Сенбі, 14 қыркүйек, 00:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№73-2083
14.09.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Пилоттық жоба» жүзеге асуда

13.09.2024

88 0

Өңірде кәсіпкерлік саласын дамыту, кәсіп ашқысы келетін азаматтарды қолдау, жобасын жүзеге асыруға дем беру, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасау. Бұл «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының 10 жылдан бері үздіксіз атқарып келе жатқан жұмысы.

Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Өңірлік орталыққа жаңа міндет жүктеді. Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы салада өнімді өсіріп, өңдейтін кәсіпкерлердің бастамасын қолдауды, жалпы өңдеу саласына басымдық беруді тапсырды. Ол үшін арнайы пилоттық жоба әзірленіп, облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Пилоттық жоба аясында қандай кәсіп түрлеріне басымдық беріледі? Нәтижесі қандай болмақ? Осы жән өзге де сұрақтарға «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының директоры Талғат Матаев жауап берді.

  • Талғат Мұстафаұлы, сәлеметсіз бе. Өзіңіз басшылық ететін Өңірлік инвестициялық орталық биылдан жаңа пилоттық жобаны қолға алыпты. Оның мәні неде? Қалай жүзеге аспақ?
  • Сәлеметсіз бе. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы биыл алдымызға жаңа міндет қойды. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің желісін дамытуды жүктеп отыр. Атап айтқанда, өсіру, өңдеу, сақтау, өткізу жүйесін қалыптастыру көзделуде. Ол үшін осы жылы жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді.
  • Қандай жобаларға басымдық беріледі?
  • Қазір біз қаржыландыруда басымдық берілетін 8 бағытты анықтап алдық. Олар, ет өнімдерін өңдеу. Оның ішінде таза ет өнімдері, жартылай өнімдер, шұжықтар, қаптамалау, тері-жүн бағыты т.б. Сүт өнімдерін өңдеу: таза сүт өнімдері, ыдыстағы айран, қатық, қымыз, шұбат, таза ысталған құрт, ірімшік, сүзбе т.б. Ұн өнімдерін өңдеу және өндіру: кондитерлік, макарон, лапша, жайма т.б. Көкөніс-бақша өнімдерін өңдеу: маринадтау, қайнатпалау, тұздау, мұздату, кептіру т.б. Балық өсіру және өңдеу: жасанды тоғанда балық өсіру, консервілеу, жартылай өнімдер, ыстау, кептіру. Құс өнімдерін өңдеу: таза тауық еті өнімдері, жартылай өнімдер, шұжықтар т.б. Ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы, сондай-ақ жылыжай кешендерін салу бағыты.
  • Несие қандай мақсатқа, мерзімге және қанша пайызбен беріледі?
  • Жалпы бір жобаға 73,8 млн теңгеге дейін алуға болады. Кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайызбен 5 жылға дейін беріледі. Өсіру, өндіру саласы болғандықтан жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Несие алған жағдайда кәсіпкер 18 ай немесе бір жарым жылға дейін жеңілдік кезеңін ала алады. Ал мақсаты жайлы айтар болсам, несие негізгі құралдарды және арнайы техникаларды алуға, өндірістік нысандардың құрылысын салуға немесе қайта жаңғыртуға беріледі.
  • Жобаға қатысушыға қандай талап қоясыздар?
  • Жалпы бұл пилот жобасы аясында шағын өндіріс зауыттары қалыптасқанын қалаймыз. Ол үшін жеңілдетілген несие алушыға жоғарыда айтылған бағыттар бойынша типтік шағын өндіріс зауыттарының жобасын да ұсынып жатырмыз. Кәсіпкерге қоятын талабымыз бизнес-жоспары, жер телімі, сатып алғалы жатқан құрал-жабдығының ниет шарты мен техникалық паспорты болуы керек. Құрал-жабдық жаңа болуы керек. Сондай-ақ, жобасына қажет қаржының 15 пайызын өзі салуы немесе мүлікпен дәлелдеуі қажет.
  • Пилот жобада қандай нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырсыздар?
  • Жаңадан 40 өндіріс орны ашылып, кемі 160 жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз. Ең басты нәтиже өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, баға тұрақтылығына үлес қосу. Сол межеден көрінеміз деп үміттенеміз.
  • Талғат Мұстафаұлы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді деп айтып қалдыңыз. Осы уақыт аралығында қанша жобаны қаржыландырдыңыздар?
  • Дұрыс айтасыз, биыл Өңірлік орталықтың құрылғанына 10 жыл толды. 10 жылда Орталық жалпы құны 13,9 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2709 жобаны қаржыландырды. 2800-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Орталықтың кәсіпкерлік саласына қосқан негізгі үлесі – саладағы қалыптасқан қасаң түсінікті жойды. Бұрын кәсіпті ақшасы, жағдайы бар адамдар ғана аша алады деген түсінік болатын. Несие алуда қаржы институттары кепіл мүлікке ауылдық елді мекендердің жылжымайтын мүлкін қоймайтын. Өңірлік орталық ең шалғай деген елді мекендегі ғимарат, баспананы да кепіл мүлікке алды. Нәтижесінде ауыл азаматтары арзан несиеге қол жеткізіп, ауылдарда кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Кейін бұл бастамамызды өзге қаржы ұйымдары да қолдай бастады.
  • Талғат Мұстафаұлы, сұхбатыңызға рақмет. Біраз ақпаратқа қанықтық. Бастамаларыңыз нәтижелі болсын. Жақсы сау болыңыз.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық
орталығының баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: