Жексенбі, 30 маусым, 21:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Бекжан Төлепов, Әлем чемпионы: Қазақтың туын төрт рет көкке көтердім

11.06.2024

257 0

«Спортта жетістікке жетіп, өзге елде әнұранды шырқатып, туды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру ол әр спортшының арманы, мақсаты. Әнұран шырқалып, ту биікке көтерілгенде көп спортшы көзіне жас алады. Ол – жеңістің, қуаныштың, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің жасы. Тұғырда бірінші болып, әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің оянады», – дейді қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжан Төлепов.
Орайы келгенде әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Бекжан Әлімжанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бекжан, әңгімемізді өзіңізбен бастасақ…
– Өзім 1998 жылы Қызылорда обылысы Шиелі ауданында дүниеге келдім. 2004-2013 жылдары Шиелі ауданы №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектепте оқып, 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы спорт және туризм колледжін бітіріп, 2019-2022 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық университтетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым.
Қазақ күресімен 2005 жылдан бастап айналысып келе жатырмын. Алғашқы бапкерім Әлімжан Тұрғанбаевтан 2005-2008 жылдар аралығында тәлім тәрбие алдым. 2008-2017 жылдар аралығында жаттықтырушы Мейрамбек Тәжібенов болды. 2017 жылдан бастап, ШВСМ мектебінде Болатбек Кенеевтің тәлімгерлігімен жаттығып жүрмін.
– Спорт саласында жүрсіз. Ең алғаш рет жеңіс тұғырынан көрініп, ту көтерген сәтіңізбен бөліссеңіз…
– Ол сәт әлі есімде. Мен 2021-2022 жылдары Румынияда әлем кубогының жеңімпазы болдым. Сол жылдары қазақтың көк туы көкке көтерілді. Әрине, ондай ерекше сәт естен кетпейді. Барлық спортшының есінде қалатын кез деп айтар едім. Бір минут әнұранымыз шырқалып, туымыз көкке көтерілгенде оның артында қаншама жылғы еңбек жатыр. Оған дейін талай жарақат аласың. Сонда да жеңіске ұмтыласың. Бірақ жеңіс тұғырынан көрінген кезде осы қиындықтың бәрін ұмытасың.

– Қазақтың туын көкке көтеру – әр спортшының арманы. Ту көтергендегі сезімнің өзі ерекше болатын шығар…
– Дұрыс айтасыз. Жеңіс тұғырынан көрініп, туды көкке көтеру – спорт саласында жүрген әрбір қазақ баласының арманы. Жеңіс бізді алға жетелейді. Бір рет жеңіске жеттік деп тоқтап қалмауымыз керек. Өзім халықаралық жарыстарда қазақ еліміздің туын төрт рет көкке көтеріп, әнұрамызды шырқатқан жайым бар.
Мен үшін тәуелсіздігіміз өте қымбат, ата-бабамыздың руxын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін қымбат. Елімнің тәуелсіздігін көрсететін бірден-бір нышаны, мақтанышы ол – біздің рәміздеріміз. Әр рәмізімізде өзіндік мағына бар. Мысалы, туымыздың өзі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, самғап ұшқан құстың бостандығын суреттесе, елтаңбаға қарап, байлық, береке, ырыс, еркіндікті көруге болады. Ал әнұранның орны біз үшін тым бөлек. Әр жеңісімде туымызды көкке көтеріп, әнұранымыз айтылғанда бойымызда мақтаныш, жүрегімізде патриоттық сезім, көңілімізге қуаныш орнайды. Міне, осындай жеңістің әр сәті тарихта қалады.
– Дәл қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?
– Қазақ күресінен ұлттық құрама сапындамын. Уақыттың көбі дайындықпен өтуде. Оған қосымша жас шәкірттерім бар. Олардан үлкен үміт күтемін.
– Алға қойған мақсатыңыз…
– Мақсат өте көп. Шәкірттерімді жарыстарға дайындау, ендігі жерде солардың жеңісін көру.

– Шәкірттіңіз бар ма? Жалпы қазір күреске қызығатын жастар көп пе?
– Бүгінде «Батыр» жеке қазақ күрес спорт клубым бар. Онда жүзге жуық жас тәрбиеленіп келеді. Осы кезде республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып, жеңімпаз болып жүрген шәкірттерім бар. Қазақ күресімен айналысатын жастар саны өте көп. Жыл сайын көбейіп келеді. Оған қоса, тек қазақстандық жастар ғана емес, көршілес елдердің де жастары қазақ күресімен айналысып жатыр. Әр шәкіртімнің жеңісін көргенде төбем көкке жетіп, бір марқайып қаламын.
– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз…
– Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал анам тігіншілікпен айналысады. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Өзім үйдің үшінші баласымын. Үйленгенмін. Хамза есімді ұлдың әкесімін.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Өмірде намысшыл, шыншыл болу. Себебі спортшыларға рух, намыс қажет. Сонымен қатар алдыма қойған мақсатқа жете білу.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Сурет ашық
дереккөздерден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: