Сейсенбі, 02 шiлде, 20:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Ғылымның дамуына қамқорлық керек

02.07.2024

97 0

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының ғалымдары аграрлық ғылымды дамытуға мақсатты қаржыландырудың жетіспеушілігіне қарамастан, Қарауылтөбе тәжірибелік алаңында биыл селекция жұмысын сәтті жасады. Ғалымдар үздіксіз селекция өз жемісін беретінін айтады. Қазіргідей су тапшылығында егінді әртараптандыру үшін мұндай жұмыстар ауадай қажет. Бүгінде ғалымдардың ізденісі мен еңбегінің арқасында арпа питомнигі құрылып, жаздық арпаның 3500-ден астам сорты зерттелуде.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Лаура Тохетованың айтуынша, коллекцияда алуан түрлі ботаникалық, шығу тегі мен жетілуінің кең ауқымын қамтитын отандық және шетелдік селекцияның бірегей сорты бар. Оған вегетациялық кезеңі 55-60 күн болатын өте ерте пісетін сорттар кіреді. Коллекцияда ерекше қызығушылық тудыратын «nudum» сортының екі қатарлы арпасының жоғары өнімді және көп қатарлы «сoeleste» сорты бар. Ғалымдар генетикалық өзгергіштік деңгейін кеңейту үшін будандастырумен қатар индукциялық мутагенез әдісін қолдануда. 2015 жылдан бері жүргізілген зерттеу нәтижесінде ғалымдар өнімділік белгісінің жиынтығына ие популяцияны анықтады. Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті сортты сынау үшін 15 өнімділігі жоғары мутант линиясы сынақтан өтуде.

– Біз Жалағаш ауданына қарасты Темірбек Жүргенов ауылындағы «Ералы» шаруа қожалығымен келісіп, арпа егетін жер алдық. Оған көктемде арпаның 4 сортын ектік. Егінді арнайы техникамен жинап жатырмыз. Шаруашылық басшысы Әліби Бекжановқа алғысым шексіз. Ол кісінің ғылымға деген жанашырлығына дән ризамыз. Шаруашылық басшысы сұранысымызға сай бүкіл қажетімізді өтеп берді. Әр сорт араласып кетпеу үшін 4 комбайн берді. Әр сортты жеке-жеке жинадық. «Алтын арай», «Дамир», «Сыр аруы», «Қайсар» сорты егілген еді. 40 центнер өнім береді деп жобалап отырмыз.

Білікті маман ғылым саласындағы кейбір шешілмей жатқан мәселелерге де тоқталды.

 – 2001 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмын. Ғылымға қаржыландыру бар. Бірақ ол – тұрақсыз. Мысалы, 2021 жылы біз айлығымызды қараша айында алдық. Ғалымдардың айлығы жобаға тәуелді. Ауыл шаруашылығы министрлігі 3 жылға конкурс жариялайды. Ол нысаналық бағдарламалық қаржыландыру аясында жүреді. Бұрын конкурс 5 жылда өтетін. Ол біз үшін тиімді еді. Жоба жазудың өзі ғалымдарға оңайға соқпайды. Жобаны қорғау үшін 40 беттен аса мақала жазамыз. Оған 1-1,5 ай уақыт кетеді. Оның сметасы бар. Оны орталыққа ұсынуымыз керек. Мен ұлттық ғылыми кеңестің мүшесімін. Біз конкурсқа түсу үшін барлық жобаны былтыр желтоқсан айында мемлекеттік ғылыми зерттеу орталығына бердік. Енді ол зерттеледі, кейбір тұстары өңделеді, сызылады. Қашан қолымызға тиетіні белгісіз. Біздің айналысатын жұмысымыз селекция. Ол жылда қайталанатын үздіксіз процес. Оның мемлекеттік стандартқа сай әдістемесі бар. Жазған жобамызды өткізу қиынның қиыны. «Сіздің жазғаныңыз біреудің көшірмесі» деп қызылмен бояп тастайтын кезі болады. Осындай даулы тұстары бар. Плагиат болмау үшін ағылшын тіліндегі нұсқаны пайдаланып, жобаны қорғаймыз. Тәуелсіз сарапшы деген бар. Оларға жобаны береміз. Олар біздің проблемамызды түсінбейді. «Не үшін Қызылорда облысына күріш егіледі? Оны халықаралық масштабта талқылайтын қандай негізі бар?» деген қорытынды жазады. Конкурстан өтетін жоба 3 ай шетелдік тәуелсіз сарапшылардың қолында жатты. Сол жоба енді қолға алынып жатыр, – дейді ғалым.

Шынында, ғалымның сөзінің жаны бар. Ғылымға жасалған қамқорлықтың нәтижесі болатыны қуантады. Қазақта «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген бар. Ғылым мен өндіріс біріге жұмыс істесе, мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық берілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Себебі Сыр елінде орналасқан институт республика бойынша күрішпен қоса, өзге дақылдарды өсірудің технологиясын жанжақты зерттеп қана қоймай, алқапқа егіп, тиімді нәтижесін сыннан өткізіп отырған бірден-бір тәжірибе алаңы екенін ғалымдар «тайға таңба басқандай» дәлелдеп отыр. Сондықтан осынау республика теңгеріміндегі ғылымды дамытып отырған Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың атын иемденген институтқа ұдайы қамқорлық жасап, материалдық–техникалық жағдайы жақсарып, ғылымның дамуына мүмкіндік жасалса деген өтініштерін жеткізуде.

 Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: