Сейсенбі, 16 шiлде, 07:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Мейірімді мейіргер – Нұржамал

16.07.2024

84 0

Ақ халатты жандардың ішінде мейіргерлер елмен етене жұмыс істейді. Олар елгезек, мейірімді, ақкөңіл болса, емделуші де оны өзіне жақын тартып,  ашық сөйлесіп,  ортақ тіл табысады.  Ақжарқын медбике өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, міндетін абыроймен атқарса, ем қабылдаушы да оған алғысын жаудырып, сүйіспеншілікпен қарайды. Өзі жұмыс істейтін №3 емхананың күндізгі стационар бөлімінде   13 жылдан бері елге алғаусыз қызмет атқарып жүрген I санатты мейірімді мейіргер Нұржамал Сәдуақасова  бүгінде ұжымда да, емделушілер арасында да үлкен беделге ие. Науқастарға арналған алғыс парағында Нұржамалдың есіміне алғыс жаудырғандар қатары үзілмейді.

Ел мақтаған  мейіргермен тілдескен едік.

– Елдің жылы лебізіне дән ризамын. Бұл менің жауап­кершілігім мен міндетім. Міндетті адал атқару – парызым. Ақ халаттыларда  жауапкершілік өзге мамандыққа қарағанда салмақты болу керек. Себебі біз адам өмірімен, денсаулығымен айналысып жатырмыз. Кеселге шалдыққан адаммен сыпайы, жылы сөйлесіп, оның сенімінен шыға білу керек. Біз өз кезегінде психолог боламыз. Жан дүниесі ауырған адамға жылы көзқарас, сыпайы сыйластық керек.  Сонда ғана жасаған еміміз шипалы болады.  Көпшіліктің батасын алып, көктеп көгереміз.  Елдің алғысын алған сайын жан дүниең  жадырап шыға келеді. Әр адамның қадір-қасиетін бағалай білу ата-анамның берген тәрбиесі деп білемін. Еңбегім еленіп түрлі марапат алып жатырмын.  Ұжымыма да алғысым шексіз, – дейді мейірімді мейіргер.

Ел құрметіне бөлену, өз жұмысын адал атқару – мейіргер Нұржамал­дың ұста­нымына айналған. Алғаусыз ал­ғысқа бөленген мейірімді мейір­гер Нұржамал Сәдуақасова­ға біз де сәт­тілік тілейміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: