Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

07.02.2021

2744 0

Мектеп – білім айдынындағы кеме. Осы кемеде әр адам он бір жыл уақытын өткізеді. Адам баласының өміріндегі ең бір естен кетпес шақ осы мектепте өткізген уақыты болар, сірә! Өміріміздің осы бір сәті бәрімізге ыстық. Үлкен өмірге аяқ басуға асыққан балалар мектебімен қимастықпен қоштасады. Себебі мектеп бізге әрбір әріпті, әрбір санды үйретті. Осы мектепте білім алып, ойымызға тоқығанымыз да аз емес. Алайда мектеп бізге тек қана білім емес, сонымен қатар жақсы мен жаманның ара жігін ажыратуды, алдымызда күтетін үлкен өмірдің қиыншылықтарын жеңе білуді, адамдық қасиеттерді бойымызға сіңіруді үйретті. Қаламыздағы іргелі білім ошағының бірі – №253 орта мектеп. Білім ошағының ұрпақ тәрбиелеп келе жатқанына бүгінде 44 жыл болды.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі
Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Білімді ғана жақсы басшы бола алады

«Ұстаз» деген сөздің адамзаттың даму тарихында  алар орны айрықша. Ал бұл мектепті басқарған әрбір директордың да орны ерекше. 1977 жылы мектепті алғаш Нысанбай Сүлейменов, 1988 жылы Ақжамал Қожаназарова, 1993 жылы Сақташ Жұматаев, 1995 жылы Ишабек Сатаев, 2015 жылы Нүрия Сәдібекова, 2017 жылы Бибіхан Маштаева басқарады. Бұл жылдары мектепті басқарған басшылар білім беру саласында жемісті еңбек еткен. Ал 2017 жылдан бері білім ошағын Зейнулла Тоқтамысов басқарып келеді.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Ұстаздар әулеті

Мұғалімдер әулетінде туып, мұғалім атанбау мүмкін бе? Зейнулла Мырзаханұлы ғұмырының жарты жылын ұстаздық жолға арнаған. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бар білімі мен күш-жігерін ұрпақ қамына жұм­саған ұлағатты ұстаз. Әкесі мен  анасы білім саласында абыройлы еңбек еткен.

Зейнулла Мырзахан шәкірті десе ішер асын жер­ге қоятын нағыз жанашыр тәлімгер.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

– «Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деп бас­талатын осы бір әнді тыңдаған сайын мұғалім мамандығын таңдаған әрбір аяулы жанның қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірі көз алдыңнан кинолента секілді өтіп жатқандай болады. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаз тәрбиесі – өскелең ұрпақ қана емес, барша адам баласының айнасы секілді. Себебі ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі. Бүгінгі мұғалім шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәр­биелеуі керек. Педа­гог – мамандықтардың ішіндегі жан-жақ­ты білім­ділікті, ұлтжан­дылықты, икемділікті, ше­бер­лікті, ерекше шәкірт­жандылықты, мейі­рімді­лікті қажет ететін мамандық. Өз ісіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілік пен ғана биік белестерді бағындыра алады, – дейді №253 орта мектептің директоры.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

4 қабатты мектеп

Бүгінде қала орталығында 4 қабатты мектептер санаулы ғана. Соның бірі біз әңгімелеп отырған білім ошағы. Сыйым­дылығы 1104 орынға арналса, бүгінде оқушы саны 1145. Білім ошағында ауған соғысына қатысқан, «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегерлері Тұржан Монтаев пен Серік Баймаханов оқыған. Бүгінде мұнда жауынгерлердің ерен ерліктерін кейін­гі ұрпаққа үлгі ете отырып мектеп ішінен арнайы музей ашылған.

Сонымен қатар мектепте «Шебер қол­дар» үйірмесі бар. Үйірменің мақсаты ұлттық сәндік-қолданбалы өнер арқылы мектеп оқушыларының кәсіби шеберлігін қалыптастыру. Халқымыз молшылықты – дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, батырды – арыстанға, қыран бүркітке теңеді. Сұлуды – ай мен күнге, хош иісті гүлге, құралайдың лағына, аққудың көркіне, бота мен тұрым­тайдың көзіне, сұқсырдың мойнына, алмаға, қарақатқа теңеді. Әсем­дікті аң-құстан, өсімдіктен, табиғаттан іздеді. Сол сұлулықты ою-өрнекке түсірді, дамытты. Ал №253 мектептің оқушылары бүгінде бұл үйірмеге өздері жасаған ұлттық бұйымдарды жинаған. Мұнда құрақ көрпе, күріштен жасалған әсем картиналар мен қазақтың ою өрнектері бар.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Зейнулла Мырзаханұлы білім ошағының жертөлесін ату алаңына айналдырған. Яғни мұнда оқушылар алғашқы әскери дайындық сабағында автомат шашып-жинаумен қатар тирде атып жаттығады. Оның ішінде оқушы­лар үшін барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Мұнан бөлек мектепте шахмат үйірмесі бар. Онда 50-ден аса бала тақта үстінде текетіреседі. Шахмат баланың ойлау қабілетін артты­рады. Ал мұнда оқушы үзілген емес.

Тағы бір айта кетерлігі мектептің өткен жылы барлық терезесі пластикалық терезеге ауысты. Яғни заманауи үлгідегі терезе. 1-ші және 2-ші қабаттарының ішкі есіктері жаңатартылған. Білім ошағында 30 бейне бақылау камерасы бар. Ол ең алдымен оқушының қауіпсізгі үшін жұмыс жасайды. Сондай-ақ биология, химия кабинеттері де заманауи құрал жабдықтарымен қамтылған. Мектептің түлектері де әрдайым білім ошағына демеушілік жасап тұрады. Солардың бірі  –Мұрат пен Марат Сәрсенбаевтар. Пандемия кезінде мектепке келіп  оқушылар үшін арнайы планшеттер табыс­таған. Тұр­мысы төмен отбасы­ларды үнемі киім-кешекпен, азық-түлікпен қам­тамасыз етіп оты­рады.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Шәкірттер жетістігі

№253 мектеп 2020-2021 оқу жылын барлығы 1145 оқушымен бастады. Бүгінде мұнда 133 мұғалім еңбек етуде. Білім ордасы оқу жылы барысында басқа мек­тептермен ты­ғыз байланыста бо­лып­ өзара мұғалімдердің тә­жірибе ал­масуына жағдай жасауда.

Өткен жылы «Мектепке жол» акциясы аясында 205 балаға әлеуметтік көмек көрсе­тілген. 157 оқушыға ноутбук бе­рілсе, мемлекет тара­пынан қай­та­рымды 102 құрылғы берілген. Демеу­шілер есебінен 55 планшет табысталған.

Өткен жылы қалалық білім беру бө­лімінің ұйымдастырумен өткен «Шеберлік сынып» тәжірибе алмасу семинарында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері  Бағдат Нұрғалиева мен Эльмира Аймағамбетова алғыс хатпен марапатталған.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Мектеп кітапханашысы Бота Сейдах­метова қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Жалпы білім беретін пәндер бойынша пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінің нәтижесі бойынша Майра Бекмурзаева, Нұргүл Абитова, Ақмарал Оймауытова, Нұрқанат Амантаев, Айшолпан Жакешова, Қаракөз Тұрдықұлова, Гүлшат Қанатбаева жүлделі орын алып дипломмен марапатталған.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Қазақ тілі пәні мұғалімі Мейіркүл Ешпанова Білім және Ғылым Ми­нистрлігінің «Құрмет» грамо­тасы­мен марапатталған. Облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен ғы­лыми-әдістемелік жұ­мыстар жөніндегі орынбасары Гүлмира Жұмахметова, оқу ісінің орынбасары Қалтай Оразбеков, кітапханашы Бота Сейдахметова, география пәнінің мұ­ғалімі Шолпан Жолаханова марапатталған.

Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі

Жақсы ұстаз болмаса, жақсы оқушы да болмайды! «Мен ұстаздарды жақсы көрем, өйткені олар – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, оқушы үшін мектеп білімнің тірегі болса, ұстаз — жүрегі. Ал жүрексіз өмір сүру мүмкін емес Яғни ұстазсыз білім алмау мүмкін емес екені белгілі.

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: