Бүгін белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мүбәраков Қамбарбек Амангелдіұлын еске алуға арналған мемлекеттік қызметшілер арасында футзалдан облыстық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Руслан Рүстемов, зиялы қауым өкілдері және отбасы мен ағайын-туыстары қатысты.

Рәсімде аймақ басшысы Қамбарбек Амангелдіұлының қажырлы еңбегі мен адал қызметін еске алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Баршаңызды бүгінгі турнирдің ашылуымен құттықтаймын! Жарыстың ашылу салтанатына орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы арнайы құттықтауын жолдады.
Қамбарбек Амангелдіұлы саналы ғұмырын Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне арнап, мемлекеттік қызметте адал еңбектің жарқын үлгісін танытты.
Қызмет жолында Шиелі ауданының әкімі, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқармаларының басшысы болған уақытта ел мүддесін негізге ала отырып, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, байыпты бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асыруға ерекше үлес қосты.
Әріптесіміз қай қызметте де биік парасатымен абыройға кенеліп, азаматтық ұстанымымен, іскерлік қасиетімен, мол тәжірибесімен көпке үлгі болды.
Бүгінгі спорт сайысы асыл азаматтың есімін ел жадында мәңгі сақтап, жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Осындай спорттық шараларда шыңдалған жастарымыз байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп, көк Туымызды биікте желбірете берсін!», – деді аймақ басшысы.

Шарада үзеңгілес досы, әріптесі Руслан Рүстемұлы, Қамбарбек Амангелдіұлының ағасы Бақытжан Амангелдіұлы сөз сөйледі.
Айта кетейік, турнирге облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерден 26 команда қатысуда. Жарыс қорытындысы бүгін шығады.





Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
