Құрылтай

Сейсенбі, 04 тамыз, 16:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58 (2270)
04.08.2026
PDF мұрағаты

Отандық тауарларды қолдауда атқарылған жұмыстар талқыланды

04.08.2026

38 0

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдауда және ілгерілетуде атқарылған шаралар талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы көлік-логистика саласындағы бастамаларға, Қызылорда қаласында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.

«Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен еліміз үшін ең маңызды жобалардың бірі «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы бастау алды. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын тиісті деңгейде орындап, жобаларды белгіленген мерзімде ел игілігіне табыстауымыз керек. Сондықтан жол саласына жетекшілік ететін сала басшылары жұмысты қатаң бақылаңыздар.

– 1-2 тамыз күндері өңірімізге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы жұмыс сапарымен келді. Президент саябағы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді, жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананы, «Қызылорда Арена» спорт кешенін, Титов және сол жағалаудағы медициналық нысандарды көріп, мердігер мекемелерге тапсырма берді. «Tau Group» серіктестігінің өндірістік алаңында жаңа инвестициялық жобалармен танысты. Жауапты басқармалар Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, құрылыс сапасын бақылау, инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеу керек», – деді аймақ басшысы.

Отандық тауарларды ілгерілетуде өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.

«2025-2026 жылдары өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласына 32 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 60 млрд теңге қаралды.

Бұдан бөлек, жыл сайын «Даму» қоры отандық кәсіпкерлерді қолдауға қомақты қаржы бөледі. Бизнеске берілген қаржы мақсатты жұмсалып, салық базасын ұлғайтуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға оң ықпалын тигізуі қажет. Қолдауға ие болған сауда субъектілері заңнамаға сәйкес сауда нысандарындағы сөре кеңістігінің кемінде 50 пайызын отандық тауарлармен толықтыруы тиіс. «Даму» қоры, бұл бағыттағы жұмысты толық зерделеңіздер», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ, мәжілісте отандық тауарөндірушілердің өнімдерін кедергісіз өткізу, өндірілген тауарларды ішкі нарықпен қатар онлайн платформаларда сатуды жандандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: