Жұма, 29 наурыз, 20:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Балаларға арналған әңгімелер

01.03.2022

1451 0

ҚОС КҮН

Айбар балабақшада өзі салған суреттерді үйге ала келген. Ондағы ойы әжесіне көрсетпек. Көзін көлегейлей суретке қараған қарт сәлден соң суретке қарап отырып:

– Құлыным, мынау жарқырап нұр шашқан күн бе? – деп сұрады. – Иә, ол күн, – деді Айбар.

– Ал мынау ше? – дейді әжесі.

– Бұл да күн, – деді Айбар.

– Екі күннің қатар тұрғаны қалай? – деп сұрады әжесі. – Өй, әже-ау, анау күн болмаса мына күн көрінбей қалады ғой. Соны да білмейсің бе, әже…

Әжесі күлімсіреп: – Әй, құлыным-ай! Күндерің көп болсын, сенің, – деді.

АЛДАУҒА БОЛМАЙДЫ

Балабақшадан оралған Батыр, үйге қабағын түйіп, ренжіп келді де, сырт киімін шешіп, қонақ бөлмесінің бұрышына қалшиып тұрды да қалды. Әншейінде атасының құшағына құлайтын, немересінің мына қылығына атасы таң қалды. Немересінің мұндай қылығын бұрын-соңды көрмеген ол: – Біреу ренжітті ме? – деп сұрады. Батыр сәл уақыт үнсіз қалды да: – Ата, маған ұрыспаңызшы. Мен бүгін Көкамен төбелесіп қалдым. Қият апай маған үйге барған соң бір сағат бұрышта тұрасың, – деді. Атасы немересінің тірлігіне мейірлене күліп, жерден көтеріп алып, маңдайынан сүйіп, жанына отырғызды да:

– Мен Қият апаңа сен бұрышқа тұрды деп айтамын, – деді атасы.

– Жоқ, – деді Батыр атасының құшағынан шығып. – Апайды алдауға болмайды.

Ақыры Батыр апайының тапсырмасын мүлтіксіз орындап шықты…

ҚАМҚОР АСЛАН

Асланның әкесі жұмыстан шаршап келіп, төсегіне жатса ұйықтап кетіпті. Сәлден соң көзін аша сала далаға жүгірді. Әлденеге абыржулы, қарсы алдынан ойнап жүрген Аслан кездесе кеткен. Сонадайда байланған аты көрінбейді.

– Балам-ау, атқа жоламағаның жөн болған екен. Мінезі жаман, асау еді. Сені теуіп жібере ме деп қатты қорқып кеттім ғой, – дейді.

– Әке, өзіңізге бірдеңе айтайын ба? Анама айтпайсыз ба? Әкесі басын изеп: – Айта ғой, балам…

– Мен ол атты көрші Әсет пен Айзере қарындасымды теуіп жібере ме деп босатып жібердім, – деді Аслан…

Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: