Бейсенбі, 26 желтоқсан, 15:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ағарту саласының сардары

04.10.2022

759 0

Бұрын үлкен кісілердің «Өмір – деген зулап ұшқан құстай» деп айтқандарын талай естідік. Бала кезімізде оның мән-мағынасы мен астарына ден қоймадық. Оның сырын осы жасамыс жасқа жеткенде ғана барып ұқтық. Осы өмірдің ішінде  шаттық та, өкініш те, реніш те, күрес те, тірес те, жақсылық та, жамандық та, қасірет те, қайғы да, қуаныш та, қысқасын айтқанда, бәрі бар. Өйткені ол – өмір заңдылығы. Осы өмірде өзіндік адами жүрісінен еш жаңылмаған ағалардың бірегейі ұлағатты ұстаз, 40 жылға жуық мектеп директоры қызметін атқарған Ерденбек Мұқанов деген азамат жайында қалам тербегенді жөн көрдік.

Ерденбек аға жуырда сек­сеннің сеңгіріне толды. Сексенге келсе де сыр бермеген серке жасымен құттықтадық. Болмысы бөлек, тумысы еректігі болар, әлі тың екенін көріп қуанып қалдық. Пейілі даладай дархан, көңілі көктемдей жайсаң, кеуде­сі – күмбір қаққан қобыздай шежіреге тұнып тұр. Өмірі өнегеге толы. Ерденбек аға білім саласының нағыз тарланбозы десек болады. Өйткені ол кісі 40 жылға жуық мектеп ди­ректорлығын абыроймен ат­қар­ған білімді, білікті жан. Ол абырой оңайлықпен кел­меген. Өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен  және еңбекқорлғы мен жетістікке жетті.

Сәбилік кезеңі сонау Ұлы Отан соғысының шарпыған жалынымен тұспа-түс келіп, соғыстың кесіренен балдәурен балалық шағын дұрыстап та өткізе алмаған. Ерденбек аға Сұлутөбе ауылдық округіне қа­расты 1 Мамыр елді мекенінде 1942 жылы дүниеге келген. Сол ауылдың іргесіндегі Бірлестік ауылындағы жетіжылдық мек­тептің 1 сыныбының табал­дырығын аттады. Мек­тепте оқып жүргенде өте зерек­тігі­мен, алғырлығымен сыныптас­тарының алды болды. Жеті­жылдықты 1956 жылы жақсы үлгіріммен аяқтап, сол жылдың күзінде Қызылорда қаласындағы №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепке келіп оқуын жалғастырады. Он жылдықты 1959 жылы бітірісімен Тартоғай шаруашылығында есеп-қисап бө­лімінде еңбек жолын бас­тайды.

1961 жылы Қызылорда қала­сындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың фи­ло­логия факультетіне оқуға тү­седі. Оқып жүргенде екі жылдан соң 1963-1966 жылдары Совет армиясы қатарына алынып, мін­детті борышын аман-есен өтеп келеді. Әскерден келісімен сырт­тай оқуға ауысып, өзі алғаш еңбек еткен Тартоғай ауылындағы №153 орта мектебіне мұғалім болып орналасып, ұстаздық жолын бастайды. Тынымсыз еңбегімен, ізденімпаздығымен көзге түскен оны аудандық оқу бөлімінің басшылығы 1970 жылы осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Сеніп тапсырған жұмысқа жастық жалынмен, жігермен құлшына кірісті. Сөй­тіп, оқушылар арасындағы үлгірім мен тәртіп арта түседі. Асқан шыдамдылықпен қиын балалармен жұмыс жасап, олар­ды жақсы оқуға тартып, ортақ тіл табыса біледі. Мектеп ауласының таза тұруын қада­ғалап, оқушыларды ерікті ең­бекке баулып, оларды Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қол көмек көрсетуді ұтымды ұйымдастыра білді. Оқушыларды туған жерді, Отанын сүюге тәрбиеледі. Осылай бір жылдың ішінде ауқымды іс тындырғанын аудандық білім бөлімі зерделей келе іскерлігін байқап, 1971 жыл­дың тамыз айында Ерденбек Бектайұлын №154 сегізжылдық орталау мектепке директор етіп жібереді.

Басшы ретінде сегізжылдық мектептің оқу сапасын артты­руды қолға алады. Аудандық оқу бөлімінің басшылығына тікелей шығып, оқулықтар және көрнекі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағын алға қоя­ды. Оқушыларға кітап же­тіс­пеушілігін жойып, оқу көр­некі құралдарымен әр пән кабинеттерін жаңа үлгіде жа­сақтала бастайды. Жаңадан келген жас басшының серпінді ықпалымен мұғалімдер де жұ­мыстарына жоғары көңіл күймен кіріседі. 1971-72 жылдың оқу жылы аяқталған соң, ау­дан­дық оқу бөлімінің жылдық қо­рытындысы бойынша мектеп оқушыларының үлгірімі артып, алдыңғы қатарға көтеріледі.

Осындай серпінді ісімен көз­ге түскен Ерденбек Мұқановтың іскерлігіне риза болған аудандық оқу бөлімінің басшылығы 1979 жылдың қазан айында Майлы­тоғай ауылдық округіне қа­расты №141 орта мектепке директор етіп тағайындайды. Жас болса да бір мектепті бас­қарып тәжірибе жинақтап қалса да, директорлықтың жүгі бұрынғыдан да ауырлай түскендей. Өйткені сегізжыл­дыққа қарағанда, онжылдықтың ауқымы үлкен, директорға қойы­лар талап та жоғары екенін ұғынды. Алда атқарар міндеттер мен жасалар шаруа жетерлік. Бұрынғыдан да екі есе тынбай жұмыс істеуге тура келеді. Сапалы білім беру мен оқушылардың үлгіріміне баса назар аударды. Мектептің оқу базасын нығайта түсуге барынша күш салды. Он жылдық мектептің жұмысын жолға қоя білді. Уақыт өте келе оқуды еңбекпен ұштастыру бағдарламасы еніп, бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарды.  Жыл озған сайын оқу процесі де жаңара түсті.

1987 жылы осы тынымсыз ең­бектің нәтижелі ісін көзімен көрген сол кезеңдегі облыс басшысы Еркін Әуелбеков мектептің жай-күйін аралап көріп, оның ауласының мұн­таздай екенін байқап, оқушы­лардың үлгірімі мен ерікті еңбекке баулу бағытындағы директордың жұмыстарына риза болады. Сонда ол кісі қасындағыларға тапсырма бере тұрып: «Жарайсың, Ерденбек Бектайұлы! Осы бағытыңнан тайма! Мына жұ­мысыңды облыс аумағындағы мектептерге іс-тәжірибе ретінде таратамыз» деген еді. Кеңестер одағына есімі мәлім, айбатты да, азулы іскер бас­шы Еркін Әуелбековтың ал­дында еңбегін көрсете білу екінің бірінің қолынан кел­месе керек. Бұл Ерденбек аға­мыздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының, білімі мен біліктілігінің  жемісі екендігі анық. Ақыры 1987 жылы аудан бойынша мектепте алғаш рет республикалық семинар өткізіліп, онда мектептің атқарған жұмысы барлық жағынан сараланып, се­минар қорытындысы бойынша директордың атқарған ісіне жо­ғары беріледі. Осылай уақыт бір орында тұрмай алға жылжи берді. Білім ошағының жұмысы күн санап арта түспесе, бір сәт бәсеңсімейтіні белгілі. «Уа­қытты ұтымды пайдалана ала­тын, ұжымды ың-шыңсыз бас­қаратын, өзін де, өзгені де тәрбиелей алатын, алдымен өзгені тыңдай алатын, сосын өзін-өзі сыйлай алатын адам ғана жүйелі басқара алады» деген екен бір данагөй. Ендеше, Ерденбек ағамыз осындай ұстаныммен еңбек еткен жан.

1989 жылдың тамыз айында Сұлутөбе ауылдық ок­ругіне қарасты №41 Ломоносов атын­дағы орта мектепке қайтадан директор етіп тағайындайды. Көп ұзамай сол директорлықтан еңбек демалысына шықты. «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атанды. Білім және ғылым  министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен мара­патталған.

Зейнетке шығысымен Ер­денбек аға қарап отырып қалмай баспасөз саласында еңбек етті. 2011 жылы облыстық «Та­биғат тынысы» газетінде бас редактор болып 5 жыл қызмет атқарады. Содан соң 2015 жылы жаңадан ашылған «Жас қыран» газетіне бас редактор болып, ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қалдырды. Ден­саулығына бай­ла­нысты 2016 жылы газет­тегі редакторлық қыз­метін аяқтайды. Ақпарат сала­сында абыройлы қызмет атқарған Ерденбек Бектайұлы «Сыр медиа» ЖШС шығарған «Сыр журналистикасының та­рихы» атты 5 томдық кітапқа есімі енген. Міне, Ер ағаның еңбегі елге үлгі, өмірі көпке өнеге, жүрген ізі тағылымға толы.

Өмірлік жары  Үрләйім Сәдуақасова ұзақ жыл мек­тепте ұстаз болған, бүгінде зейнеткер. Ардагер ұстаз. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың бәрі жоғары білімді. Әр салада басшылық қызметтер атқарады. Бәрі де үйлі-баранды. Олардан бірнеше немере сүйіп отыр.

Өзі басшылық жасаған мек­тептердің қабырғасынан кезінде талай дарынды шәкірттерді түлетіп ұшырды. Бүгінде олар егемен елдің әр өңірінде еңбек етіп жүр. Ерденбек ағаның алдынан кесіп өткен емес. Сек­сеннің сеңгіріне келген ұс­таздарын естігендері келіп құт­тықтауда.

Ондайда Ерденбек аға айна­ласына масаттана қарай: «Ееее, сексен дегенің осал жас емес екен ғой. Көңіл баяғы қалпы болғанмен, өмір баяғыдай бол­майды екен» деп жылы жымиып қояды.

Бізде ол кісіге бейнеттің зей­нетін көріңіз демекпіз.

Кенжалы Ерімбетов,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: