Сейсенбі, 23 шiлде, 02:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Сүр бойдақтар азаймай тұр

27.02.2024

535 0

Сурет: martebe.kz

Қазақстанда сүр бойдақтар саны артуда. Мақалды қазіргі заманға сай өзгертсек, үй болу ғана емес, үйлену де қиындап кеткендей. Ұлттық статистика сайтындағы ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жылдары отау тігіп, отбасын құрушылар азайған. Мәселен, өткен жылы республика бойынша 120 мың неке тіркелсе, бұл 2022 жылғыдан 6%-ға аз. Ал сандарды сөйлетсек, былтыр неке қию коэффиценті 1000 адамға шаққанда 6%-ды құрапты. Яғни әр мың адамның алтауы ғана отау құрған. Бұл соңғы 19 жылда тіркелген ең төменгі көрсеткіш екен. Қазақ қыздары мен жігіттері неге үйленуден қашқақтап жүр? Сүр бойдақтардың көбеюіне не себеп? Не үшін үйлену керек? Бүгінгі буынның отбасын құруға деген көзқарасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде тақырыпты тарқатайық.

Үйлі болмай үйлену жоқ

Отбасын құратындардың саны азайғанын атап өттік. Сондай-ақ өткен жылы 16,7 мың ажырасу тіркелген. Салыстырмалы түрде ажырасу оқиғалары 2022 жылғы деңгейден 5,3%-ға азайған. Айта кетейік, отбасын құру бойынша жыл сайынғы төмендеу Ұлытау облысынан басқа барлық өңірде байқалады. Бұл аймақта неке саны 57 бірлікке, яғни 1,5 мың бірлікке дейін өскен.

 ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек: «Шыны керек, соңғы жылдары неке қию динамикасы төмендеді. Неке аз тіркелген аймақтардың қатарында Түркістан, Қызылорда, Батыс қазақстан облыстары бар», – дейді.

 «Жиырмаға дейін үйленбеген жігіт – халық жауы» дейді Бауыржан Момышұлы. Алайда жастардың ойынша бұл ұстаным қазіргі заманға, өмір сүру салтына сай келмейді. Қызылордалық Жансұлтан Қуандықұлының да пікірі де соған саяды. «Қазір нарықтық кезең. Жігіттердің кеш үйленуіне немесе сүр бойдақ боп жүруіне бірінші себеп – қаржылық тәуелсіздік пен үйінің жоқтығы деп ойлаймын. Отбасын құрған соң ешкім пәтер жағалап, көшіпқонып жүргісі келмейді. Балаларың мен отбасының қауіпсіздігі, жайлы өмірі үшін бірінші баспанаң болуы маңызды.

Адамдардың орташа айлығы мен күнделікті қажеттілігіне, өмір сүруіне кететін шығындары сай келе бермейді. Жеке өзіме қанша шығын кететінін есептесем, болашақ отбасым, әйелім мен балаларымның да шығынын жаба алатындай қаржылық жағдайым болуы керек секілді. Ата-аналар, үлкен буын бізге өздерінің өмір сүру салтымен қарайды. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп болжайды. Бірақ жігіттің де, қыздың да қаржылай тәуелсіз боп, сүйікті жұмысымен айналысып, «үйлену керек» деп үйленбей, өз қалауына құлақ асқанына не жетсін?!» – дейді ол.

Психолог Бағдагүл Ибрашеваның пікірінше, жастардың отбасын құруға асықпауына бірнеше фактор әсер етуде. «Отбасын құрушылардың азаюына елдің әлеуметтік жағдайы да, жастардың үйлену туралы түсінігі де, қоғамдағы ахуал да әсер етеді. Қазір үйленуге асықпай немесе үйлене алмай жүрген жастардың ата-анасы кеңестік кезеңнің адамдары. Ал ол кезеңде өмір сүрген адамдарда нақты идеал отбасы үлгісі болмағандықтан балада отбасылы болуға қатысты түрлі стереотиптер қалыптасады. Отбасы құру қиын деген түсінік болуы мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы жеке басынан бөлек толық отбасыға жауапкершілік алуда қиындық тудырады. Үшіншіден, құндылықтардың өзгеруі немесе өсуі де үйленбей, ұзақ жүріп қалуға себепкер болуы мүмкін. Яғни қыздардың құндылық тұрғысынан талабы көп», – дейді ол.

Тұрмысқа емес, күйеуге шыққымыз келеді…

«Үйлену өз құқыңды екі есе азайтып, міндетіңді екі есе арттыру» деген тәмсіл бар. Отбасын құрып, біреуге жар, біреуге келін болған соң құқығы екі есе азаймақ түгілі, аяқасты болып, тапталатындар қаншама. Бұған қазақстандық әйелдердің физикалық, психикалық қысым көру оқиғалары дәлел. Жыл сайын елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шексе, кемінде 80 әйел қайтыс болады екен. Аймақтағы зорлық-зомбылық статистикасына тоқталсақ. Өткен жылы Қызылорда облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлықзомбылықтан 1886 адам зәбір көріп, полициядан араша сұраған. Отбасының берекесін қашырған 152 адам сот шешімімен қамауға алынып, тәртіптік шараға тартылған. Бұл тіркелгендері ғана. Жалпы өңірде әйеліне әлімжеттік көрсету деректері алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен.

Қыздардың отбасылы болуға асықпау себебі бір емес, бірнешеу секілді. Бұрын қыздар күйеуге шыққан кезде материалдық, яғни, қаржылық еркіндігі жарына тікелей байланысты болатын. Ал қазір қыздар жігіттерден артық таппаса, кем таппайды. Әрдайым заманға ілесіп, тұлға ретінде дамуға тырысады. Әр бес қыздың біреуі шетел көрген. Білімі де жетік. Осындай жағдайда қыздарға жай ғана материалдық жағынан қамтамасыз ететін «асыраушы» емес, жанын түсінетін, тыңдай алатын, қолдау көрсететін, шынайы сүйе алатын жан керек сияқты.

«Тұрмысқа» емес, күйеуге шыққымыз келеді. Қазақ жігіттерінің бәрі бірдей демеймін. Бірақ көбіне тамағын дайындап, кірін жуатын екінші «ана», әке-шешесіне қарайтын көмекші керек. Отбасылық өмір екі адамның бірге таңдау жасау, бірге шешім шығару, бір-бірін тыңдауынан тұратынын ұмытып кететіндей. Алайда біздің жігіттердің көбісі әйелін сыйлауды жігіттік емес, ұят деп санайды. Асхана әйелдің ісі деп біледі. Осыдан келіп қазақ қыздары неге шетелдік азаматқа күйеуге шығатыны түсінікті. Себебі әйелге ақшадан бұрын сүйікті болу, қолдау керек, – дейді Ақтоты Айталықызы.

«Демографиялық дүмпу» де басылды

 Айта кетейік, осы жылы демографиялық жағдай да біршама төмендеген. Ел тұрғындарының отбасылық-некелік қатынастарға деген көзқарасы өзгергені шаңырақ құратын жастың ұлғаюы, некеге дейін бірге тұру, үйлене сала ажырасу, сәби сүюді кейінге ысыру және тағы да басқа да себептерден байқалады.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2012 жылғы демографиялық көрсеткіште жігіттер орта есеппен 26 жасында үйленген болса, 2022 жылы шамамен 28 жаста осы шешімге келген. Осыған сай тұңғышын өмірге әкелетін ана 25,5 жаста саналса, Астана мен Алматыда 27 жасты көрсетіп отыр. «Жыл сайын бір бала туатын заман емес. Материалдық жағдай туралы айтып тұрған жоқпын. Әр ата-ана бала үшін барын беріп, жасай алмаймын деген нәрсенің өзін жасап, қол жеткізе алады. Бұрын баланы жоспарлау туралы білім болған жоқ. Баланы жоспарлау дінде де бар. Біріншіден, дүниеге келген балаңа бар уақытыңды бөліп, қысым жасамай, физикалық, психологиялық денсаулығына жауапкершілік ала алмасаң, екіншіден, материалдық жағынан қамтамасыз ете алмайтын болсаң, тағы бір өзіне сенімсіз, бақытсыз адамның санын арттырып керегі не? Балаға өмір сыйлайтын адам оған бақытты, саналы, сапалы өмір сыйлай алатынына сенімді болуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан неге қазір көпбалалы ана аз, неге кештетіп бала көтеруде деген сұрақтар орынсыз» дейді 26 жастағы жас ана Ғазиза Імәдатқызы.

Айта кетейік, жыл өткен сайын пандемия кезіндегі «демографиялық дүмпу» басыла бастаған. Мәселен, былтыр қаңтар-қыркүйекте туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,5 көрсетсе, 2022 жылдың осы кезеңінде ол көрсеткіш 1 000 адамға 20,4 болыпты. Санақ жүрген жылы сауалнамаға қатысқан 2002-2026 жылдары туған 15-19 жас аралығындағы қыздардың 27,1%-ы «келешекте неше баланы өмірге әкелуді қалайсыз?» деген сұраққа 1 бала деп жауап берген. Ал 31,8%-ы – екі бала, 17,1%-ы – үш, 16,9%-ы төрт бала жоспарлайтынын айтса, 7,1%-ы «бес немесе одан да көп» деген жауапты таңдапты.

Не үшін үйлену керек?

Үйленудің дінде де, мемлекет демографиясында да, тұлға ретінде дамуда да маңызды таңдау екені белгілі. Алайда отбасын құру ойыншық емес. Бір айдан соң ажырасып кете салу немесе балаларды ата-анасыз қалдыру жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Тұрмыстық қажеттіліктердің бәрін жаңа технологиялар орындауда. Киімді жуу да, ыдысты, үйді тазалау да құрылғының бір батырмасын басу арқылы адамның физикалық күшін қажет етпейтін дүниелерге айналды. Тіпті Илон Масктың «робот әйелі» физикалық жағынан өмірдегі бір емес, бірнеше әйелдің орнын баса алады. Қыздар да өзін қаржылық жағынан қамтамасыз ете алады. Тұрмыстық, қаржылық қажеттіліктер өтеулі десек, адам не үшін үйленуі керек? Ұрпағын өрбітіп, артына із қалдыру үшін бе? Әлде қатарластарынан қалмай отбасылы атану үшін бе? «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» дейді дінге құлақ түрер болсақ.

 – «Әр нәрсенің сұрауы бар. Яғни дін тұрғысынан айтар болсақ, кез келген мақсатқа қол жеткізу үшін алдымен ниеттену керек. Ал үйленген жігіттерден не тұрмысқа шыққан қыздардан «Не үшін үйлендің? Үйленудегі ниетің қандай?» деп сұрасаң, көбі үнсіз қалып, ойланып кетеді. Расымен не үшін үйленгенін өзі білмейтіндер бар. Немесе «енді ата-анама қарайтын келін керек болды», «құрдастарымның бәрі отбасылы болды, мен ғана қалдым», «жұрттың қашан үйленесің деген сұрағынан құтылатын болдым», «жұмыстан келгенде тамағым дайын, мені күтіп отыратын адам болса ғой деп армандадым» деген түрлі нұсқаларды көруге болады. Ал «махаббатпен не жақсы көргендіктен үйлендім» дейтіндер аз. Қыздардың да нұсқалары шамамен осындай.

Яғни әрбір үйленуді ниет еткен немесе қарым-қатынаста жүрген, бірақ әлі отбасылы емес адам осы сұраққа жауап таба білуі тиіс. Егер тамақ істеп, киіміңді жуатын үй қызметшісін іздесең, ниетіңді өзгерт. Бай жігітке күйеуге шығып, әрі қарай жұмыс істемей үйде отырамын десең, қайтадан ойлан. Иә, шынымен де не үшін үйлену керек? «Жалғыздық Құдайға жарасқан» десек те, әр адам отбасылы болғанына қарамастан жалғыздықты сезінеді. Яғни балалы болса да жалғыз, үйленбеген болса да жалғыз. Мәселе – адамның ешкімге қаржылай, эмоционалдық, психикалық жағынан тәуелсіз бола тұра өзін бақытты сезінуінде. Яғни жалғыз жүріп бақытты бола алған адам ғана өзге жанды бақытты ете алады, онымен бақытын бөлісе алады. Тойда «бақытты болам деп емес, бақытты қылам деп бар» деген тілекті жиі айтамыз. Алайда әр адам өзінше жеке бақытты бола білу керек, – дейді коуч, психолог Ақан Мергенбай.

 Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: