Дүйсенбі, 25 қараша, 13:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Әлем мойындаған математик

25.06.2022

1481 0

«Қазақтар математикаға өте бейім» деген сөз барБұл сөз Қазақстан математиктерінің әлемдік дәрежедегі жеткен жетістіктеріне, зор табыстарына айтылған болуы да мүмкін. Қазақ елінің атын шығарып, математик атанған ғалымның біріУәлбай Өмірбаев.

Америка математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уәлбай Өмірбаев Сыр еліне іс-сапармен келді. Математика ғылымында әлемге танылған  ғалыммен Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде  жергілікті БАҚ өкілдері кездесті. Келелі кездесуде Уәлбай Өмірбаевтың ғылым жолындағы ізденісі мен шығармашылығы сөз болды. Ол отандық ғылымның қазіргі жағдайы мен дамуы жайлы өз ойын ортаға салды.

Уәлбай Өмірбаев Нагата есебін шығарған әлем мойындаған математик. Нагата есебі – афиндық алгебралық геометрия саласындағы күрделі проблемалық есептің бірі, 3 өлшемнен тұратын есеп. Жапондық Нагата өзінің күрделі проблемалық есебін 1972 жылы құрастырған екен. Осы есепті шешуге әлемнің қаншама ғалымы тырысады. Алайда ешкім шешімін таппайды. Уәлбай Өмірбаев 10 жыл еңбектеніп, математикалық жұмбақтың шешімін тапқандай болады. Дегенмен бұл шешім әлі де толықтыра түсуді қажет екені белгілі болады. Сондықтан математик дегеніне жету үшін тағы ізденеді. Білім мен ізденістің нәтижесінде Нагата есебінің толық шешімін тапты. Математика әлеміндегі осындай күрделі есептерді шешкен еңбегі үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығын иеленді. Осындай ізденістің, білімнің нәтижесінде шет елдерде дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген. Мәселен, қаншама жыл АҚШ-та тұрып, өзінің білікті математик екенін дәлелдеген ғалым.

Математик «Қазіргі балаларды математикаға қалай қызықтыруға болады?» деген сұраққа былай деп жауап берді.

– Математика бәріміз үшін де мектеп қабырғасынан басталады. Арифметиканың төрт амалын орындауды қалай сенің миыңа құйып береді, бұл математиканың іргетасы, әрі қарай оқып кетесің. Мойындау керек, олимпиадаға қатысып жүрген балалардың барлығы математик болып кетпейді. Бала өзін-өзі дамытып, бүгінгі оқығанын ертеңгі оқығанына қосып, білімін жетілдірсе ғана өседі. Математиканың өзіндік қасиеттері бар. Қазір ғылымның, техниканың саласы көп. Мықты математиктердің дені Қазақстаннан кетті. Себебі бізде ғылыммен айналысатындарға жоғары деңгейде мүмкіндік жасалмайды. Шетелде ғылыммен айналысуға мүмкіндік көп. Сондықтан да көбі шетелге кеткісі келеді. Ал жастарды қызықтыра отырып осы саланы дамыту үшін елінде қызмет етудің ең алғашқы шарты бөлінетін қаржыны көбейту, – дейді белгілі математик.

Сонымен қатар «Қазақстанда математика ғылымы қандай деңгейде?» және «Ғылымға жастар арасында қызығушылық бар ма?» деген секілді сауалдарға жауап берді.

– Қазақстанда ғалымдардың әлеуметтік жағдайы нашар. Сондықтан да қазіргі жастар математика ғылымына барып жатқан жоқ. Себебі ғылымдағы еңбек дұрыс бағаланбайды. Осы мәселеде жүйелі өзгеріс жасалмайынша жастардың бұл салаға мойын бұра қоятын түрі жоқ. Шынын айтқанда математика жеңіл сала емес. Жатпай-тұрмай еңбектенетін сала. Айта кететін мәселе, физика-математика деген мемлекеттің күші. Ал бұл салаға қосылып жатқан жастар жоқ. Сондықтан да мемлекетті күшейтеміз десек, жастарды тарта отырып, осы ғылымдарды күшейту қажет, – дейді ғалым.

«Туған жерден жырақта жүрсіз ғой. Елге оралу жоспарыңызда бар ма?» деген сұрақ та қойылды. Математик-ғалым туған елге қызмет ету әр азаматтың міндеті. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қолдау болса, болашақта туған жері Түркістан облысынан жоғары матемикалық мектеп ашуға ниетті екенін  жеткізді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: