Сәрсенбі, 16 қазан, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

«Алтын күздің» аламаны

15.10.2024

286 0

Бәйге десе, тұяғымен жер тарпып, делебесі қозар шын жүйріктер Сырдың алтын күзін айшықтап, аламанның көркін қыздырған сәттің куәсі болдық. Қос тойы қабат келген Ақмешіттің аспанында атшабардан көтерілген аппақ шаң ақеден елдің көңіл-күйін көрсеткендей. Ат құлағында ойнаған қазақ баласы осындай сәтте бей-жай қалмасы анық. Қала күні мерекесі мен «Алтын күз – 2024» дәстүрлі іс-шарасы аясында өткен дүбірлі дода төрінде облыс, қала әкімдері мен Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қадірменді қонақ болды.

Бойында қазақы қаны тулап, ұлттық спортты ұмыт қылмай жиналған жұртшылықты аймақ басшысы алтын күз мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Берекесімен, молшылығымен келетін күз мезгілінде халқымыз егінін жинап, қамбасын толтырып, мәре-сәре болып, бір жасап қалады. Егінім бітік шықты деп, қуаныш тойын тойлап, ат шаптырып, бәйге береді. Ертеден жеткен осы дәстүрімізді біз де жалғастырып келеміз. Баршаңызды «Алтын дән – 2024» ұлттық ат спорты бәйгесінен облыстық жарыстың ашылуымен құттықтаймын!
Қыркүйек айында Мемлекет басшысының бастамасымен өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 4 саңлағымыз бақ сынап, 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша Сыр спортының жылнамасын жаңартты, этноспорттың дамуына үлес қосты. Бүгінгі бәйге Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне мол мүмкіндік береді деп сенемін!
Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын, арғымақтар аламанда арындасын! Шабандоздардың тақымы тастай болсын! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Абай айтқан «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақтың» түр-түрі сайысқа түскен бәйгеде әп-бәрекелді дескен жұртшылық көп. Жиналған халықтың қарасы қалың. «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атанар қайсысы екенін қарап, қалың оймен алысты. Әрбірі өздерінің сенгендеріне қарап, баға беріп, «озып шығады» десіп жатты. Жарысқа қатысушыларға ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы ақ батасын берді.
Тұлпарлар бәйгенің төрт түрінен сынға түсті. Бәйге жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлықтар тағайындалған. Әлбетте, жарыста сыйлыққа емес, намыс пен абыройды алға салатын халқымыздың бұл дағдысы қай кезде де жолдан жаңылмаған. 25 шақырымды қамтыған аламан бәйгеде аты озған Мирас Көкінбайдың тізгініндегі жамбылдық Нұржан Башановтың «Ақмаңдайы» І орынды қанжығасына байлап, 3 миллион теңгені қалтаға салды. Ал ІІ орынды еншілеген аралдық Санжар Нартайұлы мінген Қожабек Якудаевтың «Қозы күрең» тұлпары 2 миллион теңгеге қол жеткізсе, үздік үштікті түйіндеген Бақыт Ерсұлтанның «Жұмбаққызы» 1 миллион теңгені қанағат тұтты.
Есіл еңбектің көрінер сәтінде қалыс қалмай, атшабарды айналған атымен бірге арқасы қозып, шабыттана отырған азаматтардың арасында тоқ бәйгеден қызылордалық Бердібек Мыхановтың «Бел тураны» топ жарып, 15 шақырымда бірінші келіп, 1 500 000 теңгені олжалады. Ал ІІ орынға тігілген 1 миллион теңге алматылық Әбілсейіт Мұрагердің «Гауһартас» тұлпарының еншісіне бұйырды. Алматылық Ельбурыс Жұмабаевтың «Лимон» тұлпары мәреге үшінші келіп, 500 мың теңгені жеңіп алды.
Иегінің астына екі шақырым салған қазақтың құнан бәйгесі 11 шақырым қашықтықты қамтыды. Бұл сайыстағы І орынға тігілген 1 млн 200 мың теңге жамбылдық Аслан Жиембеттің «Струна» тұлпарына бұйырды. ІІ орындағы 800 мың теңгені алматылық Мейірхат Болғыновтың «Бұйрық» атты сәйгүлігі иеленсе, үшінші орынның тұғырына 500 мың теңге жеңіп алып, жалағаштық Дәуренбек Аймахановтың әйгілі «Ханторысы» шықты.
Тай жарыс та ешбірінен кем түспеді. Мұнда да топ жарып, алға шыққан жүйріктер сый-сыяпатқа кенелді. І орынның 500 мың теңгесін шабандоз Ералы Асу мінген қызылордалық Серікбол Боташевтің «Акула» аты иеленді. Ал Мирас Көкімбай тізгіндеген Күзенбай Бибазардың «Айман» аты ІІ орынға табан тіреп, 300 мыңға қолы жетсе, жамбылдық Арнұр Саматұлының астындағы «Жұмбаққыз» тұлпары 200 мың теңге қоржынға салып, үздік үштікті түйіндеді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: