Сенбі, 07 желтоқсан, 22:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жыр жайсаңы

12.03.2022

1698 0

«…Шалқыған шаттық әні бақтарында,

Бөленген көшелері ақ қайыңға.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына», – деп туған жерін тебірене жырлаған ақын Махмұтбай Әміреұлы мерейлі 80 жасқа толып отыр. Елге белгілі қаламгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлының мерейтойына орай Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Жыр жайсаңы» аты шығармашылық кеш өтті.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған ақынның кеші қаламгердің өміріне негізделген бейнематериалдан бастау алды.

Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай арнайы құттықтап, шапан жапты.

– Бүгінде сіздің өлеңдеріңізбен сусындап жүрген Сыр жұрты өзіңізді мәртебесі биік ақын ретінде таниды, әрқашан қадірлейді. Журналистер қауымы аймақ баспасөзінде қаламды қарымымен танымал азамат ретінде біледі. Махмұтбай Әміреұлымен қатар жүретін «Қызылорда вальсі» де Сыр өңірін суреттейтін әнге айналды. Осы орайда мерейтойыңызбен құттықтап, Сыр руханиятына қосқан сүбелі үлесіңіз ел жадында екенін атап өткім келеді. Өзіңізден тәлім-тәрбие алған шәкірттеріңіз де бүгінде ел дамуына зор үлес қосуда. Біз сізге зор денсаулық, сарқылмас шабыт тілейміз. Әрдайым Сыр жұртшылығын рухани байытып жүре беріңіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақын Махмұтбай Әміреұлы 1942 жылдың 20 ақпанында Жалағаш ауданына қарасты Мақпалкөл ауылында өмірге келген. Ол кісі еңбек жолында Шымкент облысының Ленин ауданында мұғалім, Қызылорда об-лыстық шығармашылық үйінің әдіскері, облыстық «Ленин жолы» газетінде корректор, Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Сырдария аудандық партия комитетінде нұсқаушы, саяси оқу кабинетінің меңгерушісі, «Сырдария» газетінің редакторы, облыстық кәсіподақтар кеңесі баспасөз орталығының меңгерушісі, Сырдария ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1998 жылдан бастап облыстық «Сыр мектебі» газетінің бас редакторы болып келе жатқан ақын балалар шығармашылығын дамытуға да сүбелі үлес қосты.

Ақынның республикалық «Жалын» баспасынан «Жүзім бағы» ,«Қызыл жыңғыл», «Ақ сәуле», жергілікті баспадан «Сыр әндері», «Сыр жырлары», республикалық «Үш қиян» баспасынан «Жылдар, жырлар», «Сыр әндері», «Сырдария-Жырдария», «Сыр мектебі» жыр жинақтары жарық көрді. Ол «Қызылорда вальсі», «Қимаймын», «Шалқиды ән» секілді 100-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. Сонымен қатар М.Әміреұлы 1990 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сырдария ауданының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

Махмұтбай Әміреұлының мерейтойына арналған шығармашылық кеште «Жастар» театрының әртістері ақын өлеңдерін оқып, қаламгердің сөзіне жазылған әндерді орындады. Шарада Қазақстан жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова жазушылар одағының құттықтауын табыс етіп, ізгі тілегін жеткізді. Қызылордалық журналистердің атынан сөз сөйлеген Қазақстан журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев жылы лебіз білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Ардагерлер атынан лебіз білдірген Мақсұт Баекеев жазушыға құттықтауын жеткізіп, алдағы уақытта ақын мерейтойына орай арнайы шара өтетінін айтты.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: