Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы сот төрелігінің қорытындылары жарияланды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, есепті кезеңде 55 тұлғаға қатысты 33 қылмыстық іс қаралды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аяқталған істер саны 1 іске, ал сотталған тұлғалар саны 15 адамға артқан.
Есепті мерзімде сот өндірісіне адам өлтіру, зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, адам ұрлау, қорқытып алу, есірткі заттарына байланысты қылмыстар және жол-көлік оқиғаларына қатысты қылмыстық істер түсті.
Қаралған істердің нәтижесінде 40 тұлғаға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның ішінде 5 іс бойынша 5 сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.
– Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған істердің қатарында биыл қоғамда кең резонанс тудырған, 7-сынып оқушысының көзінше оның анасы мен әжесін өлтіру фактісі бойынша қаралған қылмыстық іс те бар. Сот үкімімен айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді, – дейді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төраға міндетін атқарушы Думан Икрамұлы.
Сонымен қатар, есептік кезеңде алқабилердің қатысуымен 3 тұлғаға қатысты 1 қылмыстық іс қаралды.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!