Дүйсенбі, 02 қыркүйек, 16:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№69-2079
30.08.2024
PDF мұрағаты

Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру

02.09.2024

100 0

Президент жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет екенін мәлімдеді.

Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді»

«Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.

Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.

Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.

Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды.

Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.

Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек»

«Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар.

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.

Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс.

Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет.

Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты»

«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес.

Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек.

Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет»

«Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр.

Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі.

Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық.

Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек.

Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін.

Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті»

«Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз.

Астанада Қазақстаның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтті. Бізге қолдау көрсеткені үшін одақтастарымыз бен серіктестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз»

«Қазір әлемде қандай түбегейлі өзгерістер болып жатқанын білесіздер. Экономикалық, саяси, климаттық және басқа да жаһандық, аймақтық ауқымдағы қауіп-қатерлер аз емес. Осындай жағдайда күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешуімізге тура келеді. Әрине, бір мезетте барлығына бірдей ресурсымыз жетпейтіні анық. Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті.

Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз»

«Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, қазіргі бұлыңғыр замандағы еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді.

Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет.

Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады.

Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін.

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өркендей берсін!
Халқымыз аман болсын!»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: