Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Алмасбек ЕСМАХАНОВ,облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:«Тіл буынсыз, бірақ қылыштан да өткір»

18.09.2023

293 0

Мемлекеттік тілдің жай-күйі жүрегі қазақпын деп соғатын әрбірімізді толғандырады. Оның келешегі қалай болмақ? Қайтсе қолданылу аясы кеңейеді? Қазақ тілі үшін мемлекет не істеп жатыр? Аймақтарда нендей шаруалар атқарылуда? Міне, осы сұрақтардың жауабын білу мақсатымен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановпен сұхбаттасқан едік.

– Алмасбек Әбілқасымұлы, алдымен сұхбат беруге келісіп, уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Мемлекеттік тіл десе жанарында оты бар, аузында айтар даты бар, сөзінде сөнбес хаты бар жалын жүректі әрбір қазақ елең ете қалады. Қазақтай ұлттың айналасында бірнеше жүздеген диаспора топтасқан, бірлігі тірлігіне сеп болған, ынтымақты дүйім жұртқа ұран еткен мемлекетімізде тіл саясаты қалай жүргізіліп жатыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың 1-отырысында: «Ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс», – деген болатын. Тіл саяса­ты – ұлттық саясаттың негізгі бағытының бірі. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамыту. Өзіңіз де білесіз, елімізде мемлекеттік тілді дамыту бағытында көптеген шара атқарылып жатыр. Әрбір аймақта атқарылып жатқан жұмыстың бәріне бірдей тоқталу мүмкін емес. Дегенмен «Емле.kz», «Құжат.kz», «Сөздікқор.kz», «Терминком.kz», «Атау.kz», «Тілмедиа», «Бала тілі», «Тілқұрал» сынды сайттардың жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Сонымен қатар Kaspi.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz, InDrive сияқты мобильді қосымшалардың интерфейсіне мемлекеттік тіл енгізілді. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстандағы ең таны­мал іздеу жүйелерінің бірі 2GIS (Ту ГИС) карталар мен ұйымдар туралы деректерді мемлекеттік тілде ұсына бастады. Мұнымен қоса «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKELODEОN» телеарнасының өзі қазақша көрсетіле бастағанын да атап өткен жөн. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы бірнеше жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Бұдан бөлек түрлі телевизиялық бағдарламалар, газет-журналдардағы арнайы айдарлармен шығып жатқан танымдық-сараптамалық мақалалар сөзімізге дәлел бола алады. Бір ғана «Балапан» арнасының өзі бүлдіршіндеріміздің танымын кеңейтуге, ана тілінде ойлауға септігін тигізуде десек, артық айтқандық емес. Мен сізге бір қызықты айтайын. «Балапан» арнасы Қырғыз елінде де көрсетіледі екен. Көрші елдің депутаттары «Балапанды» көрген балаларының қазақ тілінде сөйлейтінін айтып, мінберден мәселе көтерген болатын. Бұл нені біл­діреді? Қазақстандағы мемлекеттік тілдер саясатының дұрыс жүргізіліп жатқанының айғағы емес пе?!

Тіл мәселесі газеттерде де жиі көтеріледі. Мәселен, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне «Ана тілінен жеріген ата-ана орыс сыныбын көбейтіп отыр», «Қызылжар қазақтары балаларын неге ана тілінде оқыт­қысы келмейді?», «Ана тілі – арым дейтін жастар көп» сынды мақалалар жарияланды. Алдыңғы екі мақала биыл, ал үшіншісі 2020 жылы жарық көрген. Тілге байланысты шыққан дүниелерді жібермей оқып отыруға тырысамын. Журналистер қауымы тігісін жатқызып, талай мәселені көтеріп жатыр ғой. Олардың әрбір мақаласынан тілдің буынсыз болғанымен қылыштан да өткір екенін түсініп келеміз.

Жуырда «Ана тілі» газетіне «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының «Біздің арман – бір тілде сөйлейтін елге айналу» деген мақаласы жарияланды. Ұмытпасам 5 қыркүйек болуы керек. Сол мақалада: «Қазақ тілі дегенде Мемлекет басшысынан бастап қарапайым азаматтардың қай-қайсысының да жеке пікірі, ұстанымы бар. Тілге бей-жай қарайтын адам жоқ. Ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым, Тәуелсіздікпен тең тұратын ең асыл құндылық. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін орта үшін қазақ тілі теңдесіз қастерлі дүние. Тілсіз бізге өмір жоқ», – деген жолдар бар. Мен де осы пікірдегі адаммын. Азаматтық көзқарасым да «тіл бар жерде өмір бар, тіл жоқ жерде өмір жоқ» деген қағидаға саяды.

– Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру үшін облыста не істеліп жатыр?

– Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға биыл облыстық бюджеттен 19 млн теңге бөлініп, бүгінгі таңда үш әлеуметтік жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру», «Қо­ғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзі­рінің лингвистикалық базасын қалыптас­тыру» және кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында «Тіл туралы» Заңның және тілдік нормалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында «Korneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда.

Ас мәзірі жобасы аясында Сыр өңірінен бастау алған ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі атауларының жинағын әзірлеуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің ғалымдары Қызылорда қала­сындағы қоғамдық тамақтану орындарында, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында, Алматы қаласындағы Төрегелді Шарманов атындағы Тағам мә­селелері институтында болып, тағам атау­ларына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінде зерттеу жұмыстарының қорытындысымен ет, сүт, теңіз өнімдерінен, ұн, дәнді дақыл, тағы басқаларынан дайын­далатын тағам атауларының анықтамалығы әзірленіп, жинақталуда.

– Бұл қандай жинақ? Республикалық терминология комиссиясына ұсынылды ма? Анықтамалықты кім пайдаланады?

– Бұл өзі бір ерекше еңбек болғалы тұр.18 бағыт бойынша әзірленген жинақ республикалық терминология комиссия­сын­да арнайы қаралып, бекітілгеннен кейін еліміздің барлық кәсіпкерлеріне қолжетімді әлеуметтік желілер мен интернет ресурстар арқылы таратылады.

Сондай-ақ бүгінге дейін осы жоба аясында облыс ортағындағы 20 тамақтану орнының ас мәзірі мемлекеттік тілге аударылғанын ерекеше атап өткен жөн.

– Сөз арасында «Korneki» жобасы жайлы айтып қалдыңыз. Бұл нендей жоба және қандай пайдасы бар?

– Бұл ең керекті жобаның бірі дер едім. «Korneki» жобасы аясында Қызылорда қаласының орталығындағы 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына мониторинг жұ­мыстары жүргізілуде. Жоба аясында «Körneki» телеграм бот іске қосылып, сілтемесі 100 мыңнан астам жазылушысы бар  5 әлеуметтік желіде жарнама посты жарияланды.

Бүгінде аталған жоба аясында 515 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 142 кемшілік анықталды. Зерделеу нәтижесімен көрнекі ақпараттарында тіл туралы заңнамалардың бұзылуы анықталған кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп, оларға анықталған кемшілікті жою туралы хатпен бірге «Тіл туралы» Заңынан және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінен үзінділер келтірілген әдістемеліктер таратылды. Жоба аясында 124 кәсіпкерлік нысанның жарнамасы мемлекеттік тілге аударылды.Міне, бұл жобаның осындай пайдасы бар.

– Аймақта тілдерді оқыту орталығы бар екенін жақсы білеміз. Осы орталықтың жұмысына тоқталсаңыз…

– Облыстық тілдерді оқыту орталығы арқылы жыл сайын 1000-нан аса адам мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарынан өтуде.Тіл орталығының тіл үйретудегі «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» және «Сөйлеу мәдениеті» атты әдістемелері республикалық деңгейде үздік деп танылып, қолданысқа енгізілді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерумен қатар ұлттық болмысты жандандыру, жас ұрпаққа халқымыздың қанына сіңген құндылықтарын дәріптеу және қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру мен ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желіде «Дәстүрім –діңгегім», «Қазақтың ым-ишарат мәдениеті», «Сөздер сөйлейді», «Оқуға ұсынамыз», «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «КИНО TIME» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны мен мемлекеттік тілді насихаттау бағытындағы «Тілтаным» телебағдарламасы облыстық «Qyzylorda» телеарнасынан көрсетілуде.

Тіл орталығының мамандары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі респуб­ликалық байқауда екі жыл қатарынан бас жүлдені иеленіп, облыстың мерейін арттырды.

– Несін жасырамыз, журналист болған соң «ел не дейді екен?» деп елеңдеп жүреміз. Кейбір нотариустардың құжаттары әлі де орыс тілінде дегенді естігенім бар еді. Осыны толық қазақшаландыруға болмай ма?

– Сұрағыңыз орынды. Нотариустан бө­лек қаржы, құрылыс, тұрғын үй коммунал­дық шаруашылығы салаларында мемлекеттік тілдің қолданылуы бойынша бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, тұрғындар жеке нотариустардан атқарушылық жазбаларды бір ғана орыс тілінде алатындығын жазып, заң талаптарын бұзып отырған нотариустарға шара қолдануды сұрап шағымдануда. Себебін зерттей келе, нотариустарға және жеке сот орындаушыларына банктер мен шағын қаржылық ұйымдардан «азаматтардың қай­тармаған несиелерін өндіріп беру туралы» сұраныс хаттары орыс тілінде келіп түсетіні анықталды. Бұл мәселе Қызылорда облыстық сотында «Қазақ тілін сот саласында қолдану аясын кеңейту жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде де сөз болды. Осыған сәйкес басқарма тарапынан 28 қаржылық ұйымға «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Былтыр «Мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері» тақырыбында өткен пленарлық мәжілісте тіл жанашырларының ұсыныстары негізінде «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң та­лап­тарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша облыс әкімі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Жоспар барлық облыстық басқармалар мен департаменттерге, қала және аудан әкімдіктеріне жолданып, онда салаға қарасты ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Аталған жоспарға сәйкес бірқатар жұ­мыстар атқарылды.

Кәсіпкерлер арасында «Қазақ тілді кәсіпкер» атты 40 сағаттық қысқа мерзімді курстар өткізіліп, кәсіпкерлерге 83 қызмет түрін көрсетіп отырған «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінде және Кәсіпкерлік палатасының алаңында семинарлар ұйымдастырылды.

Нотариустар арасында түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді.

«Қазақ тілі» қоғамының облыстық фи­лиалымен бірлесіп, кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында тіл заңнамаларының сақталуын қамтамасыз ету және қалаішілік қоғамдық көліктерде аялдама атауларының мемлекеттік тілде айтылуы, ұлттық на­қыштағы әндер мен күйлердің берілуі, ішкі көрнекі ақпараттарының талапқа сай болуын қадағалау мақсатында рейдтер ұйым­дастырылды.

Салық төлеушілердің бақылау-касса ма­шиналарын да мемлекеттік тілді пайдалану мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік туралы үш жақты (басқарма, салық департаменті және технологиялар орталығы арасында) меморандумға қол қойылды.

Ата-аналарға балаларын қазақ мектеп­теріне, қазақ балабақшаларына беруін наси­хаттау мақсатында спикерлердің қатысуы­мен жергілікті телеарнаның «Тілтаным» бағ­дар­ламасы арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Жоспар аясында мемлекеттік тілді дамы­ту бағытында белсенділік танытып жүрген және облыс тұрғындарына қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетіп отырған тіл үздіктері «Үздік қазақтілді кәсіпкерлік нысан», «Үздік қазақтілді қаржылық ұйым», «Үздік қазақ­тілді ас мәзірі», «Үздік қазақтілді кәсіпкер», «Үздік қазақтілді нотариус» аталымдармен марапатталды.

– Риясыз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: