Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әйгерім РЫСБЕКОВА, «Kitap’s club» дүкенінің меңгерушісі: Мақсат – жастардың кітапқа деген құлшынысын арттыру

25.01.2022

1242 0

Жалпы қазір жұртты қандай кітап қызықтырады? Адамдар кітапханаға кітап оқу үшін барса, кітап дүкеніне сатып алу үшін барады. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан мынадай заманда ақша шығарып, кітап сатып алу да оңай емес. Біз осы ретте кітап дүкенінің меңгерушісі Әйгерім Рысбековамен әңгімелескен едік…

– Әйгерім Қарымсаққызы, әдетте сіз секілді қыз-келіншектер тігін не болмаса кондитерлік цех ашып жатады. Қаншама қаракөздеріміз сұлулық салонын ашты. Сіз неге кітап дүкенін аштыңыз?

– Қызылордаға алғаш келгенде бірнеше кітапханаға бас сұғып көрдім. Өзіңе қажет шығарманы сұрасаң, жоқ-жоқ деп шығарып салады. Әйтеуір осы іспеттес кемшілік көп. Жалпы кітап дүкенін ашу – қажетті туындысын тауып, оқырмандар мамыражай отырып, түрлі кітапты талқыласа, ой бөліссе деген ойдан туындаған еді. Кітап дүкенін үш қыз бірігіп аштық. Кітапхананың ішкі жұмысымен мен айналыссам, Асылай Құлмағанбетова Қазақстанның ірі қалаларынан кітап жіберіп отырады. Ал Ғазиза Оспанова –дүкеннің директоры. Ол жарнама мәселесіне жауапты.

Өзіңіз де білетін шығарсыз, Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалаларда үлкен кітапханалар бар. Қарап қызығасың. Мұның барлығы қоғамды бүтіндей интеллигенцияға айналдырмаса да, сауатын ашып, өзін-өзі дамытуға мол мүмкіндік сыйлайды. Осыдан кейін «неге біздің қалада ашпасқа?» деген ой келді. Кітапханалар бізде жоқ емес. Бар. Алайда демалыс күндері асықпай отырып кітап оқитын орталық жоқ. Бізде бары тек кітап сатып алуға арналған дүкендер ғана. Осылай ойымыз бір жерден шығып, осы кәсіппен айналысуға бел будық. Қазір жұмыс істеп жатқанымызға үш жылдай уақыт болды. Аяқ алысымыз жаман емес. Жалпы білімге жұмсаған қаржы әрдайым еселеніп келеді ғой. Содан болар, оқырмандарымыз баршылық. Шүкір! Мақсат – жастардың кітапқа деген құлшынысын арттыру. Еуропа елдеріне қа-расақ кітапханалары бай. Форматы ерекше. Оқырманға ыңғайлы жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау болса, біз де кітапхана түрінде кеңейтпек ойдамыз. Алайда пандемия басталғалы жұмысты онлайн жүргізіп келеміз.

– Сонда қалай, дүкенді жауып қойып, онлайн жұмыс істеп отырсыздар ма?

– Иә, оған себеп – пандемия. Елде пандемия басталғалы дүкенді жалға алу үшін біраз қаржы кететін болды. Осы тұста келушілердің саны төмендеп, қаржылық жағынан қиындықтар туындады. Қазір онлайн жұмыс істеп отырмыз. Жаман емес, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Үнемі хабарласып, қажетті кітаптарына тапсырыс беріп тұрады. Әлеуметтік желі арқылы да байланысқа шығып, тапсырыспен керек туындысын алдыртатындар аз емес. Бұдан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз.

– Пандемияға дейін тұрақты келушілер болды ма?

– Әрине болды. Жұмысты «Самал бизнес» орталығында бастадық. Бірақ ол мекеме қуыста орналасқандықтан адамдар аңғара бермейтін. Сосын орталыққа көшуді жөн көрдік. «Ер-Аруға» көшкенде алғашқы қаржыны өзіміз жинап, жиһаз бен кітап сатып алдық. Содан соң білімге деген құлшынысы бар адамдарды іздей бастадық. Дүкенді көбіне «instagram» желісі арқылы жарнамаладық. Содан кейін оқырмандар жиі келеді. Біз дүйсенбіде демалып, басқа күндері таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейтінбіз. Күніне онға жуық адам келетін. Кейде одан да асып түсетін.

– Дүкеннің негізгі ерекшелігі неде?

– Көбіне басқа дүкенде жоқ кітаптарды сатып алуға тырысамыз. Қазақ әдебиеті, әлемнің классик жазушыларының шығармаларын және бизнес бастауға арналған, мотивациялық беретін кітаптарды жиі алып келеміз. Соңғы кезде психологиялық кітаптардың да санын арттырдық. Бұның өзі адам тартуға біраз ықпалын тигізуде. Офлайн режимде жұмыс істегенде студенттер жиі бой көрсететін. Дүкеннің сол кездегі ерекшелігі – шай мен кофені тегін беретінбіз. Кітаптарды үйге алуға да болады. Қанша күнге алса да мерзіміне шектеу жоқ. Өзінің құжатын қалдырып, күніне жүз теңге төлесе болды.

– Қазір қандай кітаптар сұраныста?

– Қорда бас-аяғы екі мыңға жуық кітап бар. Негізінен мотивация, психология және бизнес туралы кітаптар қамтылған. Сонымен қатар орыс тіліне аударылған шетел әдебиеті де баршылық. Дегенмен қазіргі жастар кәсіпкерлікке бағдар беретін кітапты жиі алады. Алғашқы кезде Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма», Бақытжан

Бұхарбайдың «Күміс кітабы» сияқты мотивациялық кітаптар сұранысқа ие еді. Бүгінде осы іспеттес мотивациялық кітаптарға сұраныс жоғары. Жалпы бүгінде мотивациялық, психологиялық кітаптардың дәурені жүріп тұр. Оның ішінде өзіміздің отандастардың еңбектері және шетелдік бестселлердің аудармалары көп сұралады.

Қазіргі таңда көп жерде мынадай мәселе бар. Жастар шетел туындыларын оқиын десе, көбіне қолына тиетіні орыс тіліндегі нұсқасы ғана. Қазақша нұсқасы некен-саяқ. Болса да сапасыз аударылған кітаптар көп. Оны кітаптың айналасында жүрген соң күнделікті өмірде көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан білікті аудармашылар жалдап, оқырманға қызық деген кітаптарды сапалы түрде аудартып келеміз.

Ал енді тапсырысқа келсек, тапсырыс қабылдаған соң оларды бір аптада сырттан алдырып, оқырманға жеткізіп бере аламыз. Оқырман оның ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де кітаптарды алдырта алады.

– Дүкенге келушілердің жас ерекшелігін зерттеп көрдіңіздер ме?

– Дүкен жұмыс істеп тұрғанда 17-40 жас аралығындағы оқырмандар жиі келетін. «Бұл жердің атмосферасы ұнайды, жайлы, көп жерде жоқ кітаптар бар» деп жылы лебізін білдіріп кететін. Біржағы жаңа мен айтқан кітаптарды қазір жасы да үлкені де оқиды ғой.

– Кітаптардың бағасына келсек…

– Көлемі мен мазмұнына қарай әртүрлі. Ең арзаны – 1500 теңге. Содан жоғарылай береді. Біз «Аруна», «Алматы» баспасына үнемі тапсырыс береміз. Ал дүкендерден анда-санда, қажет кітапты таппасақ ғана алдырамыз. Көбіне авторлармен тікелей байланысып, өздерінен аламыз. Сонда бағасы арзан болады. Сатып алушының да қалтасына ауырлық салмайды. Мысалы, Кемел Мырзагелдінің 5 томдық кітабы 10500 теңге тұрады. Өйткені оны автормен байланысып жеке өзінен алдық. Осындай бірталай автормен байланысымыз бар. Солардың ішінде ең көп өткен – Қуаныш Шоңбай мен Кәмшат Бекжігітованың кітаптары. Олар 3500 теңгеден сатылды. Қазір бұлардың қатарын жаңа авторлармен толықтырып жатырмыз.

– Сәл артқа шегінсек, оқырманға кітап оқудан бөлек не ұсынасыздар?

– Дүкенде шахмат үйірмесі мен ағылшын тілін үйрететін клуб бар. Бірақ грамматика үйретілмейді. Ол ағылшын тілін білетін, алайда сөйлесуге тәжірибе керек адамдарға арналған курс. Англияда оқып келген, Шотландияда жұмыс істеп қайтқан жастармен байланысып, келушілерге сабақ өтетінбіз. Бір сабаққа қатысуы 1000 теңге, айына жазылса, 3000 теңге төлейді. Дәріс аптасына бір рет жұма күні өтетін. Студенттерге жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар түрік тілі курсы болды. Ол да аптасына бір рет. Түрік тілі басынан аяғына дейін толыққанды үйретілетін. Оның бағасы бір айға 8000 мың теңге еді. Өкінішке орай, эпидахуалға байланысты бәрі тоқтап тұр.

– Кітап дүкенінен біраз хабардар болдық. Енді алдағы жоспармен бөлісе кетсеңіз…

– Шыны керек, эпидахуал әлі де болса бүйірден қысып, еркін көсілуге мүмкіндік бермей тұр. Дегенмен келешекте нақты бір жерге орнығып, балаларға арналған ертегі терапиясын, тез және тиімді оқу курстарын ашу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек орыс, қытай және француз секілді тағы бірнеше тілді үйрету курсын ашсақ па дейміз. Оларды елдегі жағдай бірыңғайланып, арнайы маман тапқан соң қолға аламыз. Кітап қорын да жыл сайын тың туындылармен кеңейтетін боламыз. Әзірге жоспарымыз осы.

– Риясыз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: