Сенбі, 27 шiлде, 16:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59-2069
27.07.2024
PDF мұрағаты

Құрмет төрі: Бейнеттің зейнетін көретін кез келді

27.07.2024

136 0

Зейнеткерлікке шығу – әрбір азаматтың белсенді еңбек етіп, уақыты келгенде лайықты демалысқа шығуы. Зейнеткерлік жас, зейнетақы төлемдерінің мөлшері және оларды алу шарттары белгілі заңнамамен реттеледі. Соңғы жылдары ел үкіметі зейнетақы жүйесін жетілдіруге, оның ішінде зейнет жасын ұлғайтуға және жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізуге бағытталған бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Бұл өзгерістер қоғамда резонанс тудырып, тұрғындар мен сарапшылар белсенді талқылады. Қазақстанның зейнетақы жүйесі қарттардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге ұмтылып, қазіргі уақыттың экономикалық және демографиялық сын-қатерлерін ескере отырып, одан әрі дамып келеді. Зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі әлеуметтік кодексімен жүзеге асады. Зейнетке шығу жасы ерлер үшін 63, ал әйелдер үшін 61 жасты құрайды. 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы өзгермейді және 61 жасты құрайды. Зейнеткерлік жастың ең жоғары деңгейі – 63 жас, ол 2031 жылдан бастап жүзеге аса бастайды.

2023 жылы Қазақстан зейнетақы жүйесі алғаш рет халықаралық рейтинг – «Mercer CFA» институтының жаһандық зейнеткерлік индексінде енгізілді. 2023 жылғы зерттеуде әлем халқының 64%-ын құрайтын 47 зейнетақы жүйесі сәйкестігі, сенімділігі мен интеграциясы бойынша салыстырылды. «Mercer» жаһандық зейнетақы индексі 50 түрлі алғышартты қамтитын, «лайықтылық», «тұрақтылық», «тұтастық» сияқты үш суб-индекске біріккен елдердің зейнетақы жүйесін талдайды. 2023 жылғы рейтингте Қазақстан 64,9 балл жинап, «С+» бағасын алды. Талдау нәтижелері бойынша Қазақстанның зейнетақы жүйесі осы рейтингте 20-шы орынға ие болды.

Зейнетақы мөлшері неден құралады?
«БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебіне сәйкес 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 18 983,1 млрд теңгені құрады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша қалалық бөлім басшының орынбасары Нұрлыбек Омаров зейнетақының мөлшері үш деңгейлі зейнетақы жүйесі арқылы қолданылатынын айтты.
– Жасына байланысты зейнетақы болады. Есептеу жолы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 3 жылдық айлық табысымен есептеледі. Екіншісі, базалық зейнетақы – ҚР барлық азаматтарына зейнет жасқа жеткен кезде есептеледі. Базалық зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Бұл зейнетақы барлық зейнет жасына толған азаматтарға 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаса да, міндетті түрде төленеді. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен және 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілін түскен зейнетақы жарнасын есептейді. Үшінші – бірыңғай зейнетақы қорында жиналған жарналары бойынша төленетін зейнетақы. Жинақтаушы зейнетақы – азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарынан төленеді және олар жинаған қаражат көлеміне байланысты болады. Жинақ неғұрлым көп болса, зейнетақы соғұрлым көп болады.
Атап айтқанда, 2024 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңгені, ең жоғары мөлшері – 45 578 теңгені құрайды. 2024 жылы ең төменгі ынтымақты зейнетақы 57 853 теңгені құрайды.

Зейнетке кімдер
ерте шыға алады?
Бөлім басшысы орынбасарының айтуынша, бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады.
– Ол кісілерге тек 1998 жылға дейін жұмыс өтілі есептеле отырып, зейнетақы төленеді. Зейнет жасына жеткенде базалық және жинақтаушы зейнетақыға өтініш береді. Мерзімінен бұрын зейнетке шығуға БЖЗҚ-да жинақталған сомасына байланысты емес, тек жұмыс істеген әйелдердің 3 жылдық айлық табысы есептеледі, – дейді Нұрлыбек Омаров.
Сонымен қатар зейнетақы аннуитетін рәсімдеген БЖЗҚ салымшылары зейнет жасына 8 жыл қалғанда мерзімінен бұрын зейнетке шыға алады. Ол үшін қызметті ұсынатын сақтандыру компаниясымен шарт жасасуға құқылы. Осыдан кейін зейнетақы қоры компанияға осы салымшының жинақтарының бір бөлігін аударады және ол салымшыға зейнетақы сақтандыру төлемін өмір бойы төлейді. Сақтандыру компаниясымен шарт жасасу және сақтандыру төлемдерін мерзімінен бұрын алу үшін салымшының жынысы мен жасына байланысты өзгеретін жеткілікті ақша жинау қажет.

зейнетақыл аннуитеті деген не?

Зейнетақы аннуитеті – зейнетақы жинағын ертерек алудың бір жолы.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жарияланған мәліметтерге сүйенсек, зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы зейнет жасқа жеткенге дейін зейнетақы алу мүмкіндігі. Ерлер үшін 55 жастан, ал әйелдер үшін 53 жастан (2028 жылдан бастап – 53,5 жастан) мерзімінен бұрын зейнетақы алуға болады. Зиянды өндірісте кемінде 5 жыл жұмыс істеген адамдар зейнетақы аннуитеті шартын да жасай алады. 2023 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адам үшін 8 млн теңгені, ал 53 жастағы әйел адам үшін 10,5 млн теңгені құрады. Бұл қаражаттар тұрғын үй және емделуге жұмсалуы мүмкін. «Egov» сайтында жарияланған ақпарат бойынша төлемдерді алуға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру» қызметіне электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.

Архивтік анықтама алу тәртібі

Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің I санаттағы архивисі Фариза Муратпаеваның айтуынша Қызылорда облыстық мемлекеттік архивіне жыл басынан бері 1816 өтініш келіп түсіп, орындалуда.
– Егер бұрын жұмыс істеген орынды анықтау қажет болса, ал кәсіпорын жойылып кетсе, облыстық немесе қалалық архив бөліміне жүгіну қажет. Кәсіпорындар мен мекемелер жабылатын кезде барлық құжаттарын сонда тапсырады. Егер кәсіпорын немесе мекеме өз құжаттарын өткізбеген жағдайда «қанағаттандырусыз» деген жауап жібереміз. Еңбек кітапшасы бар, бірақ онда жұмыс істеген жерлердің бәрі көрсетілмесе немесе еңбек кітапшасы жоғалса, жеке тұлға өзінің жұмыс істеген жылдарын жобамен көрсетіп, дәлелденген жағдайда анықтама береміз. Сонымен қатар жеке тұлғаның еңбек кітапшасында мөрі немесе тиісті жазбаларда нақтылық болмаған жағдайда, сия құйылып кеткен немесе уақыты дұрыс көрсетілмеген болса, біз мекеменің құжаттарын қарап, тиісті архивтік анықтама береміз, – дейді ол.

Зейнетақы рәсімдеуге қандай құжаттар қажет?

Зейнетақы тағайындау үшін жұмыс өтілін және зейнетақы төлемдерін алу құқығын растайтын бірқатар құжаттарды әзірлеу қажет. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бөлім басшысының орынбасары Нұрлыбек Омаровтың айтуынша ер кісілер үшін еңбек кітапшасы, әскери билет (әскерде болса), орта арнаулы немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом (техникум, университет), жеке басын куәландыратын құжат, 3х4 фото 1дана, банктік шот нөмірі қажет. Әйелдер үшін еңбек кітапшасы, балалардың туу туралы куәліктері, орта арнаулы немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом (техникум, университет), неке туралы куәлік (егер тегі әр түрлі болса әйелі мен балаларының құжаттары қоса беріледі), жеке басын куәландыратын құжат, 3х4 фото 1 дана, банктік шот нөмірі қажет.
– Зейнет жасына толуына 1-2 ай қалғанда облыс орталығындағы орналасқан әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне келіп аталған құжаттарды тексертіп, туған күніне 10 күнтізбелік күн қалғанда «Халыққа қызмет көрсету орталығына» аталған құжаттарды тапсырады, – дейді бөлім басшының орынбасары.
Зейнетке шығу – әрбір азаматтың өміріндегі мұқият жоспарлауды және ерекше назар аударуды талап ететін маңызды кезең. Зейнетақы жүйесі егде жастағы азаматтардың әл-ауқатына ықпал ететін және олардың қаржылық тәуелсіздігі мен лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін тұрақты және тиімді ортаны құруға бағытталған.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: