Бейсенбі, 02 мамыр, 17:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Апталықтағы» қызықты сәттер есімнен кетпейді

16.04.2024

360 0

Менің журналистік қадамым Сыр елінің алғашқы тәуелсіз басылымы, ақпа­раттық-танымдық «Ақмешіт апталығы» газе­тінен басталды. Негізі университеттің 2-курсынан бастап Қызылорда өңірі үшін ерекше басылыммен байланыста болдым. Осыдан тура отыз жыл бұрын редакция табалдырығын аттағанда алғаш рет ақын Дүйсенбек Аяшұлымен, одан кейін газеттің бас редакторының орынбасары Аманжол Сақыпұлымен, бөлім бастығы Нұржан Оспановпен, Сабырхан Сейілбекұлымен, фототілші Талғат Дәужігітовпен таныстым. Ол танысу да қызық болды. Газетке өлеңдерім шығып, соны атап өткен кез: жылы қабақ, ыстық тілек, еркін әңгіме. Сол күннен бастап жақынырақ білісіп, содан кейін газетке жазған-сызғандарымды апарып тұрдым.

Қолыма Қорқыт ата атындағы универ­ситеттің қызыл дипломымды алған сәтте жұмысқа шақырғандар көп болды. 1997 жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Омаров қаланың ішкі саясат бөлімінің бастығы қызметіне шақырды. Ол кезде оқу бітіруіме екі айым қалған, әлі студентпін. «Сыр бойы» газетінің жанынан ашылған репортерлер тобының жетекшісі болғанмын, апта сайын екі-үш материал беріп, белсенділік танытқаныма байланысты ата басылым да жұмыс ұсынды. Қызылорда телеарнасына басшы болып барған Серік Пірназаров та тілшілік қызметке шақырды. Өзім оқыған университеттегі ұстаздарым «осында оқытушы болып қалсаң, кейін кандидаттық қорғауына септігі тиеді» деп үгіттеді. Төрт бірдей жерден шақыру болса да, өзім үйренісіп қалған «Ақмешіт апталығы» газетін, ондағы азаматтарды қимай, осы редакцияда жұмыс істеуге қалдым.

Алғашында газеттің бас редакторы Әділхан Бәйменов әр түрлі жанрда тапсырма беріп, мені сынады. Сынынан сүрінбей өтіп, жұмысқа қабылдандым. Бір қызығы, қазір облыстық телеарнаның белсенді тележурналисі Айнұр Тұңғышбаева екеуміз бір күнде жұмысты бастадық. Маған бірден Дүйсенбек Аяшұлы тізгіндеп келген «Қуақы» әзіл-сықақ бетін жүргізуді тапсырды. Бұрын-соңды әзілді түртіп жазушы едім, бұл жолы сатираның ішіне кіруіме тура келді. Әзіл жазу ақпарат пен мақала жазудан басқа, стилі бөлек, сатиралық жанр. Содан қаламымды сатира мен юморға батырып, әзіл бетін апта сайын шығарып тұрдым. Одан басқа сұхбат пен мақала жаздым, кейде аударма да жасадым. Оқырмандармен байланысымыз бір үзілген емес. 1999 жылы газеттің 5 жылдығын Н.Бекежанов атындағы театрда жоғарғы деңгейде атап өттік. Сыр көрермендеріне, өз оқырмандарымызға шығармашылық кеш сыйладық.

Біз жұмыс істей бастағанда газеттің жанрлық сипаты, стильдік ерекшеліктері өзгеше болды. Айнұр Тұңғышбаева қоғам­дық мәселелерді көтерді. Кейіннен Роза Жолымбекова тілші болып орналасты. Әзіл жазу­дың шебері екен. Нөмір сайын қызықты әзіл­дерін оқырманға ұсынып отырды. Газеттің ұстанған бағыты белгілі, шығармашылық орта көңілді болған соң сол ортада үш жылдай бөлім меңгеруші болып қызмет атқардым.

Апталықтың сол кездегі көптің көңілінен шыққан жанры сұхбат еді. Бірінші беттен басталып, ішкі беттерге жалғасатын әр сала­ның мәселесін қозғайтын сұхбатты оқыр­мандар күтіп отыратын. Тіпті, басшылар немесе елге белгілі азаматтар «маған қашан кезек келеді екен?» деп, елеңдейді екен. Тіпті, Әдекеңе өздері ұсыныс айтатын кездері болған. Мен де талай жандармен танысып, талай басшылардан, мамандардан сұхбат алдым. Сол кездің адамдары сөзге берік, ашық, ақжарқын, аңғал, таза көрінетін. Баспасөзге жанашырлар көп еді.

Аңғал дегеннен шығады, апталықта «Сөз-қазына» деген арнайы беттің тізгіншісі де болдым. Ертеден келе жатқан ескі де есті сөздерді, шешен, билердің даналық сөздерін ел аузынан жинақтап жариялайтынмын. Бірде бір ауданға сапарға шығып, оқырмандармен кездесетін болдым. Содан үлкендері зейнетке шыққан, ақылы асқан бір адамды күтіпті. Мені көргеннен кейін «Сөз-қазына» бетін жүргізетін ағамыз қайда?» деп сұрады. «Менмін» десем, сенбейді. «Ол үлкен кісі болу керек, ескі сөзді сен қайдан білесің?» демесі бар ма. Түсіндіргеннен кейін барып сеніп, әңгімеміз жарасқан еді.

Содан бері журналистика саласында келе жатырмын. 2000 жылы жаңадан «Халық» газеті жарық көріп, мен газеттің бас редак­торының орынбасары қызметіне келдім. Сол кезде апталықтан түлеп шыққан Аманжол Сақыпұлы екеуміз Әділхан Бәйменов баста­ған редакциядан қол үзген жоқпыз. Әдекең «сендерді сағынып қалдым» деп, «Халыққа» келіп тұрушы еді.

«Ақмешіт апталығы» газеті үшін 2004 жылдың салқын күзі ауыр тиді. Газеттің негі­зін қалаған ағамыз, Сыр өңірі журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, басылымның бас редакторы Әділхан Бәйменов дүниеден озды. Осы сәтте газеттің оқырмандарымен қайта қауышуына 1994-2000 жылдар аралығында басылымның бас редакторының орынбасары болған Аманжол Сақыпұлының демеуі бол­ды. Ауыр сәтте мені кабинетіне шақырып алып: «Нұрлан, жағдайды түсініп отырсың. Әдекеңнің жары бізге газетті шығаруға көмек сұрап келіп отыр. Біз Әдекең алдында шәкірттік міндетімізді орындауымыз керек. Мен осы жылдың аяғына дейін, екі ай газеттің қаржылық шығынын көтерейін. Сен газеттің редакторы болып қызмет ет» деді. Мен ал­ғашқы ұстазымыз ретінде екі ай газетті шы­ғаруға келістім. Бірақ газеттің соңғы бетіне өзімді «бас редактор» деп жазуды аруақ ал­дында жөн көрмейтінімді айттым. Есесіне Әдекеңнің аты-жөні ұмытылып қалмау үшін «Газеттің негізін қалаған Әділхан Бәймен» деп жазуға келістік. Сол ұстаным осы күні де жалғасып келеді. Басылым өзінің алғашқы бас редакторын алып тастаған жоқ.

Сонымен екі ай бойы үзбей, газетті оқырмандарымен қауыштырып тұрдық. Газет жанашырлары мен авторлары бұл ісімізге қатты қуанды. Жыл аяғында Аманжол Сақыпұлы Әділхан Бәйменовтің шығар­маларын жинақтап, кітап етіп шығару жөнінде ойын айтты. Кітаптың редакторлық қызметін мойныма алғаннан кейін әңгімелері мен очерктерін алдыртып, «Белгі» деген атаумен 10 баспа табақ көлемде 100 дана кітап шығарып, сол жылдың аяғында ағамыздың жүз күндік асында отбасына табыстадық.

2005 жыл да келіп жетті. Біз келіскен уақыттың мерзімі бітті. Енді әрі қарай газеттің тағдыры қалай болмақ? Салмақ тағы бізге артылды. Бұл жолы «Ақмешіт апталығы» Аманжол Сақыпұлы басқарып отырған мекемеге өтті. Ол Әдекең жаққан оттың сөн­бейтінін танытты. Мен ресми түрде бас редактор болып тағайындалып, сенім жүгін арқаға арттым. Ал газеттің жаңа құрамына тілектестік білдірген кезінде осы басылымда жұмыс істеген белгілі журналист Нұрділда Уәлиев оқырманның «Ақмешітті» іздеп жатқанын айтып, батасын берді.

Сонымен, біраз тәжірибем бар, жаныма жақын басылымды қолға алғанда бірден жоспар құрып, бастап кеттім. «Қуақы» әзіл-сықақ бетін жандандыра түстік. Газет­те тұрақты беттерді дүниеге әкелдік. Жас­тар үшін «Толқын» деген бет ашып, жас журналистерді, студенттерді оқырман ре­тінде тарттық. «Тағылым» беті арқылы тәлім-тәрбиеге мойын бұрдық. «Таным» беті дүниетанымды кеңейтуге қызмет етті. «Алақай» балаларға арналған бет мектеп оқушыларының шығармашылығына арналды. Әзілдер мен әңгімелер тұрақты беріліп тұрды.

Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салдық. Тарихтың парақтарын ақтардық. Дала философиясына үңілдік. Газеттің жаңа авторлары да газет бетінде оқылатын мате­риалдар жариялауда белсенділік танытты.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Газет Әділхан Бәйменовті бір сәт те ұмытқан емес. Туған күнін де, қайтқан уақытын да естен шығармай, газет бетінде естеліктер жазып тұрдым. Жалпы, өткенге қарап, бой түзеу, жақсысын кәдеге жарату, үлкендерге құрмет көрсету – менің ұстанымым. Бірде облыстық ішкі саясат басқармасы журналистер мерекесі күніне орай спорттық жарыстар ұйымдастыратын болып, оған мені жауапты етті. «Арай-санрайс» демалыс орнында спорттың әр түрінен жур­налистер арасында сайыстар өтті. Мен жеңім­паздарды марапаттау сәтінде дүниеден өткен Сыр журналистикасының аға буын ардагерлерінің есімін жаңғыртуды ойлап, Әділхан Бәйменов, Есенкелді Шілдебаев, Бексейіт Шайланов атындағы сыйлық деп көптеген ағаларымның есімдерін дипломдарға өз қолыммен жаздым.

Өткен сәттер көп жайды еске түсіреді. Сыр өңірі журналистикасының қызығы мен шыжығына араласқаныма отыз жылға қарады. Ал «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына биыл 30 жыл. Осы уақыт аралығында ақпарат айдыны талай өзгерістерді басынан өткерді. Журналистика жаңаша дамуға бет бұрды, салаға жаңа лек келді. Десек те, кешегі жазған-сызғанымыз, жарияланған дүниелеріміз газеттің тарихын жасады. Газет бетінде жарық көрген әрбір ақпараттан бастап мәселеге өзек болған мақа­лалар өткен күннің белгісіндей болып қалды. Газет материалдарын ақтара түссек, Сыр бойы тарихына таптырмас деректі біз, журналистер, қалдырғанын мақтанышпен айта аламыз. Ал Сыр өңірі журналистикасында алғашқы тәуелсіз басылым ретінде «Ақмешіт апталығы» газетінің орны ерекше.

Нұрлан Көбегенұлы,

газеттің 2005-2007 жылдардағы

бас редакторы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: