Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа өмірге жол бастайтын ғимарат

02.10.2023

382 0

Аймақтың 85 жылдық мерейтойы және қарттар күні мерекесі қарсаңында құрылысы былтыр басталған «Неке сарайы» пайдалануға берілді. Халық көптен күткен салтанатты шараға ардагерлер қауымы да куәгер болды. Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ғимарат жобасының құны 1 млрд 600 млн теңгені құраған. Жастардың жұбайлық өмірге қадам басқан шағын салтанатты түрде өткізіп, неке қию рәсіміне арналған нысан отбасы құндылығын, ұлттық тәрбиені дәріптеуге бағытталмақ.

«Неке сарайының» ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

– Қадірлі жерлестер! Баршаңызды «Неке сарайы» ғимаратының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген ұлы қағида бар. Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіс­пеншілік, мейірім болса ғана шаңырағы биік, керегесі кең болады, түтіні түзу шығады. Аймақтың мерейтойы қарсаңында бүгін жұмысын бастаған «Неке сарайында» қиылған әрбір неке баянды, берік болғай. Жас отбасылар қуанышы көбейе бергей. «Неке сарайы» ғимараты құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі ашылу салтанаты барысында қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге, заманауи ғимараттардың бой көтеріп, уақытылы ел игілігіне берілуіне жұмыс жасаған барша құрылысшы азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ шара аясында қала құрылысының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен марапатталды.

Неке қию рәсімі кез келген жас жұбайлар үшін ерекше толқынысты әрі есте қаларлық сәт. Мұндай айрықша күнді зәулім ғимарат ішінде атап өту кімге болса да қуаныш сыйлайтыны анық. Мерейлі сәтті асыға күткен жандар үшін «Неке сарайының» лентасы қиылды. Салтанатты шарада отбасы құндылығын сақтап, өнегелі өмірімен көпке үлгі болған, биылғы «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық  байқауының республикалық кезеңінің лауреаты атанған Смағұловтар әулетінің бәйтерегі Қабақ Смағұлов жиналған көпшілікке ақ батасын берді.

Айдана САЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: