КӨРМЕППІН

«Он сегіз мың ғаламнан мені іздесең, келіп тұр қарт Каспийдей теңізге сен» деп жырлаған маңғыстаулық ақын Нұрлан Мұсаев бірде айтысқа барады. Барған жерінде ақындарды күтіп алып, газельге мінгізіп жатады. Ақындардың соңынан мінген Нұрлан газельдің есігін қатты жауып жіберсе керек. Шопыр жігіт «Жай жаппадыңыз ба, үйіңізде холодильник жоқ па еді?» – дейді. Сонда Нұрлан: «Кешіріңіз, холодильникті ішінен жауып көрмеппін», – деген екен.

БӘРІҢ ОТЫРЫП МЕНІҢ БІР ТЕЛЕФОНЫМДЫ ШЫРЫЛДАТЫП ҚОЙДЫҢДАР МА?

Жерлесіміз, үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов бірде сыртқа шығып қайтып келсе, үйіндегілер: «бағанадан бері телефоның шырылдап жатыр. Біреу ала алмай жатыр-ау» депті. Сонда сөзінің арасына қыл сыймайтын айтыс ақтаңгері: «Бәрің отырып менің бір телефонымды шырылдатып қойдыңдар ма?» – деген екен.

***

Бірде Мамыр Байдәулетов ағамыз жылқы сойып сатумен айналысыпты. Содан қалған жіліктерді шәкірті Мұхтардың үйіне апарып береді екен. «Ақшасын кейін берсең де болады» – деп. Алмайын десе аға сөзін жыға алмайды, алайын десе ертең ақшасын беру керек. Бір отырыста көпшілік жұрт мақтап жатыр екен. «Мамырдың сойып жүрген жылқылары семіз екен, қазысы екі елі, еті тәтті» – деп. Сонда Мұхтар Ниязов: «Мамыр ағаның жылқысының қазысы екі елі болғанымен, біздің маңдайдың соры бес елі ғой», – деп айтқан екен.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: