Сәрсенбі, 08 мамыр, 04:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Бұл газет маған өте ыстық

20.01.2024

343 0

Өнер адамы болғандықтан өзіме ақындар да, жазушылар да, журналистер де жақын. Соның ішінде шығармашылық топтан айтар болсам, «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымы да, газеттің өзі де өте ыстық көрінеді.

Неге десеңіз, мен осы газеттің бастапқы санының шығуына атсалысқан жанның бірімін. Ал биыл осы басылымның жарыққа шыққанына 30 жыл толғалы тұр.

1994 жылы газеттің алғашқы саны шығар кезде негізін қалаған Әділхан Бәймен маған «Ақмешіт апталығы» газетінің логотипін жасап беруді сұрады. Бастапқыда газет жастарға арналған басылым болды. Негізі ол кезде шағын шеберханам болатын. Сол шеберханаға шығармашылық жандар келіп, ойларын ортаға салып, жиі бас қосып тұратын. Олардың ішінде Әскербек Рахымбекұлы, Әділхан Бәймен, Асқар Кіребаев және газеттің іргетасын қалауға ақылдастар алқасының төрағасы Нұрділдә Уәлиев және басқа да қаламгерлер бар.

Содан суретші ретінде логотипті жасауға кірісіп, 2-3 күнде екі нұсқасын ұсынған болатынмын. Шығармашылық ұжым біреуін таңдап алып, күні бүгінге дейін газет бетінен түспеген еді. Сол жылдары газетте суретші және арасында мақала жазып тұрған сәттер де болды. Одан соң осы газетте мен жайлы мақалалар бірінші бетке суретіммен шықты. Ол да бір керемет естелік болып қалды.

Міне, содан бері отыз жыл өтті. Газетке отыз жыл толды. Бастапқыда жастар газеті болған басылым бүгінде қаланың тыныс-тіршілігін ақпараттандырып келеді.

1994 жылы газеттің іргетасын қалауға ақылдастар арқасының төрағасы Нұрділдә бастаған қаламы қарымды қаламгерлер Ахат Жанаев, Әскербек Рахым­бекұлы, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтов, Қазыбек Әшірбекұлы, Аманжол Сақыпұлы, Дүйсенбек Аяш­ұлы, Әділ Ботпанов, Нұрлан Көбегенұлы секілді тағы да басқа тұлғалар еңбек еткені есте қалыпты. Арасында кей ағаларымыз өмірден өтті. Шыны керек, осы азаматтардың бәрі менімен дос.

Негізі өнер адамы дос жағынан жас талғамайды. Маған шығармашылық жандардың арасында үлкен-кішісі бар, бәрімен бірдей араласамын, достық сыйластығымыз үзілген емес. Қайта жыл өткен сайын арта түсуде. Сол секілді «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымы да мен үшін үлкен дос болып саналады.

Кейін редакция іргелі ұжым болып, жас журналистер қатары толыға түсті. Осы кезде айтар едім, бұл басылым талай жасты бір-бір тұлға етіп шығарған шығармашылық орта. Осы ортаға, жалпы ұжымға алдағы келе жатқан отыз жылдық құтты, берекелі болсын. Оқырмандары көбейіп, қаламыздың бас басылымы абырой беделінен түспесін дегім келеді.

Қайырбай ЗӘКІРОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: