Жұма, 17 мамыр, 10:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Ажал аузындағы ақиқат

20.12.2023

108 0

Фото: akikat01.com

Тар қапастың ішінде жалғыз адам.Тыпыршып бір орында тұрар емес. Ары-бері кезіп жүр. Отырады, тұрады, арасында жылап та алады. Өз-өзімен күбірлесіп сөйлесіп «Мен не істедім? Не істеп қойдым мен?» деп, қабырғаны қос қолдап ұрғылап жатыр. «Босатыңдар. Менің ешқандай жазығым жоқ еді ғой, босатыңдар!..» деп айқайлаумен болды. Ал оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Жын қаққан адамдай жерде жатып айқайлап, аяқ-қолы төрт жаққа бірдей сермеліп: «Не жазығым бар еді, жексұрындар? Босатыңдар! Бәрібір ешкімді сатпаймын. Кінәм болса айтыңдар» деп, жалғыз адамдық камераны басына көтерді.

Бұл тар қапасқа тоғытылған, бүкіл арман-мақсаты ел үшін еңбек ету болған, сол жолға барын сала еңбектенген, қазақтың қайраткер ұлы Дінмұхамед Әділов еді. Былайғы жұрт оны Дінше дейтін. Иә, ол Дінше десе Дінше еді. Қазақтың тарихына, мәдениетіне, өнеріне, әдебиетіне, бүтін бір ұлыстың руханиятына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Дінше еді бұл. Қазақтың ұлттық театрын құруға атсалысқан да, алғашқы директоры болған да осы Дінше еді ғой. Енді, міне, жалған жала жабылып, абақтыға қамалды. Қазақтың «Ердің жақсысы абақтыда» деген сөзі осындай асыл ұлдардың наққақтан нақақ кінә тағылып, темір торға тоғытылғанда айтылса керек-ті.

Дінше қанша жерден ышқынса да, айқайласа да, қабырғаны қос қолдап ұрмақ түгілі, темір есікті таңнан кешке дейін тепкілесе де оның сөзіне мәу деп жатқан ешкім жоқ. Бәлкім, арампиғылды тергеушілер оның әбден әлсірегенін, қиналғанын, тіпті өз-өзінен жынданып кеткенін күтіп жүрген шығар… Бәрі мүмкін… Қызылжағалылардан ондайды күтуге болады.

Ел үшін еңбек етіп жүріп, темір торға қамаламын деп ойлаған да жоқ шығар… Бүкіл арманы саналы ғұмырын қазақтың ертеңін кемел етуге арнау еді ғой. Сол жолға барын салып-ақ бақты. Ел ісіне де жастай араласты. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен рухтас, мақсаттас, ниеттес еді ғой бұл. Билік басына кеңес үкіметі келген соң алаштықтарға оларды мойындаудан басқа амал қалмайды. Бірақ оларға кешірім жасалғаны қайда?.. Сонда кешірім жасалғаны жәй көзбояушылық болғаны ма?.. 

Осындай сұрақтарға жауап іздеген Дінше ақиқатын Абайдың өлеңінен тапты.

Орнынан тұрмастан:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп оқи жөнелді. Абайдың көп өлеңін жатқа білетін ол данышпан ақынның қалай тауып айтқанына таңғалды. «Дәл айтқан» деп орнынан сүйретіле тұрегеліп, Міржақыптың «Оян қазағын» есіне алды. «Дулатов қалай дейтін еді» деп іштей күбірлеп, «Дінше, саған жату жарамасты» деп орнынан атып тұрып, босатуды талап етіп, қиғылық салды, бірақ нәтиже шықпады. Тек темір есіктің арғы бетінен орысша «жатшы-ей» деген сөз ғана естілді.

Иә, Абай ақын айтпақшы ешкімге сенуге болмайды екен ғой…

Босатуды талап етіп, қанша уақыт айқайлағаны, қабырғаны ұрғаны, есікті тепкілегені есінде жоқ. Айқайлап-айқайлап ешкім жауап бермеген соң тас еденге жатқанын біледі. Жатса да сан сұраққа жауап іздеп әлек. Іштей: «Мені кім сатуы мүм­кін? Кімнің алдын кесіп кеттім? Кімге ұнамай қалдым? Неге бұлай?» деп ойланумен болды. Ойланып жатып, ұйықтап та кетіпті.

Ұйықтаған кезде ғана жаны тынышталғандай. Осы сәтте қасына достары мен ескі таныстары келгендей ме, қалай өзі?! Анадайдан қол бұлғап Қошке Кемеңгеров тұр. Кемеңгердің ұрпағының аты Қошмұхамбет болғанымен жұрт Қошке дейтін. Бұл – Алашқа аты мәлім Қошке. Ұлттық театр құрылғанда осы кісінің «Алтын сақинасын» сахналаған. Қазақ ұлттық театрының бастауында тұрған санаулы тұлғаның бірі. Дінше оны Қошмұхамбет деп те, Қошке деп те атайтын. Сағымдана көрінген бейнеге қарап – Қошмұхамбет, сенбісің? – деді. Ол болса мұны өзіне шақырып жатқандай. – Осы сенікі не жатыс? Театрдың ашылуы жақындады. Әртістердің дайындығын көрейік, – деді Қошке. «Көрсек, көрейік, әйтеуір кетейікші мына жерден» деген ол Қошкенің соңына ілесті.

Екеуі сағынысып-ақ қалыпты. Бір-бірін иықтан асыра құшақтаған олар нағыз достықтың үлгісіндей болып, Қызылорданың көшелерін аралап жүр. Әңгімелері де жарасымды.

– Бірден театрға барамыз ба?

– Жоқ, алдымен Смағұлға соғайық. Ақылдасатын шаруа бар деген.

– Ол кісі қайда екен?

– Бағана редакцияда күтемін деді.

– Қошке, айтшы, осы саған біздің астана ұнай ма?

– Әрине, бұл қазақтың ордасы, орталығы, бас қаласы емес пе?!  

– Иә, Қошке, дұрыс айтасың! Бұл – қазақтың бас қаласы! Маған да Қызылорда ұнайды. Өйткені мұнда қыруар тірлік атқарылып жатыр. Бәрі елдің ертеңі үшін.

Екеуі осылай әңгімелесіп келе жатып, «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакциясына қалай тез жеткендерін білмей де қалды. Смағұл Сәдуақасов бұларды күтіп отыр екен. Екеуін көргенде қуанып кетті. – Келдіңіздер ме? – деген ол орнынан тұрып амандасып, жағдай сұрасты. Мұнан соң төрде тұрған столға жайғасып кеңесті. Сөзді Сәдуақасов бастады.

– Біз тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Ресми түрде театр ашып, спектакль сахналауға көп күш-қайрат кететінін білемін. Театрдың директоры ретінде таңдау сізге түсті, – деп Әділовке қарай бұрылды.

– Менен де басқа таланты, талапты азаматтар көп еді ғой… Бұл қалай болар екен? – деген Дінше өзіне артылған салмақтың жүгі ауыр екенін түсінетінін байқатты.

– Театрды кім басқарады деген сұрақтың жауабын табу үшін талай адаммен сөйлестім, пікірлестім. Сіздің атыңызды атап, алып шыға алатындығыңызды айтқандар көп. Бұл – менің шешімім емес, көптің таңдауы, – деп Діншенің мерейін бір өсіріп қойды.

– Дінше, бұл іске сен кіріспегенде кім кіріседі? Сенің қолыңнан келеді. Талантты, өнерлі азаматсың. Айтқаныңды орындатпай қоймайтын талапшылдығың да бар, – деп әңгімеге Қошке араласты.

– Шешім солай болса, орындаудан басқа амал жоқ. Сенім артқан екенсіздер, ақтауға тырысамыз, – деген Дінше – кімнің пьесасын сахналаймыз? – деп сұрады.

– Мен екеуіңізді арнайылап шақыртып отырғанымның тағы бір себебі бар. Ол – Қошмұхамбеттің «Алтын сақинасы». Таңдау осы шығармаға түсті, – деді Смағұл.

– Мәссаған! – деген Қошке таңданғаннан орнынан тұрып кетті. – Шынымен таңдау «Алтын сақинаға» түсіп тұр ма? Бұл бір керемет болды ғой. Смағұл, өзің айтқандай, нағыз тарихи сәттің бастауы деген осы болар, – деді.

– Екі досты қатар шақырғаныңның себебі осында жатыр екен ғой. Біріміздің шығармамыз сахналанады, біріміз театрға басшы боламыз, – деген Дінше – Құтты болсын! – деп Қошкенің қолын алды.

– Сіздер дайындықты бастаңыздар, мен газетке хабарландыру беру жағын ақылдасайын, – деген Смағұл бұл істі көпке созбау керектігін кесіп айтты.

– Нақты қай уақытқа жоспарланған? – деген Қошкенің сұрағына «алдағы қаңтарда» деп жауап қайырды.

Көп ұзамай газетке хабарландыру да шықты. «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы бастапқы сандарында: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше», – деген хабарлама бірнеше мәрте жарияланды. Осылайша 1926 жылдың 13 қаңтарында сол тұста Қазақ елінің астанасы болған Қызылордада ұлт театры ашылды.

Спектакль біткен соң Дінше: «Бұдан соң кімнің пьесасын ойнатамыз?» – деді Қошкеге қарап. Ол болса: «Оны көпшілікпен ақылдасу керек қой, ал қазір орныңнан тұр» – деді. Дінше орнынан тұрып, айналасына қараса түсі екен. Алғашында қайда жатқанын білмей абдырап қалды. Қабырғаға ұрғаннан басы жарылып, қанап кетіпті. Самайдан аққан қан бетіне қатқан. Қолы да, аяғы да ауырып қалыпты. Тас қабырғаны сабалай ұрып, темір есікті аямай тепкеннен қол-аяғының оңып тұрғаны шамалы.

… Бір сәт өткен күнге көз жіберіп, ұлттық театрда атқарған ісін есіне түсірді. Сол тұста театрда сахналау үшін пьесалар бәйгесін жариялап еді.  Ол үшін арнайы комиссия да құрылды. Оның құрамында ағарту халкомы Смағұл Сәдуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов бар еді.  Бәйгеге 3 перделі «Исатай батыр» деген тарихи драма», «Шернияз» атты 4 перделі қарақалпақ тұрмысына арналған драма, сондай-ақ 3 перделі, 6 суретті және прологы мен эпилогы бар «Қаракөз» атты драма келді. Дінше бұларды да сахнаға шығарды. Тіпті әртіс жетпегендіктен сырттан да шақырғаны бар.  Қарап отырса, тұңғыш ұлт театры аптасына бір-екі пьеса сахналапты. Деңгейін көтеру үшін сахна шеберлерінің өз ішінен жекелеген спектакльдердің режиссерлерін тағайындап отырғаны есіне түсті. «Қаракөзді» сахналау үшін режиссерлікті Орынбордан келген Серке Қожамқұловқа, «Шерниязды» Ташкент сахналарында тәжірибе жинаған Құрманбек Жандарбековке тапсырды. Смағұл Садуақасов төрағалық еткен Ағарту халкоматы алқасының мәжілісінде де баяндама жасады. Бәрі-бәрі көз алдынан кинолентадай өтіп жатыр. «Ұмытпасам 1926 жылғы 11 ақпан болатын» деп алқа мәжілісінің өткен күнін есіне түсірді. Дәл осы жиында  театр жұмысы жақсы бағаланып, «Қазақ мемлекеттік академиялық театры» атауы берілсін деген қаулы алынған. «Е-е-е, ол күндер енді оралар ма?» деген Діншенің ойын «Әділов, сыртқа шық» деген сарбаз сөзі бөліп жіберді.

***

Дінше тергеушінің алдында отыр. Қолын отырған орындығына артқа қайыра байлапты.

– Саенконың таяғын әбден жеген шығарсың? Мен одан да қаталмын. Сол себепті де әр сұрағыма бірден жауап бер, – деді Павлов.

Діншенің ойында сан сауал тұр. «Бұл не сұрайды? Саенко деген Қазақстанда, ал мынау Мәскеуде отыр ғой… Қабағы да қатулы сияқты ма, қалай өзі? Мейлі, Саенко ма, Павлов па, бәрі тергеуші емес пе? Жұмысы тергеу, кінә тағу, айыптау ғой… Бұл не көрмей жүрген бас. «Үш күннен соң тозаққа да үйренесің» дегендей, мұны да көре жатармыз», – деп іштей тынып отырған Діншенің ойын тергеуші бұзды.

– Әділов, – деді ол қатқыл дауыспен. Қалың ойда отырған Дінше өзінің фамилиясын атаған тергеушіге мән де бермеді. Екінші рет барып «Әділов» дегенде ғана тергеушіге бұрылды. Онда да үндеген жоқ, тек «не сұрайсың?» дегендей сұраулы жүзбен тесіле қарады.

– Алашорда туралы не білесің?

– Ештеңе.

– Өтірік айтпа.

– Онда сұрама.

Екеуінің арасындағы диалог осылай басталды. Қойған сұрағына бірден жауап ала алмаған Павлов баскиімі мен кителін шешіп: «Қазір мен сені басқалай сайратамын», – деп ұра бастады.

Қараңғы бөлме. Жалғыз ғана лампочка. Не терезесі, не сәуле түсірер саңылауы жоқ. Есіктің ашылып-жабылғанының өзі жүйкеге тиеді. Осындай тар қапаста тергеліп жатқан Діншені Павлов аяр емес. Іштен де, бүйірден де, беттен де, бастан да ұрды. Қолмен де ұрды, таяқ та пайдаланды, теуіп те жатыр.

– Алашорда туралы не білесің?

– Ештеңе.

– Шыныңды айт.

– Білмеймін дедім ғой.

– Бөкейханов сендерді кеңес үкіметіне қарсы қойды ма?

– Жоқ.

– Байтұрсынов ше?

– Жоқ.

– Дулатов ше?

– Жоқ.

Павлов Діншенің оңай берілмесін түсінді. Сөйтті де қасындағы екі нөкеріне: «Мынаны қалай да сөйлетіңдер» деп сыртқа шығып кетті. Бағанағы Павловтың ұрғаны ұрған ба, бұл екеуі одан да өтті. Есінен танғанша тепкіледі. Бір кезде мұздай су шашып, есін жинатты. Қараса Павлов тергеу бөлмесіне қайта кіріпті.

– Ал, Әділов, енді жауап беретін шығарсың?

– Бәрібір ештеңе де айтпаймын.

– Айтасың. Айтпай қайда барасың?..

– Мен ештеңе білмеймін дедім ғой.

– Білесің. Алдымен мынаны айтшы, Қожанов туралы не білесің?

– Ештеңе.

– Кемеңгеров жайлы ше?

– Ештеңе.

– Зәки Уәлидиді танисың ба?

– Жоқ.

Тағы да жауап ала алмады. Тағы да соққының астына алды. Ұрды, тепті, аямады. Дінше тіс жарған жоқ. «Білмеймін, ештеңе» дегеннен артық жауап қайырмады. Ұра-ұра орнынан да тұра алмай қалды. Есін жиса камерада жатыр. Тағы сол тас еден, тас қабырға, темір есік. Кешегідей есікті тепкілеуге, қабырғаны ұруға шама жоқ. Денесінің барлық жері ауырып жатыр. Сүйегінің бері сынғандай. Әрең тыныстап, әзер демалады. Қиналып, зорға дегенде ұйықтады. Түсіне Кенесары ханның қолбасшыларының бірі болған атасы Мыңжасар еніп, «балам, мықты бол!» деп еді. Павлов болса күнде тергеп, күнде тепкінің астына алады.

– Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» қандай шығарма?

– Білмеймін, оқыған емеспін.

– Жұмабаев жайлы айт. Оның өлеңдері сендерге рух беріп, кеңес үкіметіне қарсы қойғаны рас па?

– Қып-қызыл өтірік.

– «Бірлік» ұйымына мүше болдың ба?

– Оны қайтесің?

– Алаш партиясының мүшесі болдың ба?

– Бәрібір ештеңе айтпаймын.

Жауап ала алмаған сайын ызалана ұрады. Күн сайын түрлі айла қолданып әлек. Суға тұншықтырып, өледі-ау дегенде басын шығарып, қайта батырады. Қолын үстелдің үстіне қойып, таяқпен ұрады. Темірді отқа қақтап, көзінің алдына тірейді. Әйтеуір көрмеген қорлығын көрсетеді. Осылай әбден қиналған Діншені тергеушілер күн сайын камераға сүйретіп әкеп тастайды.

Күн артынан күн өте берді. Қанша уақыт тергелгенін Діншенің өзі де ұмытып қалды. Күндіз бе, түн бе, ол жағы да беймәлім. Жендеттер әдейі ұйықтатпай түнде де тергейді. Енді есін жия бергенде қайта таяқтың астына алады. Содан Дінше тергеушіге ешкімге зиян келмейтіндей етіп, жауап беруге бел буады.

***

Павлов пен Дінмұхамед Әділов бір бөлмеде отыр. Әдеттегідей Павлов тергеп жатыр, Дінше жауап беруде.

– Қай жерде өмірге келдің?

– Қазақстанда.

– Нақты айт.

– 1900 жылдың 13 қарашасында Ақмола уезіне қарасты Шу болыстығында өмірге келдім.

– Дұрыс. Осылай әр сұрағыма нақты әрі дәл жауап бер.

– Алашорда туралы не білесің?

– Ешкімге зияны жоқ, тек елдің ертеңі дұрыс болсын деп ойлаған азаматтардың құрған партиясы еді.

– Сен Алаш партиясының құрамында болдың ба?

– Иә.

– Алаш партиясының құрамында қандай қызмет атқардың?

– Алаш партиясының Ақмола облыстық комитеті мүшелігінде болдым.

– Ы-ы-ы, айт, айта түс. Біз сені сөйлетеміз дедім ғой. Әлихан Бөкейханов туралы не ойлайсың?

– Елге сыйлы, жұртқа қадірлі адам.

– Байтұрсынов ше?

– Ол да.

– Дулатов ше?

– Ол да.

– Әділов, сен сөзден тайқақтамай дұрыстап жауап бер.

– Байтұрсынов кеңес үкіметіне қарсы жұмыс істеді ме?

– Жоқ. Ол кісі – ғалым. Ғылыммен, оқытушылықпен, кітап жазумен айналысты.

– Дулатов туралы не ойлайсың?

– Міржақып Дулатов – ақын. Есеп-қисапқа негізделген оқулық жазған. Қазақ тарихындағы ең алғашқы роман жазған қаламгер.

– Сен бәрін мақтап жатсың ғой.

– Мен тек шындықты айтып жатырмын.

Жауап алу кезінде басқалай айла қолдану керектігін түсінген Павлов: «Жарайды. Бүгінге осы да жетеді. Камерасына апарып тастаңдар», – деп жендеттеріне тапсырма беріп, келесі тергеуде қандай сұрақтар қоятынын ойлана бастайды.

***

Павлов кабинетін ары-бері кезіп жүр. «Қандай сұрақ қойсам екен?», «Өзі сөзден жаңылмайтын неме екен. Тұзаққа қалай түсірсем болады?» деп көп ойланды. Ақыры, істеген жұмысы, атқарған қызметі жайлы сұрауға көшті. «Дұрыс. Осылай істеу керек» деген тергеуші нөкерлеріне Әділовті әкелуді тапсырды.

– Қалай, Әділов, тергеуді кешегідей жүргіземіз бе? Мен сұраймын. Сен жауап бересің.

Тергеушінің бұлай қулана сөйлегенінен «сұраққа жауап берсең, ұрмаймыз» дегенін Дінше түсінді. Ол да қулыққа көш­кенді жөн санап отыр. Кешегідей ешкімге зияны тимейтін жауап­тар айтады. Иә, Діншенің ойы – осы. Ешкімге зиян тигізбеу.

– Сенің жеке іс парағыңа үңілсек, бір кездері «Бірлік» деген ұйымда болыпсың. Рас па?

– Рас.

– Сонда ол қандай ұйым.

– Омбы қаласында құрылған қазақ жастарының ұйымы.

– Қарай гөр, өздерін. Қазақ жастырының ұйымы дейді ғой. Сонда немен айналыстыңдар?

– Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оларды бастырып шығаруды мақсат тұттық.

– Солай де.

– Ташкентте не істедің? Зәки Уәлидимен қатынасып тұрдың ба?

– Жоқ. Ташкентте оқытушылықпен айналыстым.

– Алматыда ше?

– Жетісу облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым.

– Қызылордада ше?

– Театрды басқардым.

– Кімдермен араластың?

Бұл сұраққа келгенде Дінше тосылып қалды. Араласқан, қызметтес болған кісілердің есімін атаса болды, олардың да тергеуге ілігетінін жақсы біледі.  Не істеу керек? Қалай жауап береді? Тергеуші болса «Ә-ә-ә, қолға түстің бе, бәлем? Сөзден жаңылмайтындай болып отыр ең, енді көрсетемін саған» дегендей тесіліп қарап тұр. Дінше де одан көзін алар емес. Екеуі бір-бірімен көз атысып, арбасып тұрғандай. Жанарын басқа жаққа бұрса болды, тергеушінің күдігі күшейе түсетінін, сұрақты одан бетер орағытатынын түсініп отыр. Таяқтауы да мүмкін. Оны қойшы, қанша уақыттан бері тергеліп, тепкінің астында келе жатыр ғой. Денесіне батқан таяқты көтеріп келеді, ал мұның кесірінен басқалар зардап шексе ше? Оған Діншенің жүрегі төзбейді. Кеудесіндегі жұдырықтай ет жүрегі от болып лаулап, екі көзден жас орнына қан ағып, ол жанартаудай атқылауы мүмкін. «Жоқ, ешкімнің атын атауға болмайды» деді іштей. Оның ойын тергеуші көзден оқып отырғандай «Басқаларды сатқың келмейді ә» деп сұрақты төпелете бастады.

– Қызылордада Қожановты көріп тұрдың ғой.

– Иә, бір қалада жұмыс істедік. Арасында жиналыстарда көргенім бар.

Сұрақты құйтырқылана қоюды жөн санаған Павловтың қулығына құрық бойламайтын еді. Іштей «Ә, Әділов, бір қалада жұмыс істедік дедің ғой. Ұсталған жерің – осы. Енді сұрақты мүлде басқа қырынан қояйын» деп, Діншені айналып жүр. Алды-артына қайта-қайта қарауға мәжбүр болған Дінше тергеушінің енді қандай сұрақ қоятынын білмейтін еді. Тергеуші ешкім күтпеген сұрақ қойды. 

– Ақмешітті Қызылорда деп Қожановтың атағаны рас па?

– Рас.

– Нақтырақ айтып берсең. Қызылорда 1925 жылғы съезде ойлап табылған атау ма, әлде оған дейін ойластырылған ба?

Тергеушінің бұл сұрағына Әділов бірден жауап берген жоқ. Іштей ойланды. Үнсіздік созылған сайын тергеушінің қысымы да күшейіп барады. «Ә-ә-ә, бұрыннан ойластырылған болды ғой. Білген едім, білдім ғой мен. Сезетінмін. Бәсе, қалай аяқ астынан қазақтар елордасын қызыл астана етті деп жүрсем, Мәскеудің ойын басқа жаққа бұру үшін осылай істеген екен ғой» деп тістеніп сөйледі. Бұған Дінше шыдамады. Қалай шыдасын, тергеуші қарадай қарап, бүкіл Қазақстанға жала жауып отыр ғой. Содан 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы есіне түсіп, соны айтты.

– Жоқ, – деді ол. – Бұл атаудың қалай шыққанын мен білемін. Өйткені 1925 жылғы съезге қатысқанмын. Ақмешіттің атауын өзгерту туралы ұсыныс айтылғанда да бармын.

– Не дейді? Ұсыныс… Ол қандай ұсыныс тағы?

– Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты.

– Қожықов ойлап тапса, неге Қожанов айтты дейсіңдер?

– Қожықов ойлап тапқанымен пленумда сөз алып, көпшілікке ұсынған Қожанов еді.

– Солай де.

– Қызылорда атауын пленум мінберінде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов екенін көпшілік жақсы біледі. Бұл жасырын дүние емес.

– Сол съезге Байтұрсынов пен Бөкейханов қатысты ма?

Бұл сұрақ та Діншеге оңай тимеді. «Ойлан, Дінше, енді қалай жауап бересің?» деді іштей өзіне-өзі сұрақ қойып. Келгені рас қой. Тіпті Қызылорда деген атауға разы болған еді ол кісілер. Қос қатпарлы мағына беретін атауға кеңес билігі ешқандай артық әңгіме айта алмап еді ғой. Ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын да осы съезде қайтарған жоқ па?! Бұны да Қожанов мінберде көтерді. Ұлт атауы да, астана атауы да бірден бекітілді. Жүрегі қазақ деп соғатын әрбір адам қуанып еді сол кезде. Қалың ойға шомған Әділов: «Ойлан, Дінше, ойлан» деп іштей қайталап отырды. Бір кезде барып есіне түсті. Байтұрсынов пен Бөкейханов келсе де ешқандай құжатта көрсетілген жоқ қой. Олар еш жерге тіркелген жоқ. Олардың 1925 жылғы съезге қатысқанын дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Осыны есіне түсірген бойда бірден жауап берді.

– Бөкейханов пен Байтұрсынов 1925 жылы өткен Қызылордадағы съезге қатысқан жоқ.

– Шын айтып отырсың ба?

– Иә.

– Енді берген жауабыңды растап, мына жерге қол қой, – деген тергеуші Әділовке қағаз ұсынды.

Дінше қағазға жазылғанды көргенде шошып кетті. Талай адамға жала жабылған қағазға қалай қол қояды. Одан да өлгені артық. «Жаным арымның садағасы» дейтін ұлттың ұрпағы емес пе?!

– Жоқ, мен бұған қол қоя алмаймын, – деді бірден.

– Неге қоймайсың? – деді Павлов.

– Өйткені мынау қып-қызыл жала, өтірік, – деді ызалана.

– Қайдағы өтірік. Бәрі өзіңнің айтқаның. Біз басқа ештеңе қосқан жоқпыз, – деді тергеуші алара қарап.

– Мен мұндай сөз айтқан жоқпын. Айтқан да емеспін.Сендер менің айтқанымды жазыңдар, сол кезде барып растаймын, – деді Дінше.

– Ех-х-х, Әділов, өзіңнен көр, – деген Павлов оны тепкілей бастады.

Қалай ұрса да болмады, Дінше басқаларды қаралауға көнбеді, қол қоймады. Әділовті тергеушілер бірнеше күн сабады. Ол басына тиген соққының әсерінен, неше күннен бері ұйқы көрмегендіктен не істеп, не қойғанын білмейтін халге жетті. Иә, Діншенің бұл күйі, бұл ахуалы өте аянышты еді. Сонда да берілмеді. Кеудеден жан шықса да сатқындыққа бармауға бекіді. Ақыры, тергеушілер бос параққа қол қойдырып, сол арқылы Діншені де, басқаларды да одан бетер азаптауға көшті. Абақтыда отырған Дінше тергеушілердің озбырлығына әбден күйініп:

«… Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!

Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған? – деп Ахмет Байтұрсынов­тың өлеңімен жауап та берді. Олар мұны түсінбеді. Жүректен шыққан сөзді жүрегі барлар ғана ұғады ғой…

Түпкі ойлары ату, құрту, жою болғандықтан Дінмұхамед Әділовке «халық жауы» деген жалған айып тағылады. Қайраткер Әділов «Алаш ісі» бойынша атылған алғашқы он үш адамның бірі еді. Өлім жазасына кесілгенін біліп тұрса да Дінше тайсалмады. Енді қайтсін, жалған жаламен күйіп барады. Оның ақиқаты бір бөлек, тергеушінің «шындығы» мүлдем басқа. Ажалмен бетпе-бет келгенде де түбінде шындықтың үстемдік құратынын білді. Ол шындықты келер ұрпақтың ашатынын сезіп, ертеңгі жастарға сенді. Мылтықтан оқ атылып, кеудесіне тигенде де:

 «Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!» – деп Мағжанша тебіренді.

 Діншенің шындығы, ажал аузындағы ақиқаты осы еді. Не бары 30 жасында жалған жаланың құрбаны болған Діншедей Алаш арысының аманаты еді бұл. 1931 жылдың 21 сәуірінде атылған Дінмұхамед Әділовті қорқаулар Мәскеудегі Ваганька қорымына жасырын жерлеген. Ешқандай кінәсі болмаған қазақтың Діншесі 1988 жылдың 4 қарашасында ақталып, тарих бедеріне қайта шықты.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: