Сейсенбі, 23 шiлде, 02:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Бизнеске айналған «жалдамалы қалыңдықтар»

28.05.2024

316 0

Сурет: kaz.nur.kz

«Жалдамалы жұмысшы», «Жалдамалы пәтер», «Жалдамалы қызмет» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Алайда «Жалдамалы қалыңдық» сөзі сіз бен бізге әлі де таңсық. Оның не екенін көбінесе сан соғып қалғандар жақсы біледі. Қысқасы, жалдамалы қалыңдық деген кәдімгі келін емес

Анығын айтқанда, келін болып түскенімен сол әулетке тастай батып, судай сіңбейді. Тек қалтаңызды жымқырып, уақытша келіннің рөлін сомдайды. Той біткен соң қалыңмал мен қымбат әшекейлерді алып, ізім-қайым жоқ болады. Іс мұнымен бітсе жақсы. Жалдамалы келіндердің той иелерін алдап, несиеге белшеден батырып, қашып кететіні тағы бар… Мына заманда бұл жаңалыққа таңқалудың өзі қиын. Өйткені бұрынғыдай «ұят боладыны» білетін, үлкеннің тәлімтәрбиесін, үлгі-өнегесін көрген, соны санаға сіңірген қыз-келіншектерді таба қою қиын. Керісінше, көптеген арулар «жалдамалы қалыңдық» болуды кәдімгі бизнеске айналдырып алған. Олар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырып, жеңіл жолмен өмір сүруді жөн санайды. Тіпті бұған арланбайды да.

Елімізде күйеу жігітпен әлеуметтік желілер арқылы танысып, шаңыраққа келін болып түсіп, қалыңмал ақшасын алған соң қашып кететін қыз-келіншектердің саны артып барады. Көктем мен жаз, күз мезгілі – той маусымының нағыз қызатын шағы. Мұндай тамаша уақытта бірі қызын ұзатуға, енді бірі ұлын үйлендіруге асығады. Ұл демекші, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде оң босағада отырған бұрымдыларға қарағанда, отау құруға асықпайтын ер азаматтардың саны артқан. Содан да болар, бүгінде орда бұзар жасқа жетсе де шаңырақ көтермеген, «Тақиялы періште» баласына келін іздеген аналар мен қайын інісіне лайықты жар қарастырып жүрген жеңгелер жетіп артылады. Ал оларды алдап, тұзаққа түсіретін, уақытша келін болып, ақшасын қалтаға басып, кейін тайып тұратындардың қатары тіпті көп.

Келін емес, «алаяқ» болып шықты

 Әңгімемізді көптен күткен келіні алаяқ болып шыққан тұрғыннан бастасақ… Ол – қалаға жақын ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Ұлбала Алтынбаева. (Кейіпкеріміздің өтініші бойынша аты-жөнін өзгертуді және ауылының атын көрсетпегенді жөн көрдік).

– Негізі бұл оқиғаға біршама уақыт болып қалды. «Жалдамалы қалыңдықтар» деген сол кезден бар екен ғой. Қазір тіпті көбейген шығар деп ойлап та қоямын. Отыздан асқан, үйден көп шыға бермейтін ұлым бар. Өзі үйдің кенжесі. Мал шаруашылығымен айналысады. Содан бір күні үйден шыға бермейтін ұлым қалаға баруды жиілетті. Бір жақсылықтың нышаны болар деп іштей қуандым.

Бірнеше күн өткен соң үйленгісі келетінін жеткізді. Ақырындап сұрастырсам, қаланың қызы екенін білдім. Ортаға біреулер түсіп, таныстырған секілді. Ашып айтпады. Баламның мінезі тұйық. Біздің де күтіп жүргеніміз осы ғой, өзінің аузынан шыққанына қуанып, дереу келісе кеттік. Малымыз дайын. Той ауылда өтетін болды. Бірақ екі жақ таныспадық. Өйткені «қызды алып қашамын, ұзатуға шамасы келмейді» деген соң оған да көндік. Не керек, дайындықты бастап, тойға кірістік. Бәріміз мәзбіз. Балам тіпті көңілді. Соған қарағанда үйге келетін келін жақсы қыз болар деп ойлап жүрдім.

Өздері келіскендей, алып қашып әкелді. Ешқандай дау-дамай болған жоқ. Себебі арада келісім бар. Біз кешірімшілерімізді жіберіп, олар жақтан қуғыншылар келді. Оларды салт-дәстүр бойынша күтіп, жақсылап шығарып салдық. Аулада беташар өтті. Бәрі жақсы болды. Тойдан соң да ешнәрсе сезбедік. Келінім үй шаруасына кірісіп кетті. Тек баламның көңілі жабырқау жүргенін байқадым. Ана болған соң алаңдап отырасың ғой. Біірақ екеуінің ортасына түспедім. Мүмкін, үйрене алмай жүрген шығар, қанша дегенмен, танымайтын ортаға келу оңай емес. Ол басымыздан да өтті емес пе…

Үш күндей өткен соң мен өз тірлігімнен қалаға шығып кеткенмін, үйге келсем, балам келіншегінің үйден қашқысы кеп жүргенін сезіп қалғанын айтты. Іштей «жатырқап жүр екен ғой, сәл уақыт берейік, үйренер» деп айтып, түсіндірдім. Сөйтсем, менен қателік кетіпті. Келінді шақырып алып, а қ ы р ы н д а п сөйлесуім керек пе еді?.. Бірақ көңіліне қарайлап жүрдім. Содан артынша ағайынымыз үйінде құдайы беретін болды. Жаңа түскен келінді де шақырыпты. Алайда сол күні келінім мазасы болмай тұрғанын айтты. Оны үйде қалдырып, ұлым екеуміз кеттік. Кешкілік үйге келсек, ешкім жоқ. Келін де, оның өзімен бірге әкелген шамалы киімі де жоқ. Ұлыма ренжіткен шығарсың деп сөйлеп те алдым. Келін телефонын өшіріп тастаған. Кешірімшілер барған қаладағы үйіне де іздеп бардық. Сенесіз бе, сол кезде алаяққа тап болғанымызды білдік. Үй қаланың шеткі жағында орналасқан. Жалдамалы пәтер ретінде берілетін шағын үй болып шықты. Келген қуғыншылар да соның сыбайласы екен. Оны кейіннен сұрастыра келе білдік. Сол күйі із-түссіз жоғалды. Іздестірдік, таппадық.

 Әрине, оңай болмады. Ұлыма бұл жағдай қатты батты. Содан бері бірталай жыл өтті. Ұлым екінші рет отау құрды. Шүкір, қазіргі келінім жақсы, қарапайым. Тағы да қаланың қызын алдық. Бірақ бұл жолы зерттепзерделедік. Қанша дегенмен аузымыз күйген адамбыз ғой. Аналарға айтарым, алатын жерді жақсылап танып, барып келісім жүргізген дұрыс екен, – дейді Ұлбала апа.

Алғаның адалынан болсын

Қазақ бұл сөзді бекерге айтпаған. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметова осы сөзді жиі айтады.

– Соңғы жылдары «жалдамалы қалыңдық» жайлы естіп, жағамды ұстағаным бар. Келін болып түсіп, сол үйдің ақшасын алып кету, қалыңмалын төлетіп алып, қашып кету деген не сұмдық? Алаяқтықпен тапқан ас адал болмайды. Негізі осының бәрі тәрбиеге байланысты. Әсіресе қыз баласы барлар қыздарына қатаң қарауы қажет. Әрине, еркелетіп те тұрсын. Бірақ тәрбие өз алдына керек.

 «Қыз тәрбиелеу – ұлт тәрбиелеу деген сөз. Біздің әр үйде өсіп жатқан қаракөз қыздарымыз – бәрі қазақтың болашақ ұрпағының анасы, ұлттың әжесі. Сондықтан қызымызды ата-баба дәстүрімен, қырық үйден тыйым салатын салиқалы салтымызбен өсіруіміз керек. Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздың құлағын тесіп, алтын, тіпті гауһар тасты қымбат сырға салғанды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескен. Өйткені жетіге дейін ол қуыршақ ойнап, тұлымшағы желбіреп, асыр салып, балалық дәуренді мейлінше бақытты өткізуге тиіс. Сырға тағу қыздың бойжеткенін, балалық шағынан алыстай бастағанын білдіреді. Қазір осы дәстүрді ойсыз жасап жүрміз.

Қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай, ашықшашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтанашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргенін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – қонақ деген. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған. Ескі қоғам – ескіліктің қалдығы емес, мәдениеттің озық заманы болған. Әттең, қазір соның бәрінен айырылып барамыз. Негізі қазақта «алғаның адалынан болсын» деп бекерге айтпаған. Мұның астарында үлкен мағына жатыр, – деген ойын ортаға салды Зейнеп Ахметова.

 Заңгер не дейді?

«Жалдамалы қалыңдықтардың» тірлігі алаяқтықпен айналысатын айлакерлердің тағы бір әдісі. Негізі алаяқтықтың түрі көп. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал басшысы, заңгер Ләззат Бақтыбаева жеткізді.

– Алаяқтықпен түскен келін үйге келіп, қандай да бір затты рұқсатсыз алып кеткен болса, құзырлы мекемеге хабарлауы керек. Одан бөлек, қалыңмал деген де материалдық шығын болып саналады. Азаматтық тәртіпте сотқа беріп, өндіртіп алу тетігі бар. Алаяқтық мәселесін көтерген соң оның таралу жолына, қалай сақтану керектігін де айтып өтейін. Сонымен қатар қазіргі таңда алаяқтықтың ең көп тараған түрі – интернет арқылы алаяқтық. Яғни шетелдік нөмірлерден хабарласып, қысқа смс хабарламасын жолдау арқылы аттарынан несие рәсімдеу мәселелері жиілеп кетті.

 Соның ішінде алаяқтықтың «вишинг» деген түрі бар. Ол ұялы телефон арқылы жүзеге асады. Олар түрлі нөмірді жасақтау арқылы нөмір иесіне қоңырау шалып, есепшотта қандай да бір қауіпті әрекеттің жүргізіліп жатқаны туралы және ол адамның жеке дерегін сұрау арқылы іске асырылады. Жеке деректерге банк картасының үш санды кодын алу арқылы шоттағы несиені өздерінің есепшоттарына аударып алу әрекеттері жасалынады. Екінші түрі «фишинг» деп аталады. Яғни электронды пошталарға түрлі хаттардың келуі. Қазіргі күні ол тек пошта арқылы да емес, мессенджерлер арқылы да келіп жатыр. Анығын айтқанда, қысқаша сілтеме жібереді. Егер адам ол сілтемені басқан сәтте автоматты түрде қашықтықтан басқару арқылы телефондағы жүктелген банк қосымшалары бойынша несие рәсімдеп, ол несиені өздеріне түсіру жұмыстарын жүзеге асырады. Тағы бір түрі жасанды интеллект арқылы қолданылады. Айта кетсек, азаматтардың дауысын айнытпай қайталап, банктерден несие алады. Сондықтан әр адам танымайтын нөмірге және шетелдік нөмірлерге видео арқылы жауап беруге болмайды.

– Маман ретінде сақтық шараларын айтып өтсеңіз?

– Еш уақытта, ешкімге оның ішінде өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған азаматтарға банктік карталардың кодтарын, сандарын, жарамдылық мерзімін айтпауы керек. Банк қызметкерлері өздерінің бағдарламалары арқылы да ол мәліметтерді көре алады. Сондықтан егер осындай азаматтар қоңырау шалса, ешқандай ақпарат бермеуі қажет. Оған қоса телефонға келіп тұрған смс кодтарды да айтуға болмайды. Біреудің айтуы бойынша өздеріңіздің мобильді банкингтардің нөмірін ауыстыруға да болмайды. Жалпы әр адам өзіне тиісті жеке мәліметті құпия ұстағаны жөн, – деп жауап берді заңгер маманы.

Психолог пікірі

Психологтардың пайымынша, алаяқтар құрған тұзаққа үйленбей жүрген, мінезі ұяң, тұрмысы әлжуаз отбасының ер азаматтары түседі екен.

– Махаббатпен, сүйіспеншілікпен құралмаған отбасы кейін тұрмыстық зорлықзомбылыққа, қандай да бір келеңсіздіктерге тап болып жатады. Мұндай жағдайлар – әлеуметтік желі арқылы бізге келіп жатқан алаяқтықтың алғышарты. Жасанды некенің қашанда ғұмыры қысқа. Маман ретінде айтарымыз, шешім қабылдар кезде әбден сүзгіден өткізіп, жақыныңызбен ақылдасып барып қабылдаған дұрыс шығар. Албырттыққа салынып, келте шешім қабылданып жатса, арты осындай өмірлік дақ қалдыратындай мәселе тудыртып кетуі мүмкін. Әркімнің өзіне барынша сенімді болуына шақырамыз. «Өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дейді. Сүйіктіңізді таңдарда ағаттық жіберіп алмаңыздар. Тектіліктен тараған нағыз қазақтың ұрпағы ешқашан жаман болған жоқ. Мүмкіндігінше, келін аларда салт-дәстүрмен құда түскен абзал, – дейді психолог Гүлбаршын Ниязова.

Тілші түйіні

Мақаланы дайындау барысында алаяқтық жолмен табыс тауып жүрген келіндер жайлы облыстық прокуратурадан ақпарат сұратқан едік. «Мұндай жағдай көбіне оңтүстік облыстардан жиі кездесуде. Біздің облысқа әзір ондай дерек тіркелген жоқ» деп жауап берді баспасөз хатшысы. Расымен, соңғы уақытта дәл осындай оқиға Түркістан жақтан шыққаны белгілі. Әлеуметтік желіні шулатқан бес рет беті ашылған келінді естіген боларсыз, сол келін Жаңақорған ауданына да келін болып түскен екен. Алайда олар біз жақтың емес, Алматының құзырлы органдарына өтініш жазып, іс әлі тергеу үстінде.

Сайып келгенде отбасын құру оңай емес. Атүсті шешім қабылдай салуға болмас. Себебі алғаның адалынан болмай, алаяққа айналса, одан түскен дақ өмір бойына кетпес. Жалпы дәл қазіргі қоғамда алаяқтықпен айналысатын «жалдамалы қалыңдықтар» жиілеп кетті. Сондықтан қазақтың әр сүрбойдағы үйленерде абай болғаны абзал.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: