Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 07:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ағарту саласына арналған ғұмыр

02.10.2021

1567 0

Біз бүгінгі күні ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласы тың жаңалыққа толы қоғамда өмір сүрудеміз. Уақыт талабына сай саналы ұрпақ сапалы білім мен тәрбие беру үшін жан-жақты ізденісті, жауапкершілікті талап етеді. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді» деген Ы.Алтынсариннің көрегендікпен айтқан пікірі қазіргі уақытта да маңызды.

Балаларға біліммен бірге тәрбиені де беріп, уақытының көбін елдің болашағына арнаған ұстаз деген ұлы атқа лайық тұлғалар да бар. Соның бірі – Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектепте мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Нала» әңгімелер жинағының авторы Ләззат Алмағамбетова. Кейіпкеріміз мұғалім жолы мен жауап-кершілігін жақсы түсінеді. Себебі ол ұстаздар отбасында дүниеге келген.

– Әкем Арал ауданында білім беру саласының іргесін қалаған жанның бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері, жауын-гердің қызы екенімді әркез мақтан тұтамын. Менің де өмірім ағарту саласындағы еңбегіммен өрілді. Қазір ұстаздық жолда келе жатқаныма 37 жыл болды, – деді Ләззат Алдажарқызы.

Өмірлік тәжірибе мен кәсіби тәжірибе адам баласының бойына терең білімді, ұшқыр ойлылықты, айналасына мейірім мен сыйластық қалыптастырады. «Мектепте әдістемелік бағытты басқаратын болғандықтан жыл сайын мектептің табалдырығын аттаған жас мамандардың ұстаздық мамандықты жақсы көріп кетуі, тәжірибесінің дұрыс қа-лыптасуына қамқорлық көрсету, мүмкіндіктерін аша білуге көмектесу, жалпы ұжыммен жақсы араласып кетуіне оң көзқараспен қарау менің негізгі міндетім. Соңғы жылдары жас мамандар өздерінің креативті ойларымен, ақпараттық технологияға жетістігімен алда келеді. Мектеп үшін бұл – қазіргі қажеттілік. Жаңартылған білім беру мазмұнын игеруде сыни ойлай алатын, сабақты жан-жақты әдіс-тәсілдермен үйлестіре алатын, ақпараттық технологияны мең-герген мамандармен толығуы көңіл қуантады», – деген ойын ортаға салды әңгіме барысында Л.Алмағамбетова.

Әңгімелесу барысында үнемі ізденіс үстіндегі мықты маман иесі екенін байқадық. Сондай-ақ жас мамандарға жол көрсетіп жүреді.

– Мектеп директорының орынбасары мектептегі білім берудің жан-жақты мүмкіндігін дамытатын, оның мониторингін шығарып, дұрыс даму бағытын нұсқаушы. Қала мектептері директорлары орынбасарларының үлкен әдістемелік чаты бар. Осы чат бізде ақпараттық болғанымен жастар тәжірибе жинақтау үшін көптеген ақпаратты бөлісіп отырамыз. Бұл бағыттағы орынбасарлардың көшбасшы болуы шартты. Себебі көшбасшы болудағы алгоритмдер мектептегі әдістемелік жұмыстың дұрыс қойылуының бірден бір параметрі дер едім.

Мектептегі оқыту, әсіресе осы онлайн форматындағы оқытудан кейінгі кезең өзінің ерекшелігімен, қиындығымен келіп отыр. Мектептегі зерттеу сабақтары оқушыларды әзірге тек оқуға шоғырландыру мен белсенділік таныту тақырыптарында жүргізілуде. Бұл дегеніміз, қазіргі белсенді «АЛФА» ұрпақты оқытудағы бірінші қиындық деп түсінуіміз керек. Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінгі күні баланың қабылдауы, яғни «елең ету» процесі 8-ақ секунд екен. Не деген жылдамдық десеңізші. Енді мұғалімнің де осы жылдамдыққа ілесу процесін қарастыру қажет, – дейді ол.

ІЗДЕНІС ТЕ, ИДЕЯ ДА, НӘТИЖЕ ДЕ БАР

Мектептегі білім берудің тірегі де, тіреуіші де мектептегі әдістеме. Сондықтан әдіскер әркез ізденісте, жаңа идеялардың жаршысы болып жүруі керек. Осы мақсатта ол «Facebook» әлеуметтік желісінде мектептегі тәжірибені насихаттау барысында «Мектептегі әдістеме», «Әдістемелік күн», «Әдістемелік сағат» айдарларын жүргізеді.

– Бұл айдарлардың әрқайсысының мақсаты бар. «Мектептегі әдістемеде» өз тәжірибемнен әдістемелік жұмыстардың жүргізілуін насихаттасам, «Әдістемелік күн» айдарында мектептегі әдістемелік күн жұмыстарын насихаттаймын. «Әдістемелік сағатта» әріптестерімнің сабақтағы әдіс-тәсілдерді қолданған тәжірибелерімен бөлісемін. Бұл белсенді ұстаздармен жүзеге асады, – дейді ұстаз.

Сонымен қатар мектептегі әдістеме үлкен тәжірибені қажет етеді. Жас орынбасарларға арнап, көп жылғы тәжірибесін жинақтап былтырғы оқу жылында «Ізденіс. Идея. Нәтиже» атты әдістемелік нұсқаулық жинағын шығарды. Бұл нұсқаулықта мектептің оқу процесіндегі шығармашылық, жаңашылдық, мониторинг жүргізу, сабақ талдау, сабақты зерттеу, оқыту мен оқудағы мүмкіндіктер талдауы берілген.

– Шығармашылық бағыттағы жұмыстарыма тоқталсам, мектептің білім беру процесінде қолданыстағы «Физиканы тұжырымдамалық карта арқылы оқыту» әдістемелік авторлық бағдарламам физика пәнінің мұғалімі М.Кемеловамен бірігіп 2013 жылдан бері мектепте ҰБТ-ға дайындауда апробациядан өтіп, қолданысқа енді. Бірнеше жылдар бойы мектепте қолданбалы курсты осы бағдарламамен дайындап, физика пәні 100% көрсеткішке жетіп отыр.

Ал «100 жыр-жауһар» бағдарламасы да оқушыларды Сыр сүлейлері мен шайырларының маржан сөздерімен сусындату, жаттату мақсатында жасалды. Ұлт өнерін насихаттауда «Ғажайып гобелен» авторлық бағдарламам жарыққа шықпақшы. Бұл бағдарлама оқушыларға станоксіз, жеңіл оңай түрде гобеленді тоқу емес тігу түрлерін үйретуге бағытталып отыр.

Көмек сұраған жас орынбасарларға тәлімгер болудан жалыққан емеспін. Олардың жұмысы арқылы оқушы білімі өлшенеді. Ал білім басты орында тұруы қажет, – деді мамандығына құрметпен қарайтын мұғалім.

ҰСТАЗДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Кейіпкеріміз «адалдық пен адамдықты ұстаз сөзінің алдына қояр едім» дейді.

– Менің бір қағидам бар. «Ұяты бар адамнан жақсы ұстаз шығады» деген. Тәжірибемнен елеп алынған қағида. Өз мамандығына адал ұстаздар болады. Менің ұстаздық ұстанымым – мамандығыма шексіз адалдық таныту. Себебі алдымыздағы бала тек адалдық пен адамдықты сүйеді, сезеді, – деді білікті ұстаз.

Еңбектің еленуін адамға мотивация ретінде қолданылатын нәрсе деп қарайды Ләззат апай. Осы уақытқа дейін ол біраз марапаттың иегері болды. Бірақ ол үшін нағыз марапат – оқушының құрметі. «Егер сені шын ұстаз деп таныса – сол марапаттың төресі. «Бұл Алланың алғысымен бірдей деп түсінемін» дейді Л.Алмағамбетова.

Бір қызығы, кейіпкеріміздің өмірлік жолдасы да мұғалім екен.

– Мейірім мен махаббатқа бөленген, шаттыққа толы өз шағын мемлекетім бар. Әрине, ол – отбасым. Отағасы да ұстаз-дық жолды таңдаған жан. Екеуміз 5 баланың ата-анасымыз, 13-14 немеренің ата-әжесіміз. Ортаншы ұлымыз Аймырза да математика пәнінің мұғалімі. Ұстаздық жолымызды әулетімізде жалғастырушы бар деп есептеймін. Міне, мен соған ризамын, бақыттымын, – деп аяқтады сөзін Ләззат апай.

P.S. Білім саласында үздік тәлімгер, отбасында аяулы ана, әзиз әже атанған, жүзі жылылыққа, жүрегі жұмсақ кейіпкеріміз расында, бақытты жанның қатарында.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: