Сейсенбі, 23 шiлде, 14:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Такси тарифінің түйткілі

23.07.2024

102 0

Сурет: cq.ru

Таяуда өткен мəжіліс отырысында депутат Ислам Сұңқар такси бағасына қатысты мəселе көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, Қазақстан такси қызметінің құны бойынша əлемде 73-орында, ал ТМД елдері бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Яғни бізде таксидің орташа бағасы – 970 теңге, ал мегаполистерде 1000 мен 3000 теңгенің арасына тұрақтаған. Көбі кері кеткен бағаның кесірін алпауыт компаниялардың ашкөздігі мен нарық саясатындағы келеңсіздіктен іздеуде. Бағаның шарықтауына не себеп? Монополияға қарсы əрекет мəселені шеше ме? Саралап көрелік.

Депутат келтірген мəлімет дереккөзі Numbeo қорының ақпаратына негізделген. Онда Қазақстан бір километр үшін төленетін такси бағасының рейтингі бойынша 97 елдің ішінен 73-орынға тұрақтаған. Есепке шақсақ – 0,67 доллар. Рейтингке қатысқан ТМД елдерінің арасында бұл ең үлкен сома болып отыр. Салыстырмалы түрде такси жолаушылары бір километр үшін Əзербайжанда 0,59 доллар, Ресейде 0,33 доллар, Беларусьте 0,31 доллар, Өзбекстан мен Украинада 0,30 доллар болса, Армения мен Молдовада 0,28 доллар төлейді.

 Такси табыс көзі ме?

 Бірден айтайық, такси қымбаттады деп жаяу жүрген немесе қоғамдық көлікке мінуді əдетке айналдырғандар аз. Бұрынғыша жұмыс не шаруамен тысқа шыға қалса, көбі такси тоқтата кетеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы I жартыжылдықта Қазақстанда такси қызметін пайдаланған адамдар саны 35,6 млн жолаушыға жетіп, 37,6 пайызға өскен. Демек, салада түйткіл болғанымен, сұраныс бар деген сөз.

 Бұл – маңызды деталь. Себебі елдегі экономика сипаты – нарықтық. Соған сəйкес, такси қызметінің бағасын мемлекет емес, нарық реттейді. Реттейді екен, мəселе біржақты шешіледі деп күту де қисынсыз. Бəрін ретімен тарқатайық.

Ірі қалаларда негізгі табыс көзі таксиге тəуелді азаматтар жетерлік. Олар күн-түні такси агрегаторларының қойған межесін орындап, қомақты қаржы алады. Жолаушы көп, тапсырыс толассыз. Тіпті осы жұмыс үшін мегаполиске келіп, жалға көлік алып жұмыс істейтіндер қаншама. Əсіресе, Астана мен Алматыда оңтүстік өңірден қоныс аударғандар ішінде мұндай оқиғаны жиі кездестіресіз.

Жолай жолаушы алатындарды есептемегенде таксилердің 90 пайызы онлайн платформалар арқылы жұмыс істейді. Тұтынушы табу оңай, табыс та тез келеді. Осыған байланысты экономикалық зерттеулер орталығы арнайы сараптама жүргізіп, Қазақстандағы такси жүргізушілерінің табыстылығы бойынша ТМД елдері ішіндегі үздік үштікке кіретінін анықтаған. Бұл туралы экономикалық зерттеулер институтының өңірлерді зерттеу орталығының директоры Ерлан Каримов БАҚ өкілдеріне берген мəліметінде растаған болатын.

– ТМД елдері арасында аналитиканы қараған кезде, таксистердің табысы бойынша Қазақстан Əзербайжан жəне Ресейден кейін 3-орында тұр. Шамамен 37 доллар табыс табады екен. Ол біздің ақшамен санағанда, шамамен 16 мың теңге. Салыстырмалы түрде анализ жасау үшін долларды жəне 100 км қашықтықты алып отырмыз.

Ал ресми таксистердің табысына қарайтын болсақ, олар соңғы 2 жылда 2,5 есе азайған. Жаңағы шетелдік компаниялар отандық бизнесті, отандық кəсіпкерлерді өздерінің технологиялары, платформасы арқылы ығыстырып жатыр деген сөз. Сондықтан бізде бəсекелестік болу керек жəне альтернативті транспорт дамуы керек, – деді ол.

Сарапшылар такси жүргізушілерінің табысты болуының себебін елдегі жанармай бағасының төмендігімен байланыстырады. Қазіргі таңда Қазақстан əлем бойынша жанармай бағасы арзан елдер рейтингінде 11-орында тұр. Жанармайдың орташа бағасы литріне 0,51 доллар шамасында. Ал əлем бойынша орташа құны 1,32 доллар екен.

15 жыл такси жүргізушісі болған қала тұрғыны Мақсат Тұрлыбаевтың сөзінше, саладағы табыс тек жанармай бағасына байланысты емес екен. Оның сөзінше, жолаушы саны, тасымал арақашықтығы да шешуші рөл атқарады.

«Такси жүргізушісі айына 200-250 мың теңге шамасында табыс табады. Бұл табыс жұмыс уақыты мен бəсекеге қарай құбылатыны бар. Мысалы, жолаушы көп шоғырланған жерде бұрыннан такси қызметін жүргізетіндер болады. Олармен қатарласып жұмыс істеу қиындық тудыруы ықтимал. Сондықтан жолаушыны жол бойынан немесе мобильді қосымша арқылы іздеуге тура келеді. Егер қаланы жақсы білсеңіз, жол жүру уақытын қысқартып, жанармай мен уақытты үнемдеуге болады. Бұл да артық жолаушы алуға мүмкіндік береді.

Табыс ұлғайғанымен такси жүргізушілерінің шығыны да көп. Жанармай құны, автокөлікті сақтандыру ақысы, автобөлшектер ауыстыру, мобильді қосымша пайызы салмақ салатыны жасырын емес, – дейді такси жүргізушісі.

«Яндекс.такси», «indrive»: қос компания олигополиясы

Байқасақ, такси жүргіушісіне табыс мол, тапсырыс жетеді. Сонда баға құнын көтеруге не себеп? Оның мәні олигополияда жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, елде такси қызметі «Яндекс.Такси», «inDrive» секілді онлайн платформалар арқылы жүреді. Жүргізушілер соған тіркеліп, қыруар комиссия төлеуге мәжбүр. Бәсеке жоқ, саланы толық уысында ұстайтын аталған компаниялар баға саясатын шешіп отыр десек, сенесіз бе?

Мобильді қосымшада ауа райы мен жол қашықтығына қарай бағаны құбылтып, ешқандай негіздемесіз құнын көтеруді әдетке айналдырған. Тіпті жүргізушілерден алатын комиссия бағасы да жыл сайын аспандап бара жатыр. Оған қоса «Яндекс.Такси», «inDrive» сияқты агрегаторлар арқылы таксилетіп табыс тапқысы келетін барлық жүргізушіні белгісіз бір таксопарктерге мәжбүрлі тіркейді. Ол делдалдар жүргізушілерге еш қызмет көрсетпесе де, тапқан табысының 4%-ын жолай ұстап қалады.

Мәселе көтерілгелі мәжіліс депутаттары да көліксіз халықтың қалтасын қаға бастаған такси қызметін сынап, салаға бақылау керегін айтып бағуда. Әсіресе, ресейлік «Яндекс. Такси»-дегі бассыздықты тыю керегін айтуда.

– Күрделі жағдай қалыптасты: ресейлік агрегатор такси қызметі на-рығында түпкілікті үстемдік ете бастады. Ол тіпті біраз қала мен елді мекенде монополистке айналып кетті. «Яндекс.Такси»-дің қарқынды өскен үлесі қазақстандық осы нарыққа бақылау жүргізуге және бағалардың өсіміне, бүкіл нарықтағы жағдайға ықпал етуге жетеді. Былтыр осы сұмдыққа алаңдаған антимонополиялық орган ресейлік компанияның қызметін реттеуге талаптанып көрді. Алайда «Яндекс.Таксидің» әр сапардан алатын комиссиясы сол бұрынғыдай жоғары болып қалды және ол жолсапардың ақырғы құнына қатты әсер етеді, – деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.

Есте болса, өткен жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.ТаксиКорп» ЖШС-ға қатысты монополияға қарсы тергеуді аяқтады. Нәтижесінде, Яндексті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, аз да болса жағымды жаңалықтың шеті көрінген болатын. Тіпті Агенттік пен Яндекс «монополияға қарсы комплаенс» туралы келісім жасап, біршама уәде берген.

Мәселен, тапсырыс сапардың базалық құнынан екі есе асып кетсе, сол үшін алатын Яндекстің әділетсіз комиссиясы жойылды. Жүргізушілерге арналған қосымша бонустық бағдарлама енгізіліп, Астана және Алматы қалаларының жүргізушілеріне өткен жылы 400 миллион теңгеден, биыл 700 миллион теңге төленген.

Яндекс қосымша бонустық бағдарламаны енгізді. Оған сәйкес 2023 жылдың желтоқсанында Жолаушылар үшін жаңартылған «Бірге» тарифі енгізілді. Ол жұмысы шұғыл емес адамдарға сұраныстың шырқау шегіне жететін кезеңдерде таксиге төмен бағамен тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынады. Яғни, асықпайтын, бірақ әйтеуір көздеген жеріне жетіп қалуды қалаған адамдар осы тарифпен тапсырыс берсе, басқа жолаушыны апара жатқан такси оған жолшыбай соғып, алып кетеді. Бұл тариф 5-тен 40%-ға дейін қаржы үнемдеуге жол ашады екен.

Сарапшылар пікірінше, бұл – екіжақты келісімнің шегі. Үкімет бұдан ары «тізеге баса» алмайды. Себебі «Яндекс.Такси» – ресейлік компания. Қазақстан тарапынан айтылатын барлық арыз-шағымдарға жалтарма жауап беруі де соның дәлелі. Өзімізде бәсекеге төтеп бере алатын балама компанияның болмауы, болған күнде дәрменсіз күйге жетуі артық айтуға мұрша бермей келеді.

 Нарық талабы еркіндікті қалайды. Заңға тоқпақ іс қылмаса, шетелдік компанияға қысым орынсыз. Оның үстіне тегін жүрген жоқ. Аталған платформалар салық органдарына соңғы екі жылда 17 млрд теңге салық төлеген. Жұмыс орны, азаматтарға қосымша табыс көзі ретіндегі салмағы басым. Сондықтан саладағы шешімді қыспақтан емес, қосымша шешімнен іздеген жөн.

Өзімізге өзіміз қызмет қылсақ…

 Мұндай шешімнің бірі мінберде айтылды. Ол – отандық такси қызметін қалыптастыру. Яғни қазақстандық компанияларға мүмкіндік беріп, елдегі платформаларды қолданатындардың санын арттыру міндеті тұр,

 – Халықтық партия әлеуметтік шиеленістерге байланысты қазақстандық нарыққа шығатын «Яндекс.Такси» және басқа да компаниялардың комиссияларына тарифтік саясатты төмендету бойынша жұмыс жүргізуді ұсынады. Сонымен қатар жұмыс платформасын ұсынатын отандық такси қызметін көрсету компанияларының дамуына қолдау көрсету тетіктерін әзірлеу керек, – деді депутат Ислам Сұңқар.

 Иә, отандық такси агрегаторларын дамыту ұсынысы бұрынан бар. Ұсыныс жүзеге де асқан. Алайда нәтиже аз. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл міндетті Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі жүзеге асыруы тиіс еді. Тіпті осы мақсатта технопарк қатысушыларына преференциялар, салық жеңілдіктері ұсынылды. Мемлекет тиісті инфрақұрылыммен, кеңселермен, өндіріс орындарымен қамтыды. Ол аздай, шетелден мамандар алғызуы үшін визалық қолдау көрсетіп, алтын виза тарата бастады. Бірақ қанша уақыт өткенімен «ресейлік алпауыттарға» қарсы тұратын платформа жарық көрмеді.

Мамандар сәтсіздік себебін маркетинг, жарнама саласындағы жүйесіз жұмысқа сілтейді. Бұл орынды да секілді. Өйткені қазақстандық такси қызметін ұсынатын мобильді қосымшаның бар-жоғын қазақстандықтар білмейді. Білмегендіктен сұраныс жоқ.

Алайда Үкімет нәтиже күтуден жалыққан емес. Мысалы, жақында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров отандық такси агрегаторлары мемлекеттен 3 миллиард теңгеге дейін арзан несие ала алатынын жеткізді. Оның айтуынша, саланы дамытуды көздеген кәсіпкерлер үшін банктер берген несиелердің сыйақы ставкасының бір бөлігі субсидияланады. Кәсіпкерлерге жылдық 8 пайыз ставка бойынша, ал, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, батыс және оңтүстік өңірлер үшін жылдық 7 пайыздық ставкамен несие берілме. Қазіргі таңда несие сомасы 3 млрд теңгеге дейін деп бекітілген.

– Бұдан бөлек, уәкілетті меморгандардың өкілдері автомобиль тасымалдары бойынша қызметтер көрсету саласындағы IT-өнімдерді қолдау үшін «Relog» көліктік тасымалдау компаниясы, «Такси5+» жолаушылар тасымалы сервисі, «Choco Holding», «Metanoia» такси шақыру сервистері, «Aparu», «Төлем Такси» жолаушылар тасымалы сервистері сияқты отандық компаниялармен кездесулер өткізеді. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, оларға тұрақты негізде қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бұл мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында болады, – деді министр.

 Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: