Жексенбі, 05 мамыр, 06:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Қала күні мерекесінің салтанатты ашылуы «Жастар карнавалы» шарасымен басталды

15.09.2023

401 0

Бүгін Қызылорда көшелері жалынды жастар рухымен серпіліп, Қала күні мерекесінің ыстық лебімен шарпылды.
Мәңгілігін Сыр сағасында мәнерлеген, дәуірлер көшін тарихымен дәлелдеген, бүгіннің рух бесігіне айналған Сыр елінің салтанат шырайы – күріші, мұнайы, ауыл шаруашылығы өрістеп, келбеті күн сайын жайнаған Қызылорданың төл мерекесін атап өту әдеттегідей дәстүрлі «Жастар карнавалымен» басталды.

Темір жол вокзалы маңынан басталған жастардың думанды шеруі қаламыздың орталық көшелерін әнге бөлеп, Достық үйі ғимаратының алдына келіп тоқтады. Облыс орталығында орналасқан жоғары және арнаулы оқу ордаларынан 400-ге жуық студент қамтылған ерекше кешке арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шаменов қызылордалықтарды облысымыздың 85 жылдығымен қатар келген төл мерекемен құттықтады.

«Жастар қашанда қоғамның жаңа леп сыйлайтын қозғаушы күші, серпіліс қуаты. Сондықтан алдағы бір ай көлемінде өтетін шаралар да жоғары деңгейде, көңілді нотада түйінделеді деп сенемін» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов қаламыздағы қарқынды жұмыстар жөнінде тілге тиек етті.

Карнавалға қатысқан жастар көшелерде топпен жүруден бөлек, Достық үйі ғимараты алдында арнайы дайындалған тақырыптық қойылымдарын көрсетіп, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Дәстүрлі байқау нәтижесінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Бас жүлдені жеңіп алса, І орынды бірігіп өнер көрсеткен болашақ дәрігерлер Қызылорда медициналық жоғары колледжі, «Өркениет» медицина колледжі және «Авиценна» медицина колледжі иеленді. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі мен Қызылорда экономикалық гуманитарлық колледжі ІІ орынды өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, Абылайхан атындағы колледжі және М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжі лайық деп танылды. Сондай-ақ үздік өнер көрсеткен Қызылордалық спортшылар мен С.Ысқақов атындағы колледжі арнайы номинациялармен марапатталды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік бүгін салтанатты ашылуы өткен Қала күні мерекесі алдағы бір ай көлемінде қаламызды думанға бөлейтін шаралармен жалғасатын болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: