Дүр Оңғар Дырқайұлы 1859-1902 жылдар аралығында өмір сүрген жырау. Туған жері – Сыр бойы оның ішінде Қармақшы өңірі.
Оңғар Дырқайұлы Сыр аймағына тән жыраулық дәстүрді алдыңғы толқыннан бойына дарыта отырып, кейінгі толқын ізбасарларына ұлағаттап, өшпес өнерін дарыта білді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданында 2009 жыл «Дүр Оңғар жылы» деп жарияланып, мерейтой шымылдығы ақынның туған жері – Жаңажол ауылында ашылды. «Дүр Оңғар» қоғамдық қоры құрылып, ақынның шығармашылығы зерттелді. Бұрын баспа көрмеген шығармалары жинақталып, «Ерлерім сөйле дегесін» атты кітабы жарық көрді. Кент орталығында Дүр Оңғарға салтанатты ескерткіш ашылды. Аудандық мәдениет үйінде «Оңғар Дырқайұлы және Сыр өңіріндегі ақындық – жыршылық үрдіс мәселелері» атты ғылыми танымдық конференция өткізілді.
Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуов «Әр елдің бар бұлбұлы» атты туындысында:
Қаратамыр ол – Оңғар,
Ақмарал, бүғы һәм арқар.
Қоныстанған қысы-жаз,
Асқар таудың үңгірі, – деп оны ешкімнің өресі жетпейтін асқар таудың басына шығарып, киелі ақын дегенді меңзейді.
Жырау жайында әртүрлі дерек бар. Соларды бір-бірімен салыстырып, оның өмірі мен тұрмыс жағдайындағы мәліметтерге сүйенсек, ол үш жасынан әкеден жетім қалып, таршылық көрген. Оңғар тоғыз жасар кезінен-ақ би-болыстар мен елдің атқамінерлері жиналған үйге қайта-қайта барғыштап, үлкендердің әңгімелеріне құлақ түріп, күнде сол маңды айналып кетпейді екен. Бірде алты қанат ақ боз үйдің кең дастарханын жағалай жайғасқан мықтылар өздерінің қалауы бойынша астырған тамақты әлсін-әлсін ортаға алып, сүйсіне тояттай жейді де, айналасындағы жәутеңдеген балаларға асатуды да ескермейді. Солардың қолына дәмеленіп, әбден тісінің суын жұтып тамсанып, шыдамы таусылған Оңғар:
«Азанда жедің сыр күріш,
Түсте жедің сыр күріш.
Жетерін білсең жей тұра,
Осыларың дұп-дұрыс», – деп өлеңдете айтыпты да қаша жөнеліпті. Мұның оқыстан найзағайдай жалт еткізген өлеңіне таңданған ақсақалдар: «Бұдан бірдеңе шығатын бала ғой» деп шамалап, оған бата берген деседі.
Ел ішінде Оңғарға байланысты аңыз-әңгімелер көп-ақ. Соның бірі мынадай: Оңғарға түсінде жастай қайтыс болған апасы: «Қалқам, Оңғар! Саған өлеңді қаппен берейін бе, әлде хатпен берейін бе?» депті. Сонда інісі: «Апа, хатпен бергеніңді тілеймін» деп алақанын жайыпты. Жазған жырларының бәйгеге қосатын пырақтай ұшқыр, түпсіз шыңыраудай терең ойлы, інжу маржандай көркем, хатқа түсіргендей мінсіз болып келетіні содан екен деседі жұрт.
Тағдыр тауқыметін жастай арқалаған Оңғар жарлылықтың боз шекпенін жамылып жүріп күнелтеді. Дана халқымыз: «Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді?» деп, қалай тауып айтқан десейші… Байлығымен есімі Сыр бойына жайылған Досқазы төре бірде Оңғар жыраудың сіңірі шыққан кедейлігін мін қылып әрі мұны жарылқамақ пейілмен: – Жүр, біздің ауылға! Сонда барып жырлайсың, ақысына семіз өгіз берем. Өзі ұсталмаған асау, құлағы жоқ шұнақ, мүйізі жоқ тоқал, – деп мардымси сөйлейді. Сол сәтте жырау оның бетіне тіке қарап:
«Құлағы, мүйізі жоқ неткен өгіз?
Қалайша қайырусыз кеткен өгіз?
Бер деуші еді ақсүйектер, ал демеуші еді,
Айтқаның боп жүрмесін жалғыз өгіз.
Сіздерден сұмдық болар алған деген,
Өзіңіз күзде соны сойып жеңіз, – дейді мүдірместен. Отты сөз жалыны жүзін шарпығандай кеудесін керген төре теріс айналады.
Дүр Оңғар – айтыс өнеріне де көбірек ден қойған ақын. Ол өз дәуіріндегі бірталай ақындармен айтысқан. Бірақ дер кезінде жинап, қағазға түсірілмегендіктен уақыт озған сайын ұмытылып, жұрт аузында айтыс өлеңдерінің аздаған шумақтары ғана сақталған. Соның бірі – Оңғар жыраудың Ырысты қызбен айтысы.
Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» – дейді. Дүр Оңғардың «Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ» өлеңінде:
– Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ,
Көрінсе сөзім сұлу кеуілге ұнап.
Ұяның ұрлығы – асыл, сұңқарындай
Кездестік бүгінгі күн басты құрап.
Көрмесек шыдай алмай бір-біреуді
Көргенше сағынатын сырттан сұрап.
Мінгелі ат үстіне аға едіңдер,
Дос түгіл, тақпаған мін дұшпан сынап.
Тілектес сырттарыңнан мен қызметкер.
Тұзымды ақтамайды деме бірақ.
Қадырдан халық жақсысы, данышпандар
Әлсізге ақыл-жәрдемі ауысқандар.
Бөріге бойын билеп көріне алмай,
Шулайды, ала қарға, сауысқандар.
Шамамен зейін қойып, сөйле десең,
Жырауың тілін безеп дауыс қамдар.
Тұлпардың дүбіріндей жүзден озған,
Келеді құлағыма алыс хабар.
Бұл өлең шумақтары арқылы ол өзінің ой-сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінездемесі секілді. Кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады. Жырау «Өзім туралы» деген өлеңінде.
– Жақсы жырау емеспін,
Сөзін пұлдап, ақы алған.
Жаман да жырау емеспін,
Таусылып сөзі тақалған.
Ой, пәлі! деген сөздерің,
Кем емес ат пен шапаннан, – дейді немесе «Ерлерім сөйле дегесін» өлеңінде:
– Сөз пұлдаған емеспін,
Әркімнен сұрап емініп.
Қызыл тілім сөз толға,
Назарың салып оң-солға,
Сөйле деп саған кім айтар,
Қалған соң жерге көміліп?!
Бұл өлеңдері адамгершілікке негізделген.
Дүр Оңғар Дырқайұлының шығармашылығы – қазақ әдебиетіндегі ғасырлар бойы үздіксіз даму жолында келе жатқан ақындық поэзиядағы көркемдік дәстүр жалғасы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!