Дүйсенбі, 01 шiлде, 07:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Бір үйдің екі қызын көлік қағып кетті

10.06.2024

103 0

Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға шыққан бір үйдің екі қызын көлік қағып мерт қылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды. 

14 жастағы Ақбота мен оның төрт жастағы сіңлісі Қазына кешқұрым жолдың арғы бетіне, жаяу жүргіншілерге тиесілі емес жерден өтпекші болған екен. Сол сәтті қатты жылдамдықпен келе жатқан “Мерседес” автокөлігі балаларды қағып кеткен. Екі қыз да оқиға орнында көз жұмған. Жол апаты болған жерде бағдаршам, жаяу жүргіншілер өткелі немесе жылдамдықты тежеу туралы ескерту белгісі жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, қыздар үйдің жанындағы дүкеннен балмұздақ алып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпекші болыпты. Алайда көлік қатты жылдамдықпен келіп қаққан. Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсеткенімен, қыздарды аман алып қала алмадық дейді.

Тұрғындар екі қыз көз жұмған жердің қаладағы ең қауіпті жолдардың бірі екенін, осында жол көлік оқиғалары жиі тіркелетінін айтады. Олар түнде жүргізушілер жаяу жүргіншілерді көрмейтінін айтып, тас жолды жарықтандыруды, «Сергек» камераларын орнатуды талап етіп отыр.

“Негізі мына жерге бір жүргіншілер жолын салып қойған дұрыс деп ойлаймын. Біздің көшеде де, көптеген кішкентай балалар бар. Кеше ғана жүгіріп ойнап жүрген қыздар еді. Жанымыз ашиды. Ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз”, – дейді көршісі Фариза Ерсалиева.

Балаларды қаққан көлік жүргізушісі осы ауылдың тұрғыны екен. 33 жастағы азамат бірден қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.

“Апат салдарынан кәмелетке толмағандардың екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Автакөліктің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды”, – деді Алматы облысы ДП ресми өкілі Меруерт Морякова.

Айта кетейік, марқұм Ақбота мен Қазына бір үйдің кенжелері болған. Енді артында қара жамылып туған екі ағасы мен бір әпкесі, ата-анасы қалды. Отбасы тергеудің әділ өтуін талап етеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: