Бейсенбі, 18 шiлде, 14:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Таулар алыстаған сайын биіктейді

22.06.2024

354 0

Қолыңызға алып, оқып отырған
«Ақмешіт апталығы» газетінің негізін қалаған Әділхан Бәймен биыл көзі тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығар еді… Өмірден өткеніне де биыл 20 жыл толды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген бар. Әділхан Айтмағамбетұлының аты да, хаты да өлмейді. Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Әділхан Бәйменнің шәкірті Нұрлан Көбегенұлы ұйымдастырған басқосуда қаламгердің шәкірттері, үзеңгілес әріптестері, ұрпақтары ол туралы естелік айтты.

Елжандылықтың жарқын үлгісі

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді қазақ даналығы. Ұстаздық етіп, ізінен ерген толқынға жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген Әділхан Айтмағамбетұлының Сыр бойы журналистикасындағы еңбегі ұшан-теңіз. Әдепкіде бүгінгі «Сыр бойы», бұрынғы «Ленин жолында» біраз жыл қызмет атқарып, бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Елдің еңсесін тіктеу қажеттігі туған шақта тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіл басқармасын басқарып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында ауқымды еңбек етті. Мұның әрбірінде Әділхан Айтмағамбетұлының азаматтық ұстанымы айқын көрініс тапты.
– Қай кезеңде де ұрпақтар сабақтастығы, оның ішінде кәсіби сабақтастық болу керек. Әдекең еңбек еткен «Сыр бойы» газетіндегі тілшіден бастап жауапты қызметкерге дейін қай-қайсысы да қоғамның мықты тұлғасы болып қалыптасты. Ал өзінің перзентіндей, өзі негізін қалаған «Ақмешіт апталығы» газеті қоғамда өзінің орнын ойып тұрып алған басылымдардың қатарында. Қалалық газет болғанымен, ауқымды тақырыпты, елдік, ұлттық мәселелерді қозғап жүр. Міне, Әдекең салған сүрлеу осы емес пе еді?!
Әділхан Айтмағамбетұлы азаматтық ұстанымы ерекше, принциптері бөлек, ізеті мен үлгісі мол жан еді. Мен облыстық телеарнаға қызметке келгенде ең әуелі арнайы іздеп келіп, құттықтаған азаматтардың бірі. Әдекеңнің маған тағы бір жақындығы – туған бауырым Айғали Қарабалаевтың ұстазы болғаны. Кез келген университет бере бермейтін нағыз тәжірибелік білімді беріп, оны қалың оқырманның сүйікті журналисі етті. Облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің үлкен мектеп екенін осы бір мысалдың өзінен айқын аңғаруға болады, – дейді ардагер журналист Жағыпар Қарабала.
Үзеңгілес жүріп қызмет еткен әріптестерінің қатарында болған Жағыпар Аманжолұлы Әділхан Бәйменді елжандылықтың жарқын үлгісі деп бағалайды. Өйткені қиын кезеңдерде ұлт мүддесі жолында еңбек етіп, ұлтқа қызмет етуді міндеті санаған тұлғаның әрбір әрекеті тәуелсіз еліміздің ертеңіне бет алатын.
– Әдекең тек шығармашылықпен шектелген жоқ. Ол мемлекеттік қызмет, елдің, тілдің, ұлттың мәселесін шешуде маңдай терін төгіп жүретін еді. Сол уақыттарда Әділхан Айтмағамбетұлы секілді ұлтқа қызмет ететін азаматтар керек болды, олар елдің еңсесін көтерді, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуда еңбек етті. «Орнында бар оңалар» деген осы. Бүгінде ұрпағынан хабар алып, қуанып отырамын, – дейді Ж.Аманжолұлы.

Мен осындай мықтылармен қызметтес болдым

Енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан тәуелсіз ел үшін ұлтжанды азаматтар ауадай қажет болды. Сол уақыттарда республика бойынша жалғыз ғана Қызылорда облысында тіл басқармасы құрылған болатын. Міне, осы басқарманың тізгінін ұстап, ұлтқа қызмет ететін азамат ретінде Әділхан Айтмағамбетұлы таңдалды. Бір кездері әріптес болып, осындай марғасқалардың тәлімін алған Асылбек Жұмабаев та ұлтқа қызмет еткен қайраткер туралы естелік айтты.
– Мен осындай мықтылармен қызметтес болдым. Әскербек Рахымбекұлы, Оразбек Мақсұт, Құттыбай Сыздықов, Әділхан Бәймен тәрізді азаматтармен бірге елдің ертеңіне еңбек еттік.
Қазір қазақ тілі артта қалды деп жатады. Мен мүлдем келіспеймін. Қазақ тілі артта қалған жоқ, ол дамып жатыр. Тіліміз – тірі, бірақ жаралы. Иә, Әдекең осы мемлекеттік тіл саясатының жүйелі жүргізілуіне ерекше ықпал етті. Сол уақытта мен осындай керемет азаматтармен бірге жұмыс істегеніме қуанамын.
Әдекең спортқа жаны құмар кісі еді… Футболда лоторея ойнатылатын. Бірде сол лотореядан Урал мотоциклін Әдекеңнің баласы ұтып алды. Сонда біз Кеңес Махамбетов, Хусейн Сәрсенбаев және мен – үшеуіміз балаша қуандық. Стадионды басымызға көтере шаттандық. Өзгелер бізге таңқалды. Тіпті «Ұтқан сендер емессіңдер, неге қуанасыңдар?» деп сұрағандар да болды. Біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік. Өзгенің қуанышына қуану да біздің дағдымыз еді.
Біз бір-бірімізге жанымыз ашып, болысып жүретінбіз. Бірде бес бөлмелі пәтер босап, оны үш балалы отбасына бергелі жатқанда мен қарсы шықтым. Әдекеңде де, Құтекеңде де бес баладан бар еді. Солардың кезегі де, реті де кеп тұрғанын айттым. Соңына дейін қарсы тұрдым. Бірақ олар өз дегенін істеді.
Уақыт көші алға жүре береді. Бірақ Әдекеңдер ешқашан ұмытылмайды, – дейді Асылбек Теңелұлы.
Бір заманда қызметте болған осындай азаматтардың кейінгіге берер үлгісі де, айтар ойы да, ақылы да бөлек. Иә, олардың болмысы бөлек. Тіпті, естігеніңді көргендей етіп, көз алдыңа әкелген Асылбек Жұмабаевтың досқа деген сағынышы да оның әрбір сөзінен сезіліп тұрғандай еді…
Айтпақшы, Әділхан Айтмағамбетұлының футболға құштарлығы ерекше болған екен. Жуан жұдырығына өзгелердің басымен бірдей қолғабын киіп, қақпада тұрғанды ұнататын. Тіпті әріптестер арасындағы футболдан жолдастық кездесулердің бірінде ақын Шәкизада Әбдікәрімовтің «Ә, жігіттер, ойнаңдар! Бірақ Әдекеңді де ойлаңдар!» деген сөзі әріптестердің жадында әлі күнге жаттаулы.

Қазақтың балаларын
қазақша үйрету –
біздің басты мақсатымыз

Редакцияның бас есепшісі Қаламқас Кенесариеваны қызметтестері біздің анамыз деп атайтын. Бір лездеме екіншісіне ұқсамайды. Әрбір жиынды әзілден бастайтын Әділхан Бәйменнің әдеті бүгінде қызметтестерінің жадында сақталған.
– Мамандығым есепші болған соң ақша жайын көп ойлаймыз ғой. Айлығымды азсынып, басқа жұмыс іздеймін дегенімде Әдекең «Қаламқас, біздің басты мақсатымыз – қазақтың балаларын қазақша үйрету. Ақша жағы тәуекел» дейтін. Сенесіздер ме, арада неше жыл өтсе де мен осы сөзді Әдекеңнен басқа ешкімнен естімедім. Ол өзін ұлтқа арнаған жан еді. Елге қызмет етейік дегенді үнемі айтатын. Өзінен гөрі өзгенің бақытын көп ойлайтын. Оның көпшілдігінен болар, редакцияға қонақ көп келетін. Мықты-мықты тұлғалар жиі бас сұғатын. Әдекең дүние жинамады. Осы жерде отырған қанша шәкірттері бар. Өзінен кейінгі жастарды елге қызмет етуге тәрбиелеген нағыз ұлтжанды азамат болды, – дейді ол.
Бүгінде облыстық «Qyzylorda» телеарнасында абыройлы қызмет атқарып жүрген Нұржан Оспан да осы редакцияның жұмысын жүйелі жүргізуде аз еңбек еткен жоқ. Мықты менеджерлік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары оның да Әділхан Айтмағамбетұлынан үйренгені көп. «Мені жанынан бір елі қалдырмайтын. Қасына кіл мықтыны жинады. Одан үйренгеніміз көп. Әдекеңдей азамат ұмытылмаса екен» дейді Нұржан Жағыпарұлы.
Айналаға обьективпен қарап үйренген фототілші Талғат Дәужігітов те осы ұжымда еңбек еткен. Қанша басшының арасынан естен шықпайтын азамат еді деген оның да ойында Әділхан Айтмағамбетұлына деген сағыныш сақталып тұр.
– Өмірде тұрақты ештеңе жоқ. Бәрі өтеді, кетеді, ұмытылады. Ал Әдекең ұмытылмайтын азаматтардың қатарында. Мықты ұйымдастырушы. Ол берген тапсырманы демде ұғасың. Қысқа-нұсқа, нық айтады. Кей басшылардың берген тапсырмасын алдына қайта барып сұрап алуға тура келеді, ал Әдекеңнің алдына қайта бармайсың. Ол кісінің осындай қасиеті болатын. Сол уақытта газеттің таралымы 8 мыңнан асып кетті. Бұл оның мықты менеджерлігінен болса керек. Кейбір астарлы нәрсенің өзін бірден ұғып қоятын.
Ол «Алдыңа келген адамды алдымен тыңдап ал, сонан кейін барып ой түйесің» дейтін. Кейде кабинетіне келген адамның мұң-мұқтажын бірнеше сағат отырып тыңдайтын. Оның осы қасиеті мені таңқалдыратын, – дейді Т.Дәужігітов.
Қызмет жолында қазақ радиосында редактор, облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, облыстық тіл басқармасының басшысы, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған Әділхан Бәймен сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Иә, оның қаламынан туған туындылар тіпті кітап болып жарыққа шықты. Бір емес, бірнеше рет. Газеттен «Жұлдыз» деген бет ашып, еркін тақырыптағы, сезімге толы туындыларды осында жариялап тұратын.
Осы басылымда қызмет етіп, бүгінде өзі бір газетті тұрақты шығарып, өзі редакторлық етіп жүрген Бибайша Алпысбаева да жұмыс істеді. Мықты маманды дереу танитын Әділхан Айтмағамбетұлының қырағылығы оны да басылым жетекшілігіне алып келіпті.
– Жалағашта аудандық газетте жұмыс істеймін. Редакторымыз – Асқар Кіребаев. Әдекеңнің ол кісімен достығы, аралас-құраластығы да бар. Қалаға ауысып келгенімде ол кісі мені жұмысқа шақырды. Балам кішкентай еді, келіспедім. Құдамыз арқылы шықты. Күйеуімді балыққа апарып, оңаша сөйлесті. Ақыры, мені жұмысқа алды. Ол кісі алдына мақсат қойса, соған бәрібір қол жеткізетін еді…
Бірде маған бас редактор боласың деді. Ал мен үзілді-кесілді бас тарттым. Бір күні Ахат аға Жанаев екеуі маған бөлек кабинет жасақтап, ішін әрлеп, сәндеп қойыпты. Екінші күні екеуі құдайы-той, шаруалары шығып қалып менен сұранып жүр. Сөйтсем, сыртымнан редактор сайлап қойыпты. Ол кісілердің осындай кеңдігі, керемет қасиеттері бар еді… Қаржылық қиындықтарды қатты уайымдады. Бірақ бәрібір қиындықтан шығар жол табатын, – дейді ол.
Табиғатынан тумысы бөлек тұлғаның даралығы бірге қызмет істеген әріптестерінің есінде. Уақытында көлік жүргізушісі болып еңбек еткен Әбілхан аға оның айналаға қамқорлығының ерекше екенін айтты.
– Мен оның шопыры болдым. Көлік біздің үйде тұрады. Әдекең жүгіріп келіп, мені оятады да өзі жұмысқа автобуспен кетіп қалады. Ондай басшыны көрдіңіздер ме?! Сондай қарапайым, айналасын көп ойлайтын. Адам баласына ренжімейтін. Маған көп көмектесті. Иә, мен де іні болып еркеледім. Орны қатты білінеді, – деді ол.

Сол тұғырдан түспесек деп келеміз…

Бүгінде Әділхан Бәймен негізін қалаған «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толды. Ал өзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді… Бүгінде өмірден өткеніне 20 жыл болды. Уақыт бір орнында тұрмайды, сырғыған сағаттар сан түрлі өзгерістерге ұшыратуда. Бірақ өзгермеген бірнәрсе бар. Ол – «Ақмешіт апталығының» қоғам алдындағы арқалаған жүгі. Елдік, ұлттық тақырыптарға үн қосып, қазақтың ертеңі жайлы ой толғайды. Бүгіннің боямасыз бейнесін қалам ұшымен оқырманға көрсетеді. Иә, біздің де алдымызда үлкен мақсат бар. Басылымды биік тұғырдан төмен түсірмесек дейміз. Газет шыққалы ұмыт қалмаған «Қуақы» да әлі күнге өз тұғырынан тайған жоқ. Әділхан Бәймен жақсы көретін сұхбат жанры да газеттен ажыраған жоқ. Редакция құрамы қанша жаңарса да, мақсат пен мүдде бір.
«Әділхан әлеміндегі» отыз жыл бұрынғы ой мен толғам бүгінде сол қазақты биікке көтерсем дейді. Егемен елдің ертеңін жарқын етуге үлес қосуды армандайды. Әрбір азаматтың жеке ойы елдік мүддемен тоғысқанда ғана мақсатқа жетеміз. Біздікі де сол емес пе, қадірлі оқырман!


Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: