Сәрсенбі, 16 қазан, 15:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Талғардағы оқиға: Депутат қылмыскерлерді әділ жазалауды талап етті

09.10.2024

227 0

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елдің жағасын ұстатқан Талғар ауданындағы қайғылы оқиға жайлы айтып, жауапты органдарға сауал жолдады. Депутат қылмыскерлерді ұстап, әділ жазалауды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ

Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь. Қазақ: “Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де” дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады, – деді депутат.

Нартай Аралбайұлы осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туатынын айтты. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады.

Ел өре түрегелді, артынша “істі ІІМ-і өз бақылауына алды” деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді? Мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс. Президенттің: “Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет” дегенін де ескертейін. Сондықтан қылмыс болғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін, – деп айтты Мәжіліс депутаты.

Депутат тағы бір оқиғаны еске салды. Биыл қыркүйекте Ақтөбе облысында 14 жасар Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Аралбайұлы қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе, жұрт бұлай шарқ ұрмас еді дейді.

Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жасар ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз.

Депутат соңғы кездері жасөспірімдер жапа шеккен жағдайлар көбейіп бара жатқанына алаңдады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: