Сәрсенбі, 03 шiлде, 22:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Балалық шағым әкемнің ұстаханасында өтті

06.04.2024

358 0

Атадан-балаға жалғасқан қолөнерді бүгінгі күнге дейін жеткізген шебер

Қанибек Сәдуақасұлы темірден түйін түйеді, ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Шебердің бойындағы бұл қасиет арғы атасы Бекпенбеттен бері жалғасып келеді. Атасы Баймахан да, әкесі Сәдуақас ұста болған кісі екен. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнерді дамытқан Қанибек аға кезінде ұсталық кәсіптен біршама уақыт

қол үзіп қалады.

– Балалық шағым әкемнің ұстаханасында өтті. Оның темірден түйін түйіп, ағаш жонып тұрмысқа қажетті дүниелерді жасағанын көріп өстім. Темірді қыздыру үшін көрік басу менің жұмысым болатын. Кейін әкемнің көрсетуімен темірді қақтап, сомдап та жүрдім. Осылайша әкемнің ұстаздығымен ұсталықтың қыр-сырын үйрендім, – дейді ол.

Шебер Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылында дүниеге келген. От­басында әкенің ұсталығы ғана емес, анасының шеберлігі де бала Қанибекке өнеге болғандай. Анасы Жұмакүл де ісмер болған.

Қолөнер шебері алғашқы еңбек жолын туған жерінде сурет­ші-безендіруші болудан баста­ған. Өз ісіне мығым, әр іске жауапкершілікпен қарайтын ол әр салада абыройлы қызмет етті. Кейін аудандағы тұрмыс қажетін өтеу мекемесінде суретшілер ше­берханасын басқарды. Ол халқымыздың ұлттық өнерін дәріптеп, өскелең ұрпақты баулуда 1987 жылы Қармақшы ауданында «Мұрагер» кооперативін ашады. Онда сандық, ер-тұрман сынды тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасады. Оған қоса жастарға ата салтын үйретіп, ұсталыққа баулыды. Бұдан кейін де бірнеше қызметті абыроймен атқарып, зейнетке шықты.

– Қызмет бабымен жүріп 10 жыл­дай қолөнерден қол үзіп қалдым. Зейнетке шыққан соң атакәсіпті қайта жалғастыруды жөн көрдім. 2016 жылы қолөнер бұйымдарын жасауды қолға алдым. Есік алдында шағын шеберханам бар. Сонда отырып күнделікті қолдануға қажетті түрлі бұйымдар жасаймын. 2017 жылы Астана қаласындағы «Экспо» көрмесіне қатыстым. Онда көрмеге келуші шетелдік туристер біздің ұлттық бұйымдарға қызығушылық танытып, кәдесый ретінде сатып алды. Жалпы қолөнер бұйымдарына қызығушылық та, сұраныс та басым. Кейде жасаған бұйымдарыма қызыққандар жоғары баға беріп, сатып алады. Ұлттық өнерді бағалайтындар бар­шылық, – дейді шебер бізбен әңгімесінде.

Иә, шебердің сөзінің жаны бар. Ұлттық өнер қашанда құнды. Сон­дықтан оның қадірін білетіндер жоғары бағалайды. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары елімізде ұлттық бұйымдарға сұраныс артқан. Қазір той-жиында, іскерлік кездесу, мерекелік кештерде қонақтарға ұлт­тық нақыштағы кәдесый беру үр­дісі қалыптасқан. Қолөнер шебері ағаш астауға тапсырыс көп екенін жеткізді. Қанша дегенмен базар сөресіндегі астаулармен шебердің қолынан шыққан таза туындының айырмашылығы жер мен көктей. Табиғи, сапалы дүниеге қашанда сұраныс бар.

Кейіпкерімізді арнайы іздеп келетіндер көп. Ондағысы үлкен мерейтойларға кәделі сый жасау үшін арнайы тапсырыс береді. Мұндай туындылардың бағасы да қымбат болады.

«Шебердің қолы ортақ» демекші, кейіпкеріміздің шеберханасына ұс­талықты үйренгісі келетін оқушылар көп келеді екен. Олардың алды оқу бітірсе, сабақтан соң осында келіп қолөнершіге көмектесетіндері де бар. Ұрпақтар сабақтастығындағы ұлттық өнердің қайта түлеуі бәлкім, осы болар.

Қолөнерші Қанибек Сәдуақас­ұлының ұлттық өнерді түлетудегі еңбегі зор. Оның бұл ісі елеусіз қалған емес. Ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапат пен алғысқа ие болды. Халықаралық қолөнершілр одағының мүшесі, Қызылорда облысының құрметті ардагері, Қазақстанның еңбек ардагері атанған.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: